Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1212 лайк

Қазығұрт толық газдандырылады

Сәуір 17 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазығұрт ауданында өткен жылы кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасынан тыс жалпы құны 480 млн. теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылған. Ал, биыл 2 шағын өндіріс орны ашылмақ. Олар – «Қазығұрт айна» ЖШС-нің «Сұйық шыны шығару» цехы мен «UNIFRUTTI GOLD» ЖШС-нің «Жемістер мен көкөністерді өңдеу арқылы диеталық пюрелер шығару» цехы. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев мәлімдеді.

 

Өткен жылы аудандағы жалпы өңірлік өнім 7,6 пайызға артып, 97,9 млрд. теңгені құраған. 17 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған.

«Негізгі басым бағытты инвестиция тартуға жұмсаймыз. Былтыр бюджеттік емес жеке инвестиция көлемі 7 млрд. 366,3 млн. теңгеге жетіп, жылдық жоспар 139 пайызға орындалды. Сонымен қатар, қосымша 30 шағын жоба іске қосылып, 253 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 13 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 65 жұмыс орны ашылды» дейді Төлеген Тұртайұлы.

Брифингте бұдан бөлек, аудандағы шағын және орта бизнес, білім, денсаулық сақтау мен спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, жұмыспен қамту салаларында атқарылған жұмыстар сараланды. Тамшылатып суару әдісінің жылдан-жылға ұлғайтылып, жылыжайлардың да қатары артқаны айтылды. Аймақта білім саласы да басты назарда. Өткен жылы ҰБТ қорытындысымен орташа балл 81-ді құрап, облыста 4-орынға тұрақтаған. Қазығұрттықтар спорт саласында да бірқатар жетістіктерді бағындырған. «Болашақ» шағынауданынан 210 орынға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде.

Айта кетейік, аудандағы өзекті мәселелердің бірі – ауызсу мен табиғи газ. Биыл Шарапхана ауылы ауызсумен қамтылса, тағы 7 елді мекенді ауызсумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұл жұмыстар «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Ал, аймақтағы 64 елді мекеннің бүгінде 35-і ғана табиғи газ тұтынуда. Аудан әкімінің айтуынша, аймақ 2020 жылға дейін 99 пайызға газдандырылмақ.

Аудан орталығын абаттандыру аясында Д.Қонаев көшесінің бойы көріктендіріліп, «Батыр бабалар», «Отбасы» гүлзарлары ашылған. Демеушілер есебінен барлық ауыл округтерінде демалатын орындар мен балалар алаңдары және спорт ойын алаңшалары салынуда.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ