Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1212 лайк

Жасыл желек жамылған

Сәуір 17 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Өткен сенбіде Шымкенттегі «Самал-2» шатқалында 80 мың жеміс ағашы отырғызылды. Аталмыш іс-шара республикалық «Бірге жарқыраймыз» атты фестивалі аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы-ның тұрақты өкілдері қатысты.

 

Фестиваль «Шымкент – менің бақша қалам» ұранымен өтті. Оны ұйымдастырудағы басты мақсат тұрғындарға экологиялық мәдениетті насихаттау арқылы Шымкент қаласының аймағын түрлендіру, өңірімізде жеміс ағаштарының санын көбейту.

– Шымкент – Қазақстанның ең жасыл қалаларының бірі. Шаһарымызда саябақтар мен гүлзарлар өте көп. Бұған қоса өңірімізде «Шатқал» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бағдарлама қаламыздың айналасында жасыл белдеу қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дәл қазір біз осы бағдарлама аясында бой көтерген қаладағы 11 саябақтың бірінде тұрмыз. Алдағы уақытта осындай саябақтар дамып, Шымкент жасыл қала атауын одан әрі нығайта түседі деп сенеміз, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, ұйымдастырушысы – БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры болып табылатын фестиваль өткен айдың соңында Астана қаласынан бастау алған болатын. Астанадан кейін эстафета Шымкент қаласына берілген. Шара барысында эстафетаны Ақтөбе қаласынан келген өкіл қабылдап алды. Фестиваль аясында викториналық сұрақтар қойылып, жастар үшін «Энергиялық тиімді технологиялар әлеміндегі ойындар» квесті, флешмоб ұйымдастырылып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ