Экономика 0 пікір 1231 лайк

Ауылда қарекет бар

Сәуір 19 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Қараспан – Ордабасы ауданының шалғайда орналасқан ауылдарының бірі. Бір кездері мұндағы селекциялық стансаның аты дүркіреп шыққан-ды. Мақтаның әр гектарынан 45-50 центнерге дейін өнім алған кездер болған. Бүгінде мұндағы 14 елді мекенде 15 мыңға жуық тұрғын нәпақасын негізінен егін және мал шаруашылығынан тауып отыр. Басым бөлігі бақша өнімдерін, яғни қауын-қарбыз егуді қолға алған. 4644 гектар суармалы жерге жоңышқа, жүгері, картоп, арагідік күнбағыс өсіретіндер де бар.

 

«Соңғы жылдары ауылымызда жылыжай шаруашылығы кеңейіп келеді. Әсіресе, үйіргелік жылыжайдың қатары жылдан-жылға артуда. Мәселен, Көлтоған ауылы тұрғындарының 80 пайызы, төреарықтықтардың 40 пайызға жуығы жылыжай салып, егін егіп отыр. Қараспан ауылында да он шақты үй осы кәсіппен айналысуға ден қойған» дейді Караспан ауыл округі әкімінің орынбасары Барат Әбдікәрім.

Ауыл тұрғыны Жеңіс Ысқақовтың ауласындағы 15 соттық жерге жылыжай салғанына бар-жоғы екі апта болыпты. Бүгінде еккен қияры түйіндеп тұр. Көшетті өздері дайындаған. Жылыжай салуға өз қалтасынан 4 млн. теңге жұмсаған. Бұйыртса, 3 айдан соң өнім аламыз деп отыр.

Қараспандықтар көктемгі егіске қызу кіріскен. Шаруа қожалықтары өздеріне тиесілі жерлерін жыртқызып қойыпты. Егіс алқабының көрінісі әдемі, қолмен сызып қойғандай дерсіз.

«Али» шаруа қожалығын құрған ағайынды Үсеновтер 3,22 гектар алқапқа қарбыз егуді бастап кеткен. «Көктемнің бір күні жылға азық» деген сөз осындайда айтылса керек. Егіс алқабында жүрген шаруалардың жұмысқа деген ынтасын сіркіреп басталған жаңбыр да бәсеңдетер емес. Қожалық төрағасы Әділ Үсенов бұл кәсіпті 2000 жылы бастағанын айтады. Өзіне тиесілі 2 гектар жерді жыртқызып, егіс егу үшін 700 мың теңгеге жуық қаржы жұмсапты. Ол еккен қарбыздың сұрпы 85 күнде піседі. Өз есебі бойынша маусым айының басында Ресейге қарай алғашқы өнімдерін жөнелте бастайды. Жұмыссыз жүрген ауыл жастарына күндігіне 1500-1800 теңге көлемінде еңбекақы төлеп, егіс науқанына көмекке шақырыпты. Отбасылық кәсіп болған соң алқапта Әділдің жұбайы мен бала-шағасы да жүр. Самаурын екі иығынан дем алып, отта қазан қайнап жатыр.

Иә, көктемнің күні туып, диқан қауымы шаруаға кіріскен шақ қой бұл. Мына көрініске қарап қараспандықтардың барлығы дерлік егін басында жүр дерсіз...

Мұнда жекеменшікте мал ұстап, мал тұқымын асылдандырып жатқандар да бар. Ағайынды Әлсерік, Жансерік, Нұрсерік Күдірелер иелігіндегі 1200 қойды асыл тұқымды шаруашылыққа айналдыру үстінде. Одан бөлек, 150-дей жылқыны бордақыға байлайды. Оншақты сауын сиыр малшы ауылдың ағарғанын айырып тұр. «Біздің мақсат – мал басын көбейту. Енді қойды асылдандыру ісін бастадық» дейді Жансерік Күдіре бізбен әңгімесінде. Он адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық ауылда өтетін мәдени шараларға демеушілік жасап, тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіп тұрады.

Міне, қараспандықтардың қазіргі тіршілігі осындай. Ел тоқ, ауыл тыныш. Ең бастысы, қарекет бар.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ