Салқам Жәңгiр ханның ерен жеңiсi: аңыз бен ақиқат

Сәуір 19 / 2018

 

Қазақ тарихында аса ауыр әрі қасіретті кезеңдер аз болмаған. Елдің есінде ерекше сақталып, қазақ батырларының ерлігі аңызға айналған алапат айқастардың бірі – Орбұлақ шайқасы. Елбасы Н.Назарбаев 2008 жылы 15 желтоқсанда Тәуелсіздік мерекесі салтанатында сөйлеген сөзінде «Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарихи маңызды жойқын жеңістер де Азаттықтың ақ туы астында желбіреді...» деп баға берді. Биыл Орбұлақ шайқасының 375 жылдығын бүкіл ел болып атап өтеміз.

 

Орбұлақ шайқасы – 100 жылға созылған Отан соғысында қазақ-қырғыз және Бұқар хандығы қолдары бірігіп, жоңғардың бетін қайтарған алғашқы ірі жеңіс. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ шайқасында жауынгерлік қабілетін айрықша танытты. Орбұлақ – Жәңгірдің өзі іріктеп алған 600 жауынгердің 50 мыңдық жоңғар қолына қарсы екі күн төтеп берген аңызға айналған шайқастың атауы. Әрине, бұл қырғын ақылға сыйымсыз, аңыз-ертегі секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, оқиғаға біржақты қарамай, соғыстың қалай болғанын тарихи тұрғыдан зерделеген жөн.

1635 жылы Батыр Қоңтайшы бытыраңқы ойрат-халха (орыс пен қазақ жазбаларында қалмақ) тайпаларын біртұтас мемлекетке біріктіріп, Жоңғар хандығының негізін қалады. «Жоңғар» атауы Шыңғыс хан жасағының «сол қанаты» деген мағынаны білдіреді. Оны жасақ немесе хандықтың атауы деп түсінген жөн. 1640 жылы жоңғар ақсүйектері қазақ даласына кең жорық жасау мәселесінде құрылтай өткізеді. Шайқас 1643 жылдың жазында Жәңгір сұлтан (шын аты – Жихангер) мен жоңғар қолын басқарған Батыр Қоңтайшы (ойратша – Хото Батор Хонтажы) арасында жүрді. Жәңгір – Есім ханның үш ұлының екіншісі. Үлкен ұлы – Жәнібек сұлтан, екіншісі – Жәңгір хан, ал үшінші ұлы – Сырдақ сұлтан.

1643 жылы көктемде Батыр Қоңтайшы өзі бастап Жетісуға қарай қозғалды. Бұл жөнінде Жоңғарияға арнайы жіберілген Ресей елшілері Г.Ильин мен К.Кучелев жазба дерек қалдырған. Олар 1643 жылдың ақпан айынан сол жылдың күзіне дейін Қоңтайшыны тосып, оның Еміл өзенінің бойында орналасқан ордасында жатқан. Тау қойнауында өткен шайқас туралы мәліметті олар Тобыл (Тобольск – Б.А.) облысының әскербасшысы Р.С.Куракинге былай жеткізеді: «Біз барғанда Қоңтайшы өз ұлысында болған жоқ. Ол 50 мың әскерімен қырғыз (қазақ) ордасының Жәңгір сұлтанымен, Жалаңтөспен және Алатау қырғыздарымен соғысуға кеткен екен... Батыр Қоңтайшы он жарым мыңдай әскерін қырғыздармен (қазақтармен) шайқаста жоғалтып, түтігіп, шаршап-шалдығып күзгі суық түсе келді...» деп жазады. Осы жазба арқылы Қоңтайшының 50 мың жасақпен жорыққа аттанғанын және он мыңдай жауынгерінен айрылғанын білеміз.

Жәңгірдің алғаш рет жоңғарлармен 1635 жылы шайқастардың бірінде жеңіліс тауып, тұтқынға түскені белгілі. Бірнеше жылдан кейін (7 жыл деген дерек бар – Б.А.) төлем төлеп, босап шығады. Осыдан кейін Жәңгір жоңғарлармен бітіспес жауға айналады. Жоңғарлардың қару-жарағы мен соғыс өнерін зерттеп, тәжірибе жинайды. Жәңгір Батыр Қоңтайшы жорығының мерзімі мен жасағының санынан хабардар болғаны анық. Оған дәлел – Батыр Қоңтайшыға қарсы тұратын ыңғайлы жерді сәтті таңдауы. Ол жоңғарларға бөгет жасауды ғана емес, таулы жерді пайдаланып, жауға соққы беруді де ойластырды. Себебі, тар өткелден өту саны тым көп жоңғарларға қолайсыздық туғызатынын білді. Бұл – соғыс өнеріне жетік қолбасшының ғана жасай алатын тактикасы. Жаудың жолын кесу үшін білтелі мылтықты мықты қолдана алатын әрі отұшпа зеңбіректі шебер меңгерген 600 мергенді таңдап алады. Тым тар тау шатқалының арасынан қаздырған үш шақырымға жуық орға (окоп – Б.А.) 300 мергенін қалдырып, өзі қалған әскерімен таудың арғы бетінде тығылып отырады. Жәңгір осылайша қазақ тарихында тұңғыш рет ор қазу әдісін қолдана отырып, саны бірнеше есе көп жауға бетпе-бет тұрған.

Жоңғарлар орға жақындағанда 300 мерген оқты қарша боратса, сұлтанның өзі зеңбіректен атқылап, соққы береді. Шатқалдың тарлығынан жоңғар әскері сан жағынан артықшылығын пайдалана алмай, шұғыл әрекет жасауға мүмкіндіктері болмай қалады. Батыр Қоңтайшы екі рет шабуыл жасағанымен, екеуінде де сәтсіздікке ұшырайды. Екі таудың шыңында (биіктігі шамамен екі жүз метрдей – Б.А.) жасырынған мерген садақшылар мен тасатқыштар оқ жаудырады. Жәңгір Қостоқты батырға жоңғарларды сасықтеке түтініне ұрындыруды бұйырады. Улы сасықтеке гүлінің түтінін тарататын ұсталарды «сүлік» деп атаған. «Сүлік» ұсталар жеке жасақ құрып, жауға шабарда садақтары мен найзаларының ұшын уға малып отырған. Бұл тапсырманы ерекше мерген, найзагер, қылышкер сарбаздарға бөліп беріп, олардың қарудан уланып қалмауын қадағалаған. Шайқаста улы шөптердің түтінін пайдаланғанда желдің қай жақтан соғатынын есептеп, өздері ешкі майына батырылған (ешкі майы уды өткізбей, тоңып қалады екен – Б.А.) матамен тұмшаланған. Улау және бас айналдырып, ұйықтататын «ұйқымалым сірне» әдісін қолдану арқылы жауды есеңгіретіп, күйрете соққы берген.

Осылайша Жәңгір хан жоңғарлармен тау арасында екі күн шайқасады. Үшінші күні жоңғарлар ашық тұстардан жазыққа өтеді. Шайқастың бұлайша өрбитінін Жәңгір алдын-ала болжаған. Шайқас жазық жерге көшкенде Жалаңтөс Баһадүрдің 20 мыңнан астам қолы мен Ағынтай, Көксерек, Бөдес, Қарасай, Жиембет жырау, Сарбұқа, Елтінді, Жақсығұл, қырғыздың Көтен мен Табай бастаған батырлары шамамен 6 мың жауынгермен екі жақтан тұтқиылдан шабуылға шығып, жау шебін екіге бөліп тастайды. Бұл әдіс әскери стратегиялық жағынан сәтті жетістік саналды. Екіге бөлінген негізгі күшке қарсыластары көп көрініп, бойларын үрей билеп, шегінуге мәжбүр болады. Осыдан кейін Батыр Қоңтайшы көпмыңдық қол жинай алмай, 10 жылға жуық уақыт қазақ даласына бас сұға алмады. Бұл ұрыс қазақ батырларының стратегиялық әрі тактикалық жағынан жауды алдын-ала зерттеп, барлап барып соғысқанын көрсетеді.

«Жәңгірге Самарқан биі Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы көмекке келді..» деген кей оқулықтардағы мәліметті талдап көрелік. Жәңгір сұлтан Бұқара ханы Надирмұхаммед ханға көмек беру жөнінде хабар жіберген. Надирмұхаммед хан Жалаңтөс Баһадүрге үлкен ұлы Абдулазизді бас қылып қосып, 20 мыңдық қолды (кей деректерде 23 мың – Б.А.) аттандырған. Жалаңтөс Баһадүр бұл уақытта жасы 67-ге таяған қарт қолбасшы әрі Абдулазизге «ата ұстаз» болатын.

Өзбек және парсы тарихнамасында Жалаңтөс Баһадүрдің тұлғасы кеңінен көрініс тапқан. Оларда Жалаңтөс Баһадүрді Бұхара хандарына, әсіресе Имамқұли ханға қызмет еткен даңқты қолбасшы, Самарқан қаласын гүлдендірген, атақты Регистанды, сондай-ақ Шердор, Тилля Қори медреселерін салдыртқан саяси қайраткер ретінде көрсетеді. Әкесі де, өзі де тарихат жолындағы діндар болған. Жалаңтөс Баһадүр Бұқар хандығының әскерін бастап 1612 жылы Есім хан жасағымен шайқасып, Ташкент пен Түркістанды басып алған. 1621 жылы өзін Ташкент ханымын деп жариялаған Тұрсынмен соғысып, бейбіт бітімге келеді. 1636 жылы Сайрам, Түркістан және ары қарай Сыр өңірін Бұқара хандығының иелігіне қайта қаратады. Жоңғарлар 1640 жылы Жетісуға кіргенде Жалаңтөс Баһадүр 30 мыңдық қолымен келіп, жаудың бетін қайтарған. Оның 1643 жылғы Қоңтайшыға қарсы шайқастағы кезекті жорығында әскери стратегиялық жағынан Жәңгірмен кеңесті деуге негіз бар.

Кезінде Тәуекел мен Есім хандар Ташкент пен Сырдария өңірі үшін Бұқара хандығымен талай шайқасты. Бұқара хандығымен болған шайқастың бірінде Тәуекел хан жараланып, Ташкентте қайтыс болған. Есім ханның қазасынан кейін қазақ хандығында уақытша бытыраңқылық жағдай орын алды. Оған дәлел – Орбұлақ шайқасы қарсаңында қазақ жасақтарының басын құрап, жауға жұмылдыру өте қиын болғандығы.

1611-1642 жылдары Бұқара тағында отырған атақты Имамқұли хан және ол қайтыс болғаннан кейін оның інісі Надирмұхаммед ханмен (1642-1645 жж. билік құрған) Жәңгір туыстық қатынас орнатқан. Кезінде Есім ханның бір қызы Имамқұли ханға ұзатылса, кейін келе төре әулеттері арасындағы туыстық байланыстар одан әрі жалғасын тауып, Орбұлақ шайқасындағы жеңістен кейін Жәңгір хан қызын Надирмұхаммед ханның ұлы Абдулазиз сұлтанға ұзатқан. Жалпы, хандардың көрші ел ханына, не ұлына қыз беру немесе қыз алу үрдісі оның сыртқы саясатындағы зор жетістігі саналған. Осылайша хандықтар арасында уақытша болса да бейбітшілік қатынас орнаған. Жәңгір хан жоңғар Хұндүлен тайшының қызын алып, одан атақты Тәуке хан туған.

1645 жылы Бұқара хандығы тағынан озбыр Нармұхаммед аластатылып, орнына күйеубаласы Абдулазиздің отырғанын Жәңгірдің сыртқы саясатындағы ірі жеңісі деп қараймыз. Сонымен қатар Жәңгір 1646 жылы Абдулазиз ханға Бұқара және қазақ хандығының әскер басыларының бірігіп Үндістан билеушісі Шах-Жаханға қарсы жорық ұйымдастыру жөнінде Ташкентте құрылтай өткізуге көмектеседі. Абдулазиз хан 1680 жылға дейін үздіксіз билік етті. Осы кезеңде Салқам Жәңгірдің Ташкент пен Сыр өңіріне толыққанды билігі орнайды. Тіпті, баласы Тәуке хан Ташкенттің оңтүстік-батысындағы Ангрен өзені жағасындағы Күлтөбеге өз ставкасын көшіріп, бірнеше жыл билік жүргізген.

Қазақтардың білтелі мылтық пен отұшпа зеңбіректі игерген уақыты Есім хан мен Салқам Жәңгір билігі кезеңіне тура келеді. Қазақтар жауларынан қалыспай, соғыс қаруын жасай алған. Шойын балқытып, ұңғылы, білтелі мылтықтар жасап, отұшпа зеңбіректер соққан «бармақ» ұсталар Тараз, Шымкент, Сайрам қалаларында, Түркістан айналасында, Текелі қаласында өмір сүргені тарихтан мәлім. Осы жерде мән беретін жәйт, ХVІІ ғасырды айтпай-ақ қоялық, ал, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген тұлғаларымызға қойылған ескерткіштерде басына дулыға, үстіне сауыт кигізіп, қолына қалқан, найза немесе шоқпар ұстатуды әдетке айналдырып жібергендейміз. Бұл оқты қарумен қаруланған жауға қарсы олар шоқпармен соғысқан дегенді білдірмей ме?! Сәулетшілеріміз алдағы уақытта осы жағына көбірек мән берсе дұрыс болар еді.

Жазушы Б.Нұржекеев және кейбір жетісулық өлкетанушылар Салқам Жәңгірдің зираты Орбұлақ өзені бойында дейді. Біздіңше оның қабірі Түркістандағы «Әзірет сұлтан» пантеонында болуы керек. Салқам Жәңгірдің қайтыс болған жылы оқулықтарда 1653 жыл деп көрсетілген. 1653 жылдан 1680 жылға дейін Қазақ хандығында кімнің хан болғандығы анықталмаған жәйт. Хронологиялық тұрғыдан қарасақ осы уақыт аралығында хандық билікте Жәңгірдің өзі отыруы мүмкін деп жорамалдаймыз. 1652 жылы Батыр Қоңтайшы Жәңгірден кек қайтару үшін оны ұлы Галдаммен (Қалдан – Б.А) жекпе-жекке шақырған. Осы жекпе-жекте ол сал болып қалып, 1680 жылға дейін Түркістанда отырып хандықты басқарған деп пайымдаймыз.

1993 жылы 3 шілдеде Алматы облысы Панфилов ауданындағы Белжайлау алабында Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңістің 350 жылдығы тойланды. Шайқас Орбұлақта өткендіктен бұл оқиға Орбұлақ шайқасы аталып, гранит тастан белгі қойылды.

Бахадыр АЙТАЙ, ОҚМПУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ