Тамаша математик, талантты ұйымдастырушы

Сәуір 17 / 2018

 

Біз айтқалы отырған Қуанышбек Әділмұратұлы Байшенов – тым қарапайым, тынымсыз еңбектің адамы. Парасаттылығы басым, аса ұстамды. Сондықтан да өзі жайында мақала жазып, жариялай бергенді қаламайды. Десе де, биыл алпыстың үшеуіне толып отырған азаматтың мерейлі қуанышына ортақтаса отырып, оның өмір жолы жайлы сыр шертуге бекіндік.

 

Отырар ауданы Шәмші ауылының тумасы жалпыға ортақ орта білімді аудандағы Абай атындағы орта мектептен алды. Содан ауылда жұмысшы болды. Әйтсе де, көкірек көзі ояу жастың көңіл түкпірінде «қалайда жоғары білім алуым керек» деген мақсат жатты. Және осы мақсатына жету үшін қанша күн мен түн дайындықпен өтті. Сондайда ғой, арғымақтай арқыраған қиялына өңшең математика жайындағы ой-түйіндер орала беретін. Оңтүстік өңірінен шыққан лингвист-ғалым Қалдыбай Бектаев: «Тілдің де өз математикасы бар» десе, қазақ тілінде тұңғыш «Жоғары математика курсы» оқулығын жазған Әлімхан Ермеков: «Табиғаттағы өзгеріс-құбылыстарды тексергенде математика – негізгі құралдардың бірі» дейді.

Қиял жетегіне ерген жас талап Шымкент педагогикалық институтына оқуға түсіп, үздік бітірді. Математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Көңілі қалаған пәні бойынша өз ауданындағы «Темір» орта мектебіне мұғалім болып келді. Қайнаған еңбек басталды да кетті. Оқушыларға формулаларды, теоремалардың дәлелдемелерін, аксиомаларды түсіндіріп, кейбіріне жаттап алуға ұсыныс беріп жатты. Әр шәкірттің берілген есепті сезіне, ұғына отырып, оның нәтижесіне қызығушылығын арттыруға тырысты. Бұл үшін оқушы бойында шаршамас шабыт, тегеурінді талпыныстарды оятуға қаншама күш жұмсады.

Талғампаздығы мен жетекшілік қабілетінің арқасында оны мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне көтерді. Осы жылдары мектептегі білім және тәрбие беру жұмысы республика деңгейіне танылды. Осыдан кейін Қуанышбек Әділмұратұлы Шымкент политехникалық колледжіне өз пәні бойынша аға оқытушы болып орналасты. Мұндағы екі жылға жуық уақыт білікті ұстаздың алдынан басқаша бағыт тосты. Ол ғылымға деген ұмтылыс еді. Қуанышбек Әділмұратұлы жоғары сынып оқушыларына арналған алгебра және геометрия пәндері бойынша бірнеше әдістемелік құралдардың ұжымдық шығарылымына қатысты. Мектеп қабырғасындағы балаларға арналған құралдардың тілі жеңіл, ұғынықты болуына күш салды.

Ол әдістемелік құралдардан тыс 9, 11-сыныптарға математикадан жазбаша емтихан есептерін шығару жинақтарын шығаруға атсалысты. Ұзын-ырғасы жиырмадан асатын осы оқулықтарды дайындау кезінде Қуанышбек Әділмұратұлы «Ғылым іздеуде болдым, толдым деме, әр істі жаңадан бастадым деп ойла. Сонда ғана шаршап-шалдығуды біржола ұмытасың» деген ұстанымға сүйенді. Бұған қоса оның құлшыныспен кірісуіне «Математика – адам сенімін арттыра түсетін ғылым» деген тұжырымның да ықпалы көп тиген сияқты.

Қолға алған ісін нәтижелі аяқтап, ел игілігіне жұмсау үшін іргетасының берік болуын ескерген Қуанышбек Әділмұратұлы Қ.А.Ясауи атындағы халық-аралық қазақ-түрік университеті Шымкент бөліміне қызметке келді. Осындағы «Жоғары математика» кафедрасында оқытушы болды.

Жақсы маманға сұраныс қайда да жоғары. Оның үстіне ол маман жаңалықтың жаршысы, ұйымдастырушысы және қолдаушысы болып келсе, тіпті жақсы. Бұл орайда Оңтүстік Қазақстан облыстық дарынды балалардың мамандандырылған №1 мектеп-интернатының жолы болды. «Математиканы жақсы меңгергендер барлық пәнді жақсы оқиды» деп танитын, бірнеше буын мектеп оқушыларына математика және геометрия пәндерінен әдістемелік құралдар ұсынған азаматты осы оқу орны қызметке шақырды. Ол әрі пән мұғалімі, әрі «Математика» кафедрасының меңгерушісі лауазымын атқарды. Мұнда қызмет еткен уақыт аралығында алдынан тәлім алған шәкірттерді математика саласындағы жаңалықтармен жүйелі түрде таныстыра отырып, оның адам өміріндегі рөлін ұғындыруға бар біліктілігін жұмсады. Ол әр шәкіртті дана Абайдың: «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген сөздерімен жігерлендіріп отырды.

Айы оңынан туып, осы тұста ҚР Президентінің «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» №3002 өкімі шықты. Ресми құжатты арқа тұтқан ол іргетасынан бастап өз қолымен қалаған жаңа тұрпаттағы білім беру мекемесін ашу идеясын жүзеге асыруға бел буды.

Әрине, тыңнан жол салу оңай бола қоймады. Облыс және қала басшыларының, сала басшысының қаулы-қарарлары қажет болды.

Қуанышбек Әділмұратұлы ғылымда ғана емес, өмірде де берік ұстанымынан айнымайтындығын тағы көрсетті. Осылайша киелі қаланың төрінен «Түркістан аймақтық дарынды балалар үшін арнайы мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесі өз оқушыларына 2002 жылы есік ашты. Ал, 2004 жылы ол мемлекет және қоғам қайраткері, лингвист-ғалым Н.Оңдасыновтың есімін иеленді. Сондай-ақ, мекемеге білім беру қызметін атқару үшін мемлекеттік лицензия шектеусіз мерзімге берілді.

Тарата айтсақ, 320 орынды екі қабатты мектеп үйінде 120 орынды асхана, 120 орынды мәжіліс залы, кітапхана бар. Заман талабына сай жаңа жабдықтар орналастырылған мультимедиа, зерттеу-сараптау орталығы және 12 пәнге арналған бөлме, 3 компьютер сыныбы, 5 интерактивті оқу бөлмесі орын тепкен. Бұлардан тыс физика, химия зертханалары, спорттық ойындар мен алғашқы әскери дайындық алаңдары оқушылардың шынығып, шымыр болып өсуіне жағдай жасайды.

Қуанышбек Әділмұратұлы өзі қуаттап, қолдап келген математика пәні, география оқу алаңдарын, биологиялық оқу-тәжірибе алаңын заманауи технологиямен жабдықтады. Айта берсек, мектеп ауласындағы «Күлтегін» ескерткіші халқымыздың өткенінен сыр шертсе, «Тәуелсіздік» саябағы, «Бәйтерек» субұрқағы бүгінгі шат заманның сырын ұқтырады. Тарихи тұлғаларды қастерлеуге ерекше ден қойған ұжымда Абай ауылымен қатар Н.Оңдасыновқа арналған бұрышқа орын берілген. Жаратылыстану-математика бағытында білім беретін мектепте математика, физика, химия, биология және география пәндері тереңдетіліп оқытылады. Мектепті осы уақытқа дейін 656 оқушы бітірді десек, соның ішінде 203-і – «Алтын белгі», 81-і – «Үздік аттестат» иегері. Түлектердің алды Жапония, Ұлыбритания, Қытай елдерінің іргелі оқу орындарында білімдерін шыңдап жүр.

Өзі негізін қалаған мектептің білікті басшысының білім беру мен тәрбие ісіндегі жетістіктері жоғары бағаланып, бүгінде «ҚР білім беру ісінің үздігі» атанып, төсінде «Ы.Алтынсарин» медалі жарқырайды. Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Дарын» республикалық ғылыми-педагогикалық орталығына – 10 жыл» мерекелік төсбелгісінің иегері. ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаевтың «Көкейге қонған математиканың табысы түбінде өмірден өз орнын табады» деген пікірі осыған саяды.

Мектеп ұжымында 6 «Білім беру ісінің үздігі» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», 3 «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, 4 «Дарын» РҒПО-ға – 10 жыл» төсбелгісінің иегері, 7 «ҚР кәсіподағына еңбегі сіңген қызметкер», 2 Түркістан қаласының құрметті азаматы және 2 ел Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына байланысты мерекелік медальмен марапатталған ұстаз қызмет етеді.

Аталмыш білім ұясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімі атынан марапатталып, облыс басшысының қолынан ВАЗ-2107 қызметтік автокөлігінің кілтін алды. Мектеп төрінде тұрған «Дарын» РҒПО-ның алмаздан жасалған «Дарын» ескерткіш статуясы және облыс, қала әкімшіліктерінің құрметті атақтары мен облыстық білім басқармасының марапаттаулары – жоғары жетістіктерінің айғағы. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2009 жылы Түркістан аймақтық дарынды балалар үшін арнайы мектеп-интернатына республика бойынша «Ең үздік жаңашыл мектеп» атағы берілді.

Еңбегі жанып, ұшқыннан жалын лаулатып отырған жомарт көңіл, ұлағатты ұстаз Қуанышбек Әділмұратұлын мерейлі күнімен құттықтап, оған еңбекте табыс, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Жұмәділ ӘБУОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ