«Ауғанстанда кластасымды көрiп, қатты қуандым»

Сәуір 17 / 2018

 

«Мен әскерде жүргенде» айдарының бүгінгі кейіпкері – облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков. Кезінде кеңес әскері құрамында Ауғанстандағы әскери қимылдарға араласып, қанды қырғынды өз басынан өткерген ағамыз әскердегі естеліктерін айтып берді.

 

– Әскердегі жылдарыңды еске алғанда жастық шағың көз алдыңнан кино лентасындағыдай зымырап өтіп жатады. Біз әскери борышымызды 1987-1989 жылдары өтедік. Бала кезімізде әскерге кеткендерді бүкіл ауыл болып шығарып салып, бүкіл ауыл болып күтіп алатын. Кішігірім отырыс ұйымдастырылатын. Сол кеште «екі жылың екі күндей өтіп кетсін» деп тілек айтылатын. Борышын өтеп келген ағалар армияда өзіңді қалай ұстау керек екендігі жөніндегі ақылдарын аямайтын. Әдемі әскери форма киіп, әскердегі қызықтарын айтып отыратын ағаларға қызығып, «біз қашан армияға барады екенбіз?» деп асығатын едік. Мен де жұрт қатарлы ауыл үлкендерінен бата алып, 1987 жылы Ресейдің Новгород облысы, Новоселицы поселкесінен бір-ақ шықтым. Жалпы «учебкада» мені радист-телеграфист мамандығы бойынша оқытты. Морзе әрпін үйретті. Рациямен жұмыс істеу, морземен хабарлама беру, хабарлама қабылдауды үйрендік. Қазірдің өзінде кейбір кездері сол әріптер еске түсіп тұрады. Іштей әндетіп, әріптерді қайталап отырамын, – деген Алмасбек аға әскери өмірге бейімделу оңай болмағанын да айтады.

– Ауыл баласы үшін пойызбен бірнеше тәулік бойы жол жүрудің өзі қызық қой. Шымкенттен шыққан соң әскери бөлімге шамамен 3-4 күнде жеттік. Бұл пойызға негізінен әскерге шақырылған жастар мінгізілген екен. Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Тәжікстаннан да өзіміз сияқты жастар мінді. Жолда олардың біразы Мәскеуге, тағы біразы Ленинградқа бөлініп кетті. Казармаға орналасқан күннен бастап әскери тәртіп түсіндірілді. Таңғы 6-да ояну керектігін де естідік. «Екі жыл бойы 6-да тұрып, ұйқым қанбайтын болды-ау» деп уайымдадым. Алғашқыда үйрене алмай қиналдық. Тіпті, «нарядтан» кеш келсең де, бәрібір 6-да оятатын. Бірінші рет Ресейдің аязын көрдік. Терезеден қарасаң күн шығып тұрады. Бірақ, біздегідей емес, күн күлімдеп тұрса да, дала өте суық. Құлағың үсіп қалады. Қазір сол шақтарды еске алсам, «қалай жаурамай жүргенбіз?» деп таң қаламын. Кез келген жауынгер казармаға орналасқан сәттен-ақ күн санай бастайды. «Екі жылда қайтамын, енді мынанша күн қалды» деп ойланасың ғой. Бастапқыда күн мүлдем өтпей жатқандай көрінеді. Он күн өтеді, жиырма күн өтеді, тіпті, бір ай өтеді. Бірақ, көкейіңде «бәрібір әлі екі жыл бар» деген ой тұрады. Дегенмен, бір жылдан кейін уақыт зымырап кетеді екен, – дейді Алмасбек Мамытбеков.

Алмасбек Кеңесбекұлы – Ауған соғысының ардагері. Сан қилы қиындықтарды көрген азамат әскердегі қызықты сәттерді де ұмытпаған.

– Менімен бірге әскерде Әбіл Қожабеков және Мәлік Қожабеков деген егіздер болды. Әбіл үшінші, ал, Мәлік 4-взводта болатын. Екеуінің түрі бірдей болғандықтан ажырату өте қиын. Менің өзім біраз уақыттан кейін барып әрең ажырататын болдым. Казармада демалыс кезінде сержанттар «Әбіл Қожабеков» деп шақырған кезде «мен сіздің взводыңыздан емеспін» деп отыратын. Сержанттардың жиі шатасатынына күлетінбіз. Егіздердің бір уақытта, бір әскери бөлімде қызмет етуі – сирек жағдай ғой. Жұртты шатастырып, күлкіге қарық қылғандары есімде. Жалпы, әскерде көрген қиыншылықтарыңның өзі кейін өміріңдегі қызықты сәттердің бірі болып қалады екен. Кейбіреулердің сөзін тыңдасаң әскерде тек «қырып-жойып, қиратып» қайтқан екен деп қаласың. Ол – өтірік. Жұрт қатарлы барлық сатыдан өттік. Әскерде өзіңді дұрыс ұстап, сөзің мен ісің үйлессе, бәрі жақсы болады.

«Учебка» біткен соң офицерлер сарбаздарды іріктеп, Ауғанстанға баратындарды арнайы тексеруден өткізді. Біздің оқу орталығындағы 8-ротадан 120 сарбаз іріктелді. Шұғыл бұйрық беріліп, Новгородтан Ташкентке ұштық. Ол жақта тағы да қатаң тексеру болып, 120 сарбаздың жартысынан азы ғана Ауғанстанға жіберілді. Солардың арасында мен де болдым. Ол жерде сарбаздардың денсаулығына, отбасылық жағдайына және психологиялық дайындықтарына да қарады ғой деп ойлаймын. Кейбір жігіттер Ауғанстанға барғысы келмейтіндерін де айтып қалды...

Осылайша сыннан сүрінбей өткен бірнеше сарбаз Ташкенттен Кабулға ұштық. Сондағы мына оқиға есімнен кетпейді. Кабулда ұшақтан түсіп едік, бізді бір топ әскерилер қабылдап, тексеруден өткізді. Қарап қалсам, солардың арасында Түлкібаста бізбен қатар «а» сыныбында оқыған Рақым Қоқаев деген кластасым жүр! Алғашқыда мен оны танымай қалдым. Бірақ, ол мені танып, атын айтқан соң барып есіме түсті. Айдаладағы Кабулдан өз қандасымды, оның ішінде өз ауылдасымды, кластасымды көріп қатты қуандым. Өңі сары жігіт болғандықтан орыс екен деп қалыппын. Біраз әңгімелесіп үлгердік. Менің бірінші сұрағым «бұл жақ қалай, қиын ба?» болды. Ол «Алмас, уақытында бәрін өзің көресің» деп қысқа қайырды. Жұмыр жердің бір бұрышында кластасыңмен жолығу да қызықты оқиға деп есептеймін. Өйткені, біздің топта қазақтар аз еді. Арада отыз жылдай өтсе де әскерде бірге қызмет еткен қарулас достарыммен араласып тұрамын. Тойларға шақырып, тойларына барып дегендей... Мысалы, Әбіл және Мәлікпен қазіргі таңда отбасымызбен араласып жүрміз. Марат Тоқтасынов деген досымыз қазір медицина саласында қызмет етеді. Биыл ортаншы ұлым 18-ге толады. Әскерге баратын жас. Бірақ, мен үшін әлі бала сияқты. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Мен әскерде жүргенде» айдары дұрыс ойластырылған екен. Жастарды отаншылдыққа, әскери салаға қызықтырады. Әскери өмір жігітті шыңдайды, есейтеді. Өзім де екі жылдық қызметтен кейін әр іске жауапкершілікпен қарайтын болдым. Үлкен мектептен өткендей болдым. Біздің әскери қызмет дәл ауған соғысы кезеңінде өтті. Бұдан былай ешқандай соғыс болмасын. Майданның оңайы болмайды. Ал, інілеріме айтарым, әскери өмір зу етіп өте шығады. Бейбіт заманда қарулы күштер қатарын толықтырып, Отан қорғауға дайындықты пысықтау – әрбір жігіттің борышы. Әскери өмірдің ерекшелігін әскерде болғандар ғана түсінеді, – дейді ол.

Жазып алған Ғабит САПАРБЕКОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ