Рухани жаңғыру 0 пікір 1209 лайк

Үлкен жауапкершілік жүктейді

Сәуір 17 / 2018

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айтып қана қоймай, нақты 10 бағыт бойынша маңызды міндеттерді атап көрсетті. Соның бірі – жемқорлықпен күрес және қоғамда заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл – құқық қорғау органдарына жүктелген басты міндет. Былтыр жыл аяғында Президенттің бастамасымен құқық қорғау қызметін жаңғырту туралы Заң қабылданып, қылмыстық процеске бірқатар өзгерістер енгізілгені мәлім. Осы ізгілендіруге сәйкес кәмелетке толмағандарды, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарды ұстау мерзімі едәуір қысқарып отыр.

 

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы облыс көлемінде 31036 заңбұзушылық тіркелсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 33 679-ды құраған екен. Яғни есепті мерзіммен салыстырғанда 7,8 пайызға төмендегенін байқауға болады. Облыс жолдарындағы жол-көлік оқиғалары да едәуір азайған. Мәселен, 2016 жылы жол апатына қатысты 2320 оқиға орын алса, былтыр ол 1961-ге кеміген. Орта дәрежелі, онша ауыр емес және ауыр деңгейдегі қылмыстардың ашылу көрсеткіші біршама жақсарған. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда, көшеде, жасөспірімдер арасында, мас күйінде және топтасып жасалатын қылмыстардың саны да едәуір төмендеген.

ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен биылғы жыл «Бақытты балалық шақ» жылы деп бекітіліп отыр. Осыған орай, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен түлектерін, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалары бар әлеуметтік жағдайы төмен және жайсыз отбасыларды әлеуметтік бейімдеу және практикалық көмек көрсету жұмыстарына полиция қызметкерлерін тарту жоспарланып отыр. Осыған орай жыл бойы балаларға арналған акциялар мен мәні зор, тағлымы ерек іс-шаралар қолға алынбақ.

Бұдан өзге төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде құқық қорғау саласына цифрлы технологияларды енгізу жұмыстары одан әрі жалғаса түспек. Онсыз құқық қорғау жүйесін ілгерілете алмайтынымыз анық. Сол себепті, қылмыстық процесс біртіндеп электронды форматқа көшіріледі. Бұл өз кезегінде тұрғындармен байланысты нығайтып, басы артық әкімшілік кедергілерді жояды. Департамент сайтындағы «ІІД бастығының блогы» және «Сұрақтар-жауаптар» айдарына тұрғындардан күнделікті сұрақтар мен өтініштер түсіп жатады. Барлық сұрақтарға жауаптар дер кезінде беріледі. Осы ретте республикалық «ІІД бастығының блогына» жүргізілген мониторингке сай ОҚО ІІД-ге түскен сұрақтарға жауап беру жағынан 1-орында екенімізді айта кеткен жөн шығар. Сонымен қатар, полиция қызметінің ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз ету, тұрғындармен қолжетімді әрі тиімді байланыс орнату мақсатында облыстық ішкі істер департаментінің ресми веб-порталы, әлеуметтік желілерде ресми парақшалары (Facebook, ВКонтакте, Mail.ru, Twitter) жұмыс істейді.

Облыстық ішкі істер департаменті тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарына, интернет желілеріне, ақпараттық сайттар мен әлеуметтік желілерге жүйелі түрде мониторинг жүргізу тұрақты жолға қойылған деуге болады. Мысалы, жуырда Қазығұрт ауданының Ыхтиор Тажибаев есімді тұрғыны полиция қызметкерлерінің дөрекілік әрекеті туралы «Фейсбук» парақшасына бейнежазба салып, шара көруін сұранған. Осыған орай, ОҚО ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасының мамандары бейнежазбадағы полицейлердің кім екенін анықтап, тәртіптік комиссияның шешімімен кінәлілерді ішкі істер органының қатарынан босатты.

Елбасы өз Жолдауында «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керектігін» міндеттеп отыр. Осы ретте айта кеткен жөн, облыстағы процессингілік орталығының көмегімен жыл басынан бері жол ережелерін бұзудың 100 мыңнан астам дерегі тіркелген. Осы деректер негізінде айыппұл төлеу туралы 80 мыңнан астам ұйғарым тіркеліп, 1 млрд. теңгеге жуық айыппұл облыстық бюджетке құйылды. Бүгінгі таңда қала көшелерінде жылдамдық өлшейтін 21 дана «Ред Спид»,

21 жол айырығында интеллектуалды «Интегра» камерасының 212 данасы жұмыс істеп тұр. Бұдан өзге былтырғы жылдың маусым айынан бастап жол қозғалысын бақылайтын 6 дана «Крис П» жүйесі іске қосылды. Бұл цифрлы технологияларды пайдалану арқылы біз азаматтарға жол қозғалысы ережелерін сақтауды үйретеміз әрі олардың қылмыстың алдын-алуға да мүмкіндігі мол. Мысалы, 2017 жылы 479 бейнекамераның көмегімен

231 қылмыс ашылса, қосымша нөлдік төзімділік қағидасы және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 57790 жайт анықталды.

Президент атап кеткен он негізгі басымдықтың түйіні, ол – цифрлық технологияларды көптеп енгізу жайы. Яғни цифрлық теxнологиялар биліктің, қабылданып жатқан шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік шешімдер қабылданғанда xалықтың пікірі ескеріліп, соның арқасында жұмыстың сапасы артады. Сондықтан стратегиялық маңызы зор бұл құжат еліміздің одан әрі дамуына серпіліс әкеледі деген сенім мол. Ендеше, Жолдауды жүзеге асыру полиция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Халықтың бізге деген сенімін арттыру жұмысымыздың басты өлшемі болып қала бермек.

Қайрат ДӘЛБЕКОВ, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ