Бибіайша ӨТЕПОВА: «Ұлттық батырларымыз бен билерімізді түгендеп, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрпымызды жаңғыртты»

Сәуір 17 / 2018

 

         Қазақ ұлттық гобелен өнерінің кәсіпқой шебері, халықаралық, бүкілодақтық, республикалық көрмелер мен байқаулардың лауреаты Батырбек Өтептің зайыбы Бибіайша Өтепованы «Жақсының жары» айдары аясында арнайы сыр-сұхбатқа шақырдық.

 

 

 – Бибіайша апай, қандай отбасында тәрбиелендіңіз? Өмірлік жарыңызды шығармашылық жұмысында қолтығынан демеп, гобелен өнерін еш қиналмай игеріп кетуіңіздің құпиясы неде?   

          – Анам Болған Шаян өңіріне белгілі кілемші әрі аздап ақындығы бар кісі еді.  Әкем екеуі дастарқан басында өлеңмен айтысып отыратын. Еңбек Қызыл Ту орденді әкем Келдібек Игіліков озат шопан болған. 1961 жылы жазушы Мұхтар Әуезов Оңтүстікке іссапары кезінде Түркістаннан қайтып келе жатып үйімізде қонақ болғаны жайында жазушы Еркінбек Тұрысов «Темірлан» романында жазған. Алғабас ауданына қарасты  Жиенқұмдағы  Дерменесайда әйгілі жазушының құрметіне аппақ киіз үйлер тігілді. Ұлан-асыр тойда әкем ұлы Ұласбекке шопан таяғын аманаттап тапсырды. Отбасында үш ұл, екі қыз едік. Анам үш ағамның да еншісін бермей тұрып, алдымен келіндерін жеке өмірге даярлады. Үшеуіне ұршық иіртіп, текемет бастыртты, кілем тоқытты. Әкем менің үй шаруасына араласқанымды қаламаса да, жеңгелерімнің қасынан қалмай жүріп, қолөнерді бір кісідей үйреніп алдым.

           Шымкент қаласында Батырбекпен көрші тұрдық. Мені алдымен оның анасы ұнатты. Жазда Украинаның Львов қаласынан жоғары оқу орнын бітіріп келгенінде таныстық. Мен пединститутта тарих факультетінің  3-курсында оқитынмын. Сол 1971 жылы отбасын құрдық.  Батыр пединституттың сызу факультетінде композициядан сабақ берді. Қайын енем өте ақылды, жаны жайсаң кісі. Сөздің ақырын бағып, алдымен жұртты тыңдап алып, өз ойын соңынан білдіретін. Біреудің сыртынан әңгіме айтпайтын. Батырдың да мінезі анасына ұқсаған.

           – Жолдасыңыздың шығармашылыққа бет бұруы қай кезден басталды?   

           – Оны пединституттағы бірсыдырғы қызметі шаршатты. «Львовта жүргенде осыдан елге барсам ғажап дүниелер жасаймын деп армандаған едім, әлі күнге тіршілік бұғауынан босай алмай жүрмін» деп өз-өзіне көңілі толмайтын. Ойында жүрген мың-сан идеяларын қағаз бетіне түсіре алмай арпалысты. Бар арманы – жұмысты жиыстырып қойып, тек шығармашылықпен айналысу. Сырлас досы, Алғабас аудандық комсомол комитетінің хатшысы Қарашаш Есенбекова Батырдың қиналғанын көріп, Шаянға көшіріп алып, бар жағдайын жасады. Күнделікті шаруашылықты реттеуге комсомол жастарды жұмылдырып, шығармашылығымен алаңсыз айналысуына мүмкіндік туғызды. Арасында Пионерлер үйінен ашқан қолөнер үйірмесінде шәкірт тәрбиеледі. «Той», үш бөлімнен тұратын «Түркі дастаны», «Қандасым – бауырласым», «Шеберлер», «Ән қанатында», «Шілде», «Маусым», «Өркен» секілді елуге жуық туындысының экспозициясы Шаянда өткізген екі жылда жазылды. Сол жылдары облыста Рыстаев, Талқанбаев, Нұрбеков және Батырдың сурет көрмесі ұйымдастырылды. Батыр мен Рыстаевтың көрмесі Алматы мен Мәскеу қалаларына жолдама алды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 1974 жылдың соңында КСРО Суретшілер Одағының мүшесі атанды. Түнде қоңырау шалып мүшелік билетін алғанын, поезға шыққалы тұрғанын хабарлаған. Ол кезде жатақханада тұрушы едік. Қуанғанымнан таксилетіп қара шаңыраққа жетіп, атам мен апамнан сүйінші сұрадым. Түнделетіп жүргенімді жақтырмаған атам  «Ертең күндіз келіп айтсаң да болмай ма? Балаларды қайда қалдырдың?» деді. Сол хабарды ертеңіне де айтуға болады екен ғой деп кеш ойландым. Батекеңнің шығармашылық жетістіктерге жетуіне Қарашаш Есенбекованың қосқан үлесі өлшеусіз болды.

         «Батырлар эпосы» туындысын бастайтын кезінде үлкен толғанысты басынан кешіріп, жан азабына түсті. Бір жолы түнде қатты қиналып,  қара терге малшынғанын көріп, оятып жібердім. Ертеңіне себебін сұрағанымда «Түсімде Түркістандағы Ясауи баба кесенесінде жүр екенмін. Қылқаламымды баба табытының үстіне түсіріп алып, соны қайта ала алмай қиналдым» деді. Сөйтті де «Енді уақытты текке өткізбей, жұмысымды бастайын, үлгере алмай қалмайын» деді. Әрбір туындысы  жанын жегідей жеген азаппен жазылатын. Оны айтасыз, гобелен тоқуға кірісуінің өзі қиынның қиыны болды. Станогы жоқ, қаражат тапшы, аяқ басқан сайын кедергі кездеседі. Станокты күтпей-ақ,  апаларымыздың алаша тоқитын әдісімен өрмек құрып, алғашқы гобеленін бастады. Жіпті бояу тәсілін меңгеріп алған соң сызып берген экспозициясына қарап гобелен тоқуды қолға алдым. Ешкім кедергі жасамайды деп, түнде жұмыс істегенді ұнататын. Львовта бірге оқыған  досы Құрасбек Тыныбеков Алматыда, ал Батыр Оңтүстікте гобелен өнерінің іргетасын осылайша қалады.

           – Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет училищесінің ашылуына Батырбек аға ықпал еткен деп естіген едік?

           – Өткен ғасырдың 70-жылдары Қазақстандағы жалғыз көркемсурет училищесі тек Алматыда болатын. Сол себепті  Өнер институтында істейтін Саламат деген оқытушымен бірге Шымкент қаласынан көркемсурет училищесін ашу жолында көп еңбектенді. Алматыға министрлікке барып, іздену үшін де көп қаражат керек болды. Сурет салуым үшін бояулар аламын деп, әкесіне өгізшесінің бірін саттырып, қаржысын осы игілікті іске жұмсады. Сәті түсіп, 1974 жылдың мамырында училище құрылғанымен, онда бутафор, гримдеуші, жарық беруші секілді мамандар даярланды.  Қолөнер саласына қажетті мамандар даярлайтын бөлімдер аштыру үшін тиісті мекемелердің есігін тоздырды. Кей басшылардан қысым көргендіктен ең соңында қасында Амангелді Тұрсынов қана қалған. Батыр армандаған мамандықтар бертінде Нұрлан Шилібаев басқарған тұста ашылды. Осы іске белсене кіріскендер  ұлттық қолөнердің ұмытылып бара жатқанына қатты алаңдап, қазақ елінің ертеңін ойлаған азаматтар еді. 

         – Тоталитарлық заманда салынса да ол кісінің туындыларында қазақ халқының арман-мұраты, ұлттық нақыш, рухани мұра көрініс тапқан. Кеңес өкіметінің саясатын насихаттаған бірде-бір жұмысы жоқ. Егер осы шығармалар бүгінгі таңда дүниеге келсе ешкім таңқалмас еді. Өйткені егемендік алып, тәуелсіз мемлекет атандық. Ал, сол бір қыспағы көп, тар заманда осындай туындылар жазуына не түрткі болды екен?

       – Өзі о баста ұлтжанды, намысқой болатын. Оған  Украинада оқып келгені, сол ортада көріп, көңіліне түйгендерінің ықпал-әсері мол болған сияқты. Украиндар өте ұлтшыл халық, орысша сөйлеген орыстарды  иығынан қағып, автобустан түсіріп жібереді екен. Облыстық суретшілер одағында көркемдік кеңестің мүшесі болғанында теміржол бойына ілінетін баннерлердің жобасын мақұлдамай, суретшілерді біраз әуреледі. Жобаны жасаған өзге ұлт өкілдеріне: «Пойызжолдың бойынан өтіп жатқан  жолаушылар Шымкент қазақтың қаласы екенін сезінуі тиіс. Тым болмаса туындыға қазақтың қошқар мүйіз оюын неге қоспайсыңдар?» дейді екен. Жамбыл қаласына барғанында Құрманғазы атындағы оркестрдің орындауындағы қазақ күйлерінің антологиясын сатып алыпты. Әсіресе, жаңа дүниесін жазатын кезде таспадан Құрманғазының күйлерін тыңдап, ойға шомып отыратын. Кей-кейде көзіне жас алып «Қазақ елінің терезесі қашан өзгелермен теңесер екен? Халқымыздың бағы қашан жанады, орыстың бодауынан қашан құтыламыз?» деп күрсінетін. «Не үшін бұлай күрсіне береді, ел тыныш, мамыражай заман емес пе?» деп, оның сол сәттегі халін түсіне бермейтінмін. Ара-тұра өзі де отыра қалып домбыра шертетін.

        Шамасы 1978 жыл болуы керек, ұлттық нақыштағы туындыларын Қазақстан Суретшілер Одағының кезекті съезіне орай  Алматыда өткен көрмеге  апарған. Түнгі сағат 10-ның кезінде республикалық көркемсурет училищесінің директоры Ақырап аға Жұбанов (Ахмет Жұбановтың інісі) қонақүйге телефон соғып, «сағат 11.30-ға Шымкентке ұшаққа тапсырыс беріп қойдым, шұғыл қайтып кетіңдер, мәнісін кейін түсіндіремін» деді. Көрмедегі туындыларды асығыс жинап, кері оралдық. Кейіннен Ақырап аға Батырдың картиналарына «үш әріп» қызметкерлерінің қатты шүйліккенін, сақ болу керектігін ескертті. Жанашыр ағаның арқасында туралап келген бір қатерден осылай аман қалған.

         1969 жылы қолға алған «Той» атты туындысын кешегі кеңес заманында  жасады дегенге тіпті сенгің келмейді. Қазір ойланып қарасам сол кездің өзінде-ақ ол Қазақстанның тәуелсіздік алатынына, болашағының баянды болатынына сенген екен. Батырдың елу жылдық мерейтойында суретші Насыр Рүстемов: «Қазақтың үш биін тұңғыш рет Батырбек бейнеледі. Ол тұста Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді қазақтың үш биінің суретін салу біздің ойымызға кіріп те шықпаған. Қазақтың билері мен батырларын алғаш түгендеген Батырбек Өтепов» деді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы  Асанбай Асқаров «Той» гобеленін көріп таң қалып «Халқымыздың тарихын жақсы білетін ойшыл суреткер екен» депті. Ал, Халипа Алтай «Кеңестер Одағы кезінде осындай туындылар жасаған Батырбек жүректі жігіт екен» деп баға берген. 1986 жылы денсаулығы кәдімгідей сыр беріп жүргеніне қарамастан жұмысын тоқтатпады. Сол жылы қазақтың байрағын аспан түстес көк бояумен бейнелеп, бетіне қыранның суретін салыпты. Блокнотынан осы сызбаны кейіннен көргенімде Қазақстанның туының қандай болатынын алдын-ала сезіп білген көріпкелдігіне таң қалдым.

          – Батырбек ағаның  шығармашылығының ғұмырлы болуына бүкіл өміріңізді арнап келесіз. Ел-жұртыңыз өзіңізге риза, Бибіайша апай!

          – ...Үйлену тойымыздан соң достарымызды шығарып салып тұрып өзінің қырық бес жыл ғана өмір сүретінін айтты. Сонда құрбым «қуаныш үстінде жаман сөз айтқаның не?» деп оған ұрысты. Өмірінің қамшының сабындай қысқа болатынын білді ме, әлде сол жолғы айтқан лебізіне періштелер әумин деді ме екен, кім білсін... Белгілі суретші Ғани Иляев Батырға 6-сыныпта оқып жүргенінен бастап ұстаздық еткен. Ағайдың өмірден өткеніне бір жыл болған кез еді. Батырдың науқастанып жатқанынан хабардар Ажар апай халін сұрауға келді. Оның соңғы минуттары қалғанын сезіп маған «ризалығыңды айтып, қоштасып қал» деді. Өмірлік жарымды өлімге қиып, қоштасу сөзін қалай айта аламын?.. Жүрегім бір сәт тоқтап қалғандай сезіндім. Сол сәт Батыр «Бибіайша, саған екі ұлым мен барлық шығармашылығым аманат. Аманат...» деп соңғы сөзін айтты да, көз алдымда үзіліп кетті. Бұл 1992 жылдың 3 сәуірі болатын. Өзі айтқандай 45 жасында өмірден озды...

      1972 жылдан бастап туындыларын тоқуды қолға алдым. Бар өмірімді Батырдың шығармашылығына арнадым. Көзі тірісінде он гобелені  ғана тоқылған. Ол кеткен соң 46 жұмысын дайын эскиз бойынша тоқыдым. «Отбасы», «Әуен», «Бие сауу» атты алғашқы гобелендері мен «Шілде» атты текеметі бүгінде Әбілхан Қастеев атындағы музейде тұр.

        Үйлену тойымыздан кейін «Түркі эпосы» деген туындысының сызбасын  іздеп, әбден әуре болды. Әкесінің «Ол қымбат қағаз ба еді?» деген сұрағына «Көке, бұл туындының қаржысына он үй сатып алуға болады» деп жауап қайтарды. Сөйтсек апамыз ол қағазды «аяқасты болмасын» деп сандығына салып қойған екен. Өзі өмірден өткен соң әлгі жұмыс Президент резиденциясына алынып, құнына шынында да үлкен үй сатып алдық.

          – Елбасы ол кісінің ұлттық рухпен суғарылған, қазақы құндылықтарды дәріптеген туындылары жайында алдын-ала хабардар болған екен ғой?

          – Негізі еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана ұлттық мәселелерге мән беріле бастады емес пе. Ал, Батыр кеңес дәуірінде-ақ шығармашылығында ұлттық батырларымыз бен билерімізді түгендеп, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрпымызды жаңғыртты. Елбасының «рухани жаңғыру» деген  мәселесін бүкіл еңбегіне арқау етті. 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатымен Шымкентке келгенінде Металлургтер сарайында ұлттық қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі қойылды. Маған алдын-ала Елбасы Батырбектің бір туындысын сатып алатыны, сондай-ақ өзім де гобеленнің бірін сыйлауым керектігі айтылған. Кенет бір жігіт жаныма асығыс жетіп келді де «апай, бұл кімнің жұмыстары?» деді. Премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовті танымағаныма қатты қысылдым. Қасында облыс әкімі Зауытбек Тұрысбеков пен қала әкімі Анарбек Орман бар Елбасы біздің көрменің тұсына аялдап, «Иманғали, мына гобелен ғой?» – деп туындыны сипалады. Сосын маған қарап «Естіп жатқан шығарсың, Астананың қазығын қақтық. Мына жұмысты қанша деп тұрсың?» – деді. Мен «Алдымда еліміздің Президенті мен қос бірдей әкім тұрғанда туындының бағасын кесіп айта алмаймын» – деп жауап бердім. Ол кісі арқамнан қағып, «Өркенің өссін, айналайын. Резиденцияма туындыны аламын» – деді. Ұтымды сәтті пайдаланып «Бозторғай деген құс балапандары үшін ертеден қара кешке дейін тыным таппайды екен. Сіз де еліңіздің ертеңі үшін демалмай жұмыс істеп жүрсіз ғой, Нұр-аға! Батырдың «Бозторғай» деген туындысын Сізге сыйлаймын» – дедім.

          Шүкір, Батырбектің есімі Өнер мектебі мен Шымкенттегі бір көшеге берілді. Дегенмен, мені туындыларын «оқып», талдап беретін өнертанушының табылмай тұрғаны мазалайды. «Той» гобеленін тоқып отырып «Екі би қолына қымыз құйған кесе ұстаған, ортасындағы  Төлеби неге қол қусырып отыр?» деп сұрағанымда «Төлеби әдеттегідей  төрелік сөзін айтуға дайындалуда» деп жауап берген еді. Әрбір туындысына енгізген таңбалар нені білдіретінін өнертанушылар талдап бермесе, түсіне бермейміз.Өзі өмірден өтсе де, отағасының шығармашылығы осы кезге дейін отбасымызға азық болып келеді. Әлі де қолға алынбаған біраз дүниесі бар. Алла өмір берсе, немерелеріміз жалғастыратын шығар деп отырмын.

        – Арманыңыз орындала берсін. Ашық сұхбатыңыз үшін рахмет, Бибіайша апай!

Сұхбаттасқан Үмітхан АЛТАЕВА,

«Оңтүстік Қазақстан».

 

 

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ