Қайнарбұлақты көркейткен қария

Сәуір 17 / 2018

 

Ұлы Отан соғысының ардагері Ташкенбай Көпбайұлы тірі болғанда биыл 95 жасқа толар еді. 1923 жылы Ташкентте туылған оған ата-анасы Ташкенбай есімін беріпті. 7 жасында атақонысқа табаны тиген қаршадай ұл 1937-38 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Н.Крупская атындағы ұжымшарда жетіжылдық мектепті бітірді. 4 жыл ауылында жұмыс істеп, 1942 жылы әскерге алынады. Отан алдындағы борышын өтеп жүріп Уфадағы әскери мектепте білім алады. 1943 жылы Украинаны азат ету үшін болған шайқаста снаряд жарықшағынан жараланып, Саратов бекетіндегі госпитальға түседі.

 

Елге оралғаннан кейін ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. 1944-45 жылдан бастап Шымкент қаласында құрылыс саласында бригадир болып еңбек етеді. Осы кезде өңірдегі, облыс орталығындағы көптеген ғимараттардың құрылыстарын жүргізуге атсалысты. Ал, «Қайнарбұлақ» кеңшарында құрылыс бригадирі болып жұмыс істеген кезінде мектептер мен балабақшалар, тұрғын үйлер салуға өз үлесін қосты. Зейнеткерлікке жетсе де қол қусырып қарап отырмай, 1990 жылы Мәскеуден, Ташкенттегі Орта Азия діни бірлестігінен рұқсат алып, «Қайнарбұлақ» кеңшарынан «Көмешбұлақ» мешітін салуға жетекшілік етті. Асыл ағамыздың өз қызметіне адалдығы, еңбекқорлығы өскелең ұрпаққа үлгі болғандай еді.

Бүгінде оның екі ұл, төрт қызынан өнген немере, шөберелері Отанымыздың білімді азаматтары болып өсіп келеді. Құрылыс саласында маңдай терін төгіп, ұрпағына отансүйгіштікті дәріптей білген ақсақалдың Алла иманын өзіне жолдас қылғай.

Әзімхан қажы ҚУАНЫШБЕК, Сайрам ауданының құрметті азаматы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ