Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1213 лайк

«Заманынан өте туған Өтебаев едi...»

Сәуір 17 / 2018

 

Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Қоғам қайраткері, білім саласының үздігі Манап Өтебаевтың туғанына 80 жыл толуына орай жоғары жаңа технологиялар колледжінде «Өткенге тағзым» атты тақырыпта іс-шара өтті.

 

Айта кетейік, Манап Өтебаев – аталмыш оқу орнын биік деңгейге көтерген бірден-бір азамат. Содан болса керек, ресми атау бергенге дейін-ақ ел аузында бұл колледж «Өтебаев колледжі» атанып кеткен-ді. Былтыр білім ошағына осы есім ресми түрде беріліп, ғимараттың кіре берісіне үлкен ескерткіш-бюст орнатылды.

Шарада облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов сөз сөйлеп, ескерткішті ашты.

Аталмыш колледждің директоры Қанатбек Досалиев Манап Өтебаев басшылық еткен жылдары оқу орнының бағындырған белестері жайлы баяндап, бүгінгі жетістіктеріне де тоқталды. Студенттердің Англиядағы Кембридж университетінің оқыту тәсілі бойынша білім алатынын мақтаныш етті.

Шараға кезінде Манап Өтебаевпен бірге қызмет еткен әріптестері мен оның шарапатын көрген шәкірттері де қатысты. Олардың арасынан Шымкент және Арыс қалаларының құрметті азаматы, еңбек және тыл ардагері Шерім Медеуов сөз алып, өз естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, ұлы Қайрат Манапұлы әкесінің спорт саласының дамуына да ерекше еңбек сіңіргеніне тоқталды.

– Әкем осы колледжге 29 жыл басшылық етті. Ол өз қызметін бар ынтасымен адал атқарды. Жетім балаларды да жанына жақын тартып, қамқорлығына алды. Ел Үкіметі әкемнің еңбегін әрқашан да жоғары бағалады. Былтыр осы оқу орнына есімін беруге де лайық деп таныды, – дей келе, оқу орны ұжымына табыс тілеп, мәртебелерінің үстем болуына тілектестігін білдірді.

Мұнан кейін жиналғандар оқу орнының материалдық және техникалық базасымен танысып, мұражайдағы экспонаттарды тамашалады. Шара соңы халықаралық конференцияға жалғасты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ