Бауыржанды бәрi мақтайды

Сәуір 17 / 2018

 

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Бауыржан балалық шағында бүгінгі балалардай смартфонға шұқшимай, иен далада алаңсыз, құмардан шығып ойнап өсті. Асық атты, қыр-қырдан орғып секірді, желмен жарысып, жүгірді. Анасы Рахия мұғалім еді. Педагог болғаннан кейін де шығар, Бауыржанды ойыннан тиып көрмепті. Ал, ол көбінде қару асынып, «жаумен шайқасып» ойнағанды ұнатушы еді...

 

2008 жылы Түлкібас ауданы орталығындағы Ломоносов атындағы мектепті бітірген Бауыржан Амиров көп ойланбастан Шымкент заң колледжіне оқуға түсті. Оны бітірген соң 2010 жылы Маңғыстау облысының Ақтау қалалық ішкі істер басқармасына учаскелік полиция инспекторы болып қызметке қабылданды. 19 жасында лейтенант шенін алған жас жігіт асқан қырағылық пен жауапкершілікті талап ететін бұл қызметтің ыстық-суығына төзе білді. Кемшіліктерден сабақ алып, тәжірибе жинады. «Осы жерде 2 жыл қызмет істегеннен кейін ауылға оралып, өз туған жерімде қызмет етуге бел будым. Әрі ата-анамның кенже ұлы болған соң жырақта жүргім келмеді» дейді Бауыржан.

Жас полицей ең алдымен «Туған жерге туыңды тік» деген қанатты қағиданы басшылыққа алған болатын. Көп ұзамай-ақ Түлкібас аудандық ішкі істер басқармасына дайын маман ретінде қызметке алынды. Қызмет ете жүріп, Шымкент университетінде құқықтану мамандығы бойынша жоғары білім алды.

Түлкібас аудандық ІІБ-нің жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Нұрымжанұлы елеулі еңбегіне орай басшылық тарапынан мадақ-марапаттар алып, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Спортқа етене жақын жігіттің үйінің ауласы кішігірім спорт алаңындай. Турник, зілтемірдің түр-түрімен бірге футбол, волейбол ойнайтын шағын алаңқай да бар. Таңертеңгілік жүгіруді әдетіне айналдырған. Бұл шынығулары сергектік пен қарымдылықты талап ететін жұмысына оң әсер етеді. Футбол, волейболдан өтетін жарыстардан қалған емес. Кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп жүрген Бауыржанды әріптестері де мақтан етеді.

Түлкібас АІІБ басшысының кадр жөніндегі орынбасары Қанат Түймебаев «біздің Бауыржан сегіз қырлы, бір сырлы әрі адал жігіт. Жауаптылығы, бірсөзділігі мен ептілігі, білім-білігі нағыз бүгінгі заманның полиция қызметкеріне лайық» десе, Түлкібас АІІБ-нің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімінің аға инспекторы Нұрбол Есенбеков «Бауыржанды әріптес ретінде сыйлаймыз. Адамгершілігі мол, қызметіне адал» дейді. Ал, өзі туралы кейіпкеріміз:

— Қоғамдағы құқықбұзушылық пен тәртіпсіздікке «нөлдік төзімділік»» қағидатын негізге ала отырып, жұмыс істейміз. Ұсақ-түйек бұзақылықтардан бастап үлкен қылмыстардың алдын алу шараларын жүргіземіз. Жалпы, кез келген құқықбұзушылыққа, адамшылыққа жат әрекеттерге дер кезінде тосқауыл қоя білгеннен ұтарымыз мол. Отбасым менің қарбаласқа толы қызметіме көндіккен. Үйде болмайтын кезім көп. Олар әрдайым амандығымды тілеп отырады, – деп ағынан жарылды.

Уақытпен санаспай тұрғындардың тыныштығын қорғап жүрген полиция қызметкеріне «қашан да сәттілік серік болсын, мерейлі бол» деген тілегімізді жеткіздік.

Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ