Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1219 лайк

Қазақстан Сириядағы жағдайды одан әрi ушықтырмауға шақырды

Сәуір 17 / 2018

 

«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров кеңестің АҚШ, Франция және Ұлыбританияның Сирия нысандарына зымыранмен соққы жасауына орай шұғыл шақырылған отырысында мәлімдеме жасады» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Қазақстан Сириядағы ахуалдың ушыға түсуіне байланысты өзінің барынша алаңдаушылық танытып отырғандығын білдіреді. Біз барлық тарапты мұнан ары әскери ушыға түсуге жол бермеуге және БҰҰ жарғысы мен Қауіпсіздік Кеңесінің сәйкесінше қарарлары негізінде көп азап шеккен Сирияға сенім, бейбітшілік және қауіпсіздікті қайтару үшін шаралар қабылдауға үндейміз. Осы залда шиеленістердің арта түскендігін көрген сайын біз БҰҰ жарғыларына және халықаралық құқыққа сәйкес жауапкершілікпен әрекет етуге шақырамыз. Кеңес мүшелері болмаса басқа кім бүкіл әлемге жарғының ұстанымдары мен ережелерінің сақталуына үлгі бола алады?» деді Қайрат Омаров.

Оның атап өтуінше, Қазақстан басқа елдерді де халықаралық құқық пен заңды қатаң сақтауға шақырады.

«Біз АҚШ пен Ресей Федерациясын олардың Сирияны қолдау жөніндегі халықаралық топтың тең төрағасы болып саналатындығын және басқа тараптарға да ықпал ету мүмкіншіліктерінің бар екендігін ескере отырып, Сириядағы жанжалды саяси реттеуге қол жеткізу үшін белсенді әрекет етуге шақырамыз. БҰҰ тараптар өзара дауларын реттеу үшін келіссөздер жүргізуде сындарлы рөл атқаруы тиіс. Адамзат ХХІ ғасыр жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне айналарына үміт артқан еді. Алайда, бұл тек елес болып қалуы ықтимал. Біздің әлем тағы да қауіпке душар болды және тәуекелдер барынша жоғары. Қатер – бұл жаһандық ауқымдағы зобалаң соғыс. Ғаламшарымыз қазіргі уақытта жаңа қырғиқабақ соғыс ернеуінде тұр, оның барша адамзатты талқандайтындай салдары болуы мүмкін. Бұл – біздің Президентіміздің 2016 жылғы 31 мамырда жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіндегі тікелей сөзі. Кеше ғана БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш өкінішке қарай, «қырғиқабақ соғыстың» қайта оралып келе жатқанын еске салған еді. Қазақстан тараптарды БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқықты сақтауға шақырады. Біз сонымен қатар, жанжалды тек қана бейбіт құралдарды пайдалану арқылы реттеуге шақырамыз» деді Қайрат Омаров.

Сонымен қатар, ол Нұрсұлтан Назарбаев өз манифесінде мемлекеттер арасындағы дауларды реттеудің негізгі құралы бұл бейбіт диалог пен әлемнің қауіпсіздігі, өзара құрмет және ішкі іске араласпау үшін теңдей жауапкершілік негізіндегі конструктивті келіссөздер екендігін айтқанын еске салды.

Сондай-ақ, Қайрат Омаров оң нәтижелерге қол жеткізу үшін Астана процесі мен Женева келіссөздері мақсат-міндеттерін одан ары қолдау қажеттігін атап өтті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ