Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Әлем таныған әсем қала

Сәуір 19 / 2018

 

Астанаға алғаш барғанымда құдды Дубайда жүргендей әсер алғанымды жасыра алмаймын. Аз ғана жылдар ішінде әлемнің ең әдемі қалаларының біріне айналып үлгеріпті. Көптеген қазақ зиялыларының басын қосқан, іскер жастарды бауырына басқан елордаға қарап тұрып, Елбасымыздың ерік-жігеріне, көрегендігіне таң қалдым.

 

Астана өзінің жаңа үлгідегі көркем де биік ғимараттарымен, сәулетті сарайларымен, заманауи құрылыстарымен көз тартады екен. Айталық, Тәуелсіздік алаңы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Бәйтерек, Ханшатыр, ТМД елдерінде теңдесі жоқ опера және балет театры, Есілдің оң және сол жағалауларындағы басқа да толып жатқан сәнді-салтанатты ғимараттар бір-бірімен әсем үйлесіп тұр. Өзінің ерекше сәулетімен, заманауи жаңаша реңкімен тек қазақстандықтарды ғана емес, шетелдік туристердің, тіпті барша әлем жұртшылығының назарын аударатын көркем қала деген ой түйдім.

Қазақ халқы сан ғасырлар бойы тәуелсіз ел болсақ, өз шаңырағымызды тіктесек деп аңсап, армандаған еді. Сол асыл арман, көксеген мұраттарға қол жеткіздік. Тәуба делік, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Қазақстан күннен-күнге қарыштай дамып, зор жетістіктерге қол жеткізуде. Өткен жылы мұнда халықаралық ЭКСПО – 2017 көрмесі дүркіреп өтті. Астана мен үшін болашағы зор, сәулеті асқан арман қала болып қалды. Қазіргі таңда ол өнердің, білім мен мәдениеттің, ғылымның ордасына айналуда. Тәуелсіздігіміздің тірегі, Отанымыздың мақтанышы – Елордамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін!

Назгүл БЕКНАЗАРОВА, Шымкент жоғары медицина колледжінің оқытушысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ