Руханият 0 пікір 1206 лайк

Ол демалыста емес!

Сәуір 17 / 2018

 

Қазығұрттың баурайы қиял-ғажайып аңызға толы. Осындай қасиетті таудың бөктерінде өскен Райымқұл бала кезінен арманшыл еді. Ата-анасы Өмірәлі көке мен Ұлдар апа да оның бойындағы осы қасиетін ерте байқады. Әйтсе де, тым әсершіл, жалыны сыртқа теуіп тұрған баланың өзінен кейінгі іні-қарындастарына ақылшы, бауырмал, көпшіл болып өсуіне көп көңіл бөлді. Дүниетанымын тереңдете отырып, талантты баланың домбыра қағуға әуестігін қолдады. Осыдан кейін онсыз да өзі құмартып жүрген қос ішекте ойнауды бала Райымқұл шебер меңгеріп алды.

 

Есейе келе арман қанаты Райымқұлды Шымкенттегі музыка училищесіне алып келді. Өнерге құштар жас музыка әлеміне бастаған қадамын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы қабырғасында жалғастырды.

Иә, Алатаудың баурайы тау баласының талабын ұштай түсті. Оның бойындағы аспапта орындаушылық қабілеті актерлік шеберлікпен толыса түсті. Өнер бастауында тұрған Райымқұл Темірбаевтың сол кезде ел танып қалған Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Уайыс Сұлтанғазин және Тоқсын Құлиевтармен жиі ұшырасуы талантын аша түсті. Оның домбыраға қосылып ән салудағы шеберлігі дәстүрлі ән орындаушылар Досхан Жолжақсынов пен Алтынбек Қоразбаевтарды тыңдай жүріп қалыптасты. Жерлес композитор Тұрдықылыш Ізтаевтың Оңтүстіктің өзгеше мақамы жайлы айтқандарын жадында сақтады.

Жас жігіт студенттік кездің қызықты думанын өз басынан қалай өткерсе, Алматының көңілге сағыныш ұялататын көшелерінде қандай жаңа әндерді үйренсе, сол ғажайыптардың кіндік кескен жері Рабат ауылында да жалғасып жатқанын қалады. Ауылдағы кішкентай клубтың ішін ән мен күйге бөледі. Осында ұлт аспаптарында ойнаушылардан құралған тұңғыш отбасылық ансамбльдің қабырғасы қаланды. Оның құрамында Райымқұлдың өзінен бастап, бауырлары Бегімқұл, Сейдуәлі, Құндызай, Момын, Керім, Битөре, Айнаш, Ақбөпе және Бауыржан өнер көрсетті.

Райымқұл отбасылық ансамбльдің барлық мүшелеріне музыкалық білім алуға кеңес берді. Олардың бірі – Шымкенттегі музыкалық училищесінен, енді бірі Жетісайдағы мәдениет техникумынан, тіпті Қызылордадағы пединституттың музыка факультетінен тәлім алды. Міне, осылайша нағыз кәсіби музыканттар бас қосып, вокалды аспаптар мен үрмелі аспаптар ансамбльдерін құрды.

Бүгінде жетпістің жотасына шыққан Райымқұл аға сол күндерді еске алып отырып:

– Әкеміз өмір бойы мал дәрігері қызметін атқарып кетті. Бірақ, өнерге деген талпынысымызға тұсау салмады. Өз ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған анамыз да бетімізден қаққан жоқ. Бәлкім, әкеміз бен анамыздың осынау сенімінен шығу үшін де ерекше талпынған шығармыз! Айналып келгенде, туған өлкеміздің әндерін әуелетіп, облыс, республика, қала берді Одақ тыңдармандары алдында да өнер көрсеттік. Соның бәрі ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелей білген ата-анамыздың өшпес өнегесі мен өміршең үлгісі деп білемін.

Менің тағы бір көңілімді толқытқан жай – облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бетінде «Темірбаевтардың отбасылық ансамблі қайда екен?» атты материалдың жарияланғаны. Халықтың көзі мен құлағына айналған басылымның біз жайында ой қозғауы ұлт өнерін жақтаушылар үшін үлкен серпін берді ғой деп ойлаймын. Ол мақалада бір емес, үш отбасылық ансамбль ұйымдастырып, шетелдерді аралап, ұлт өнерін насихаттағанымыз жайында айтылады. Облыстың аға басылымына алғысым шексіз! — дейді бүгінде 70-ке толып отырған сегіз қырлы, бір сырлы азамат.

 

Мәдинаға «Айқаракөзді» үйреткен...

Консерваторияны бітіргенде прима аспабында шебер ойнап шықты. Қабілеттілігіне қарап, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрінде қалдырды. Қысқаша айтып өтсек, одан кейін Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогика институтына оқытушы болып орналасты. Мұнда талай шәкірт тәрбиелеп, өнерге қанат қақтырды.

Қазақтың музыкалық мұрасы өте бай. Райымқұл оқытушылық еткен жылдары ауыздан ауызға көшіп жүрген талай әндерді кездестірді. Бұл әуендер сонау жылдары А.В.Затаевич жинақтаған «Қазақтың мың әні» топтамасына енбеген. Оңтүстік өңірінде өзі қатысқан той-томалақтардың өзінде қаншама әндер айтылады. Осыдан кейін Райымқұл аға ел ішінде айтылса да үлкен сахналарда елеусіз қалып жүрген әндерді нотаға түсіруді қолға алды. Оларды халықтың кең аудиториясына жеткізуді мақсат тұтты.

Үлкен мақсатты жүзеге асыру үшін үлкен күш керек. Райымқұл енді сенбі, жексенбі күндері өз қаражатына жолға шығатын болды. Бір қолына магнитофон, екінші қолына портфель ұстаған ол тек Оңтүстік өңірінен 300-ге жуық ән жинақтады. Бұл, айтуға ғана оңай.

Райымқұл әкесі жиі айтатын «Білгің келсе, көре бер, көргің келсе, жүре бер» деген аталы сөзді жадында берік ұстады. Оның бек растығына көзі жетті.

Сондай бір сапары еске түседі. Ауданға баратын автобусқа мінді. Жолда төбесі көрінген бір ауылдың тұсынан түсіп қалды. Есік алдында немерелерін ойнатып отырған ата-әжелермен амандасты. Амандық-саулықтан соң өз «қызметіне» тікелей көшіп кетті. Ел аралап жүрген мақсатын аз сөзбен түсіндірді де:

– Апа, тойда қандай әндер айтатын едіңіздер? – деп сұрады.

– Қарағым, өзім айтпасам да айтатын адамдарды білемін. Үйге жүр. Оларды шайға шақырып берейін. Шай іше отырып, өрбітейік әңгімені, – деп әлгі кейуана дастарқан жайды.

Өстіп жүріп жинаған әндерді өңдеп, нотаға түсірген Райымқұл Темірбаев көпшілікке «Қазығұрт әуендері», «Оңтүстік әуендері», «Туған ел мақамдары» атты кітаптар ұсынды. Ел арасынан «Қоғалы-ай», «Үкілім-ай», «Қарағым-ай», «Күліп ойна, гүлдей жайна, «Ақтолғай» секілді орындалуы ерекше әндерді тауып, белгілі әншілердің орындауына мүмкіндік жасады.

Соның бірі – атақты әнші Мәдина Ералиева орындаған «Айқаракөз» әні. Бұл әнді үні қоңыраудай сыңғырлаған ғажап әншіге Рекеңнің өзі үйреткенін бүгінде біреу білсе, біреу білмес...

Музыкалық білімі мен қабілет-қарымы мол азамат ескі әуендердің талайын жеке дауысқа, дуэт, трио, квартетпен орындауға арнап өңдеп, оларға сахналық өмір сыйлады. Тіпті, заманауи электронды аспаптарға түсіріп, әрлендіріп отырды. Сондай шабытты кезінде әнін де, өлеңін де өзі жазған «Халық қасиеті», «Қазақ елі», «Елдігімнің мәні қайсы», «Ойлан, қазақ», «Шәмші туралы ой» секілді орындалуы асқақ, бітімі бөлек әндер де туып жатты.

Ел құрметтейтін М.Мақатаевтың, Т.Рахимовтың, Т.Бердияровтың өлеңдеріне жазған әндері де біршама. Әр сөзі тәрбие көзі болған анасы жарықтық: «Балам, әр адам алдына мақсат қойғанда ғана бірнәрсеге қол жеткізе алады. Мақсаты жоқ өмір – бейберекет кеткен уақытпен тең» деп отырушы еді. Жастайынан құлағында қалған ана сөзі өмірінің арқауына айналды.

 

Француздарды Ұлы Дала әуеніне тәнті етті

Өнер адамының арқасын қоздырып, сағынысқан тыңдарманымен табыстыратын сахнаны Райымқұл алтын бесікке теңейді. Сахнада тағдырлас болып кеткен бауырларынан сол алтын бесіктің бар жасауын түгелдей алып, жүруді сұранады. Ол дегеніңіз, біріншіден, қай кезде өнер көрсетсе де өзі орындайтын әннің де, музыканың да бітім-болмысына жан-дүниесімен шынайы ене білу. Осындай берік тұжырым ұстанған Темірбаевтардың отбасылық фольклорлық ансамблі перзенттік парызы ретінде туып-өскен Рабат ауылының тұрғындарын өнер туындыларымен сусындатып, Шымкент, Алматы, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан көрермендерінің көзайымына айналды. Болгария мен Ресейде, сол кездегі Одақтың астанасы Мәскеудің сахнасында ұлттық дәстүрлі әндерді шырқады. Халық әндерін тамылжыта орындаған өнер ұжымы көп ізденістің арқасында атақты әнші Әміре Қашаубаев ән салған сахнада өнер көрсету бақытына ие болды. Талғамы биік француз тыңдармандарын ұлы дала әуеніне тәнті етті.

 

«Халық композиторы» деген атақ жоқ»

Бойындағы жақсы қасиеттерін бір арнаға тоғыстыра отырып, шығармасына мәңгілік өмір сыйлап кету – өнер адамына ғана берілген бақыт. Шәмші Қалдаяқовқа осындай бақыт бұйырған. Райымқұл аға ол кісімен араласқан жылдары осыны ұқты. Киелі өнерді аялап өткен Шәкең жан-дүниесі аса қарапайым, талайына қомағайлық бұйырмаған жан еді. Сол қарапайымдылығына басып, бір күні музыкалық училищенің оқушысы Райымқұлға:

– Мен бір ән шығарып едім, соның нотасын жазатын адам тауып бере аласың ба? – деген өтінішін айтып тұр. Райымқұл елпең қағып:

– Шәке, мен-ақ түсіріп берейін, – деді. Екеуін алғаш таныстырған «Кешікпей келем деп ең» әнінің нотасын даярлап берген сол күннен бастап араларында ағалы-інілі қарым-қатынас жалғасып кетті.

1990 жыл. Наурыз айының шуақты күндері. Терезеден тысқа қарап тұрған баласы Бауыржан:

– Үйге қонақтар келе жатыр, – деді. Абыр-сабыр басталды да кетті. Ән әлемінің Шәмшісі мен белгілі драматург, аудармашы Оразбек Бодықов көп кешікпей төрге озды. Содан үш күндей осында болды. Өзбекстандағы орыс драма театрына тапсыруға О.Бодықовтың «Ит өлім» атты пьесасының орыс тіліндегі нұсқасын аяқтатып жатыр екен.

Қабырғада ілулі тұрған радионы тыңдап отырған Шәкең кенет даусын көтеріп:

– Жігіттер, маған «Республикаға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» атағы беріліпті! – дейді. Үйдегілер жабыла құттықтап жатыр. Сонда Райымқұлдың:

– Сізге бұл ғана емес, «халық композиторы» деген атақ берілу керек. «Халық ақыны», «Халық әртісі» деген атақтар болғанда, неге «Халық композиторы» деген атақ болмады екен? – деп көңіл қамықтырғаны бар. Дәл осы жылы күзде Райымқұл Темірбаевтың өзіне де «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» атағы берілді. Сәл уақыт өте Темірбаевтар әулетінен тағы бір өнер иесі Сейдуәлі де осы атаққа ие болды.

Әр кезеңде Қазығұрт, Сарыағаш аудандары мәдениет бөлімін басқарған Райымқұл Темірбаев жинақтаған құнды жәдігердің саны 3000-нан асты. Олар өлкетану мұражайларының қорын толтыруда. Зейнетке шыққан соң да өнерлі құрдастары арасынан «Нұрсұлтанның замандастары» атты ұлт аспаптар ансамблін құрды. Ансамбль әншісі Қатира Бекмұратова екеуі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты ән байқауында бас жүлдені иеленді.

«Әке көрген...» Райымқұл Қазығұрт ауданының, інісі Сейдуәлі Сайрам ауданының құрметті азаматтары атанды. Сондай-ақ, Райымқұл ағамыз 2015 жылы «Оңтүстіктің үздік композиторы» аталымын иеленді. Ал, ізінен ілескен бауырлары Жандос, Бауыржан, Ержан, Даналар өнер саласында табысты еңбек етіп жүр.

Мерейтой алдындағы мақаланы дайындау кезінде Рекеңе жолықтым. Қолымды ризалықпен қысып тұрып:

– Бейіліңе рахмет! Жазғаныңның бір жеріне «ол кісі – демалыста» деп қойып жүрме. Өнерде демалыс деген болмайды. Оның үстіне, көңіл әлі жас, – деді. Мерейтой иесіне айтқалы тұрған тілегімізді өз сөзімен тұжырымдасақ, өнер көшінде жас көңілмен алға тарта беріңіз дегіміз келеді.

Нұрлан Әділханов, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ