Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

«Қазақ тiлiндегi 100 жаңа оқулық»

Сәуір 17 / 2018

 

Әлем әдебиетi – қазақ тiлiнде

 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, жастардың дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуына мүмкіндік жасау керектігін міндеттеген болатын.

Міне, бағдарламалық мақаланың жарияланғанына бір жыл толғанда «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптар Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен таныстырылғанына куә болып отырмыз. Жасыратыны жоқ, кешегі кеңес заманында гуманитарлық ғылымдар саясатқа қызмет етіп, идеологияның ғана құралы болды. Зиялы ортаның көзқарастары мен құндылықтарына ықпалы зор осы білім салалары бізде әлі де ескі сарыннан арыла алмай отыр. Жоғары оқу орындарында студенттердің 70 пайызы қазақ тілінде білім алады деп қуанғанымызбен, олардың не оқып жүргеніне енді ғана мән бере бастадық. Ардагер ұстаз ретінде қазақ тіліндегі әлемнің үздік оқулықтары гуманитарлық біліммен қатар қазақ тілінің өзін де алға апаратын ғажап бастама деп ойлаймын. Педагогтар мен студенттер де солай қабылдайды деген сенімдемін.

Әмір МҰСАҚҰЛОВ, ардагер-ғалым.

 

Бұл – стратегиялық маңызы бар шара

Ұлтты өзге ұлттан ерекшелейтін негізінен ол тілі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Қаншама ұлт өз тіліне қамқорлық танытпаудың кесірінен, өзге де тарихи оқиғалар мен себептердің салдарынан ана тілінен айрылып қалды. Сондықтан ұлтты сақтаудың басты қадамдарының бірі – ол ана тіліне қамқорлық жасау, оны бүгінгі заманға лайықтау. Міне, осы тұрғыдан келгенде үлкен тарихи іс бастадық.

Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемде ең көп оқылатын әртүрлі саладағы оқулықтар қазақ тіліне аударыла бастады. Әлбетте, бұл – ел үшін айтулы оқиға, қуанышты жағдай, тарихи сәт. Ендігі жерде тіліміздің қолданыс аясы бұрынғыдан кеңейе түсетін болды. Оқырмандар, студенттер, ғылыми ізденістегі мамандар қазақша оқулықтарға деген мұқтаждықтан бірте-бірте арылатын болды. Шіркін, өз ана тіліңде оқып, білім алғанға не жетсін!

100 оқулықты қазақ тіліне аудару бұл жәй тірлік емес, стратегиялық маңызы бар үлкен шаруа. Осыны атқарған бүкіл азаматтарға, ең алдымен идея авторы Елбасыға бүгінгі ұрпақ алғыс айтуға тиіс. Қазақ барда қазақ тілі де мәңгі жасай бермек!

Нышан БАЙҒҰТОВ, еңбек ардагері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ