Руханият 0 пікір 0 лайк

Ұлт болып ұйысамын десең, ұлыларды бөле-жарма...

Сәуір 17 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың көгіне,

Күн болмағанда, кім болам?

С.Торайғыров.

 

Қараңғы қазақтың көгіне күн болып шығуды армандаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың дүниеге келгеніне биыл 125 жыл толып отыр. Өкінішке қарай, қазақ жазба әдебиетіне Абайдан кейін ерекше құбылыс болып келген тұлғаны еске алу Баянауылдың еншісіне ғана жазылып қойғандай. Жүсіпбек Аймауытұлының Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы: «Ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой» деген сөзі бар. Сұлтанмахмұт бір ғана Баянауылға қызмет етіп, бір ғана Баянауыл үшін өлең жазған жоқ. Жазарын тұтас ұлттың мүддесі үшін жазды, айтарын тұтас ұлттың мүддесі үшін айтты. Ендеше, ол бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Бірақ, ақынын еске алуда оның туып-өскен жерінен өзге өңірлер «сап-сау саңыраудың» күйін кешуде.

Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді есімі өзі туып-өскен жерінің айналасынан шыға алмай қалған қаншама тұлғаларды мысалға келтіріп, тізіп айтуға болады. Дулат Бабатайұлын бір Аягөз ғана еске алып, өзге өңірлер тыныш отырсын деген жоғарыдан пәрмен жоқ қой. Сол секілді Кенен Әзірбаевтың аты Жамбыл облысында ғана аталсын дегенді қай жерден оқыдыңыздар?! Қасым ақын жыр оғын, Баубек Бұлқышев жез оғын бір Қарағанды үшін қарша боратпаған болар, сірә?! Ұлы ағартушылар Ыбырай мен Ахмет, ақын Сырбай Мәуленов өле-өлгенше Торғай деп емес, қазақ деп өтті ғой. Немесе Қадыр мен Жұбан оралдықтардың, Сағи Жиенбаев пен Тахауи Ахтанов ақтөбеліктердің ғана маңдайына жазылған тұлға емес. Қажымұқанның әрбір төккен терінде қазақтың иісі бар, жүрегінде күллі қазаққа ғана тән намыс бар. Оны қазақтан бөліп алып, шеттете алмайсыз. Бұлардың бәрі – бір қазақтың, бір ұлттың арда туған ұлдары, ортақ тұлғалары.

«Бұл қазақ не көрмеді?» деп басталатын әңгіме көп. Өткенге салауат, бүгінге шүкіршілік айтатын, өз қолымыз өз аузымызға жететін күнге де келдік. Әлем елдерімен иық тірестіретін елге айналдық. Экономикамыз күн санап дамып келеді. Ал, ұлттық сана ше? Ұлттық санамыз рулық сананың деңгейінде қалып кеткен жоқ па, осы? Әйтеуір үміттен үрей басым. Ит пен құсқа дейін ескерткіш орнатып тастаған Еуропамен салыстырғанда біздің өркениет көш жер артта қалып қойғандай. Ит-құсты қоя тұрып, ұлы тұлғалардың өзіне көше атауын қимаймыз. Бұл қимау ма, қызғаныш па, қайсысы болғанда да жақсы емес. Рушылдық пен жершілдік дертінен ең болмағанда ұлы тұлғаларға келгенде жырақ болсақ қой... Біз жоғарыда атап өткен сол Сұлтанмахмұт пен Дулат Бабатайұлының атына Шымкентте бірде-бір көше атауы берілмеген екен. Кенен Әзірбаев пен Сырбай Мәуленовтің есімін адамдар кітаптан ғана кездестіреді. Ал, біздің соңымыздан кітап оқымайтын ұрпақ келе жатыр... Сонда не болады?..

Жастардың санасына патриоттық сезімді ұялатудың ең негізгі тетіктерінің бірі – ұлы тұлғаларды насихаттау. Ал, олардың есімін насихаттау бір аудан немесе облыс көлемінде шектеліп қалмауы тиіс. Тым құрығанда көше атауларын беріп, ескерткіштерін орнатып, мерейтойларын жер-жерлерде ұйымдастырмасақ, флешмобқа қатысудан қолдары тимейтін жастардың оларды еске алатын уақыты да қалмай барады. Заңғар тұлғаларға бір көше мен тас мүсінді қимасақ, санамызды рушылдық пен жершілдіктің деңгейінен әрі асыра алмасақ, ұлт болып ұйысуымыздың ауылы шалғай. Бөлінгенді бөрі ғана емес, бәрі жейді.

 

(Сурет ғаламтордан алынды)

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ