«Балдайдан» береке тауып келемiн

Сәуір 17 / 2018

 

Шымкентте туып-өскенмін. Өзімнен екі жас үлкен ағам Астанада жұмыс істеді. Ол кезде елордамыз енді ғана үлкейіп, көркейіп келе жатқан-ды. Үйге келгенде бізге еліміздің бас қаласында болып жатқан өзгерістерді айтып беретін. Менің бірте-бірте Астанаға деген қызығушылығым оянып, көкейімде сәні мен салтанаты келіскен әсем қаланы бір көрсем деген арман пайда болды.

 

Мектепті бітіргеннен кейін сондағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне грантқа оқуға түстім. Мамандығым – бағдарламашы. Мұнымен қатар сауда менеджмент саласын да жетік меңгеріп, жыл сайын жаңарып келе жатқан алып шаһарда отандық өндірісті дамыта түсуге үлес қосуды алдыма мақсат еттім.

Екі жылдың көлемі болып қалды, «Балдай» деген сауда белгісімен балмұздақтың эксклюзивті түрін жасап, тұрғындарға ұсынып жатырмын. Астанада әлемнің үздік сәулетшілерінің қиялынан туындаған, сыртқы келбеті бірін-бірі қайталамайтын сауда орындары көп. Бүгінде солардың бірқатарынан өзімнің жеке сауда нүктелерімді аштым.

Биыл жас кәсіпкер ретінде «Даму» қорынан 3 миллион теңге грант ұтып алдым. Астанамен бірге мен де, менің кәсібім де өркендеп, өсіп келеді!

Жиырма жылдық мерейтойына ерекше сән-салтанатымен келіп отырған елордамыздың болашақта бұдан да үлкен жетістіктерге қол жеткізеріне сенімім мол.

Әйгерім АЛДАНОВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ