Кiл мықтылар күресетiн

Сәуір 19 / 2018

 

Қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін өтетін дәстүрлі турнирде уақтысында мен де бақ сынаған едім. Осы турнирде бірнеше мәрте чемпион атанып, «Түйе балуан» атағын да жеңіп алдым. Мен қатысқан кезде «Түйе балуан» атанғандарға қазіргідей автокөлік берілмейтін. Бас бәйгеге теледидар секілді техникалық бұйымдар тігілетін. Қазіргі жарыстарды сырттай бақылап жүремін. Басты атақты жеңіп алған палуанға автокөліктің тігілуі турнирдің бәсін бұрынғыдан бетер қыздырса керек.

 

Облыстағы қарашаңырақ басылым «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бұл игі шарасы көпке өнеге боларлық іс. Осы уақытқа дейін ұлттық спортқа дәл осындай дәрежеде жанашырлық танытып жүрген өзге газет-журналдың барын естімеген екенмін.

Бұл жарысқа республикалық, халықаралық турнирлерде күресіп жүрген балуандар қатысты. Жарыс сонысымен де қызықты әрі тартысты өтетін. Күрес тамашалауға келген жұртшылық кімнің чемпион боларын тап басып айта алмайтын. Нақты фаворит жоқтың қасы еді. Кілең сайдың тасындай іріктелген балуандар. Бұл жарыстың жоғары дәрежеде өтетіндігінен хабар берсе керек.

Төрешілер тарапынан да өрескел қателіктер мен сорақы бұра тартушылықтардың орын алғанын байқамадым. Мен танитын балуандар осы жарысқа ерекше дайындалатын. «Шын мықтыға тұсау жоқ» демекші, көп балуан қажырлы еңбек пен шын таланттың арқасында жеңіп шықты. Тіпті, осы жарыста алғаш рет боз кілемге шығып, жұлдызы жанып кеткендер де болды. Демек, бұл турнир ұлттық спортты халық арасында кеңінен насихаттап, жас балуандарды жарыққа шығарып, өз мақсатын ойдағыдай орындап келеді.

Дархан ТӨРӘДІЛҰЛЫ, Түркістан қалалық жекпе-жек түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ