Талай таланттың томағасын сыпырған

Сәуір 19 / 2018

 

Ұлы Шәмші Қалдаяқовтың, тамаша композитор Мыңжасар Маңғытаевтардың ізі қалған киелі Отырар өлкесінде 1973 жылы 16 тамызда сол кездегі Қызылқұм аудандық атқару комитетінің шешімімен балалар саз мектебі ашылған болатын. Аталмыш мектептің алғашқы директоры болып Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледждің түлегі Гүлнәр Қасымбекова тағайындалды. Ол жылдары жағдай қазіргідей емес, барлығы 30 оқушыға 3 қана мұғалім сабақ беретін.

 

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, осынау саз мектебінде әр жылдары аянбай қызмет еткен марқұм Жақсылық Әбуов, Алтынбике Байжановалардың әрқайсысы ондаған талантты тәрбиелеп шығарды.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы өнер институтының үздік түлегі Арысбек Әбзадаұлы Мақұлбеков. Ол еңбек жолын аудандағы саз мектебінің қарапайым мұғалімдігінен бастап еді. Ең бастысы, сан түрлі музыкаға деген таланты мен бейімі, табиғи дарыны жас ұстазды көп ұзамай-ақ өнер биіктерінен көрсете бастады. Ол баян, гармонь, домбыра, қобыз, фортепиано сынды аспаптарды құйқылжыта тартқанда таңдана қол соқпайтын адам жоқ десек болады. Салалы саусақтары көз ілеспес жылдамдықпен пернелерді қуалай жүгіріп, тәтті де дәмді, көңіл тербетер иірімдерді дөп басқанда кез келген жанды толқытпай қоймайды.

А.Мақұлбеков 2006 жылы аудандық балалар саз мектебіне басшылық жұмысқа келе сала жұмысты жаңа қырынан, әлбетте, жақсы жағынан дөңгелетіп әкетті. Сол жылы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары деген штат ашылып, оған білікті де білімді ұстаз, осы мектепте көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Гүлсара Мүспенованың тағайындалуы да сәтті таңдаудың бірі болды.

Ол басшылық еткен жылдар ішінде аталмыш мектептегі 106 оқушыға домбыра, қобыз, баян, фортепиано, терме сыныптары бойынша 15 ұстаз дәріс беріп, аудандық музыка мектебінің даңқы облыс, республикаға кеңінен танылды. Шымкентте өткен «Болашақ жұлдыздар» байқауына Н.Сүннәтіллаевтың жетекшілігімен қатысқан оқушылар ансамблі бас жүлдені иеленсе, 2014 жылы Стамбұл қаласында өткен халықаралық «Жұлдызды талант» байқауында күміс көмей, жезтаңдай жас әнші Сансызбай Сымбат Гран-приді жеңіп алып, аудан, облыс, тіпті, республика даңқын аспандатты. Бір айта кетерлігі, осы жас әншінің барып-қайтуына қажетті қаражатты демеушілер арқылы тауып берген де Арысбек Әбзадаұлы болатын. Тарих қойнауына кеткен 2015 жыл да жемісті болды деп айта аламыз.

Бұдан кейін де аталған өнер ордасының домбырашы ұстаздары Гүлжан Мұратова, Гүлзинат Тұрмаханбетова, Нұрымбет Сүннәтіллаев, Мұхамеджан Ермұратов облыстық, республикалық сайыстардан жүлделі оралып, мектеп абыройын аспандатты.

Иә, «елу жылда ел жаңа» дейміз, уақыт керуеніне көз тастай отырып, 2017 жылдың ақпанында аудан әкімінің қаулысы бойынша Отырар саз мектебі «Отырар өнер және саз мектебі» болып қайта құрылған болатын. Міне, сол мектептің қазақ өнер әлеміне небір таланттарды сыйлағанына да биыл 45 жыл толыпты.

Сондай-ақ, елге танымал азаматтар түлеп ұшқан саз мектебінің директоры Арысбек Мақұлбеков те абыройлы 65 жасқа толыпты. «Бейбітшілік әлемі», «Ыбырай Алтынсарин» медалінің, облыстық, республикалық көптеген марапаттардың иесі, «отырарлық маэстро» атанған Арекең өмірлік жары, осы мектепті 8 жыл басқарған Алтынбике Байжанова екеуі 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ішінде әке жолын қуғандары да бар.

Өнер адамына «шығармашылық сапарында қанатыңыз талмасын!» деген тілек айтқымыз келеді.

Әбдімәлік БЕЛГІБАЙ, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ