Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Мәслихат депутаттары «Киелі Қазығұрт» акциясын бастады

Сәуір 16 / 2018

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп жазған еді. Осы мақаласын қолдау және жүзеге асыру мақсатында Қазығұрт аудандық мәслихат депутаттары ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында бірнеше акциялар ұйымдастыруды көздеп отыр. Алғашқы қадамды адамзаттың түп қазығы деп жерлестеріміз дәріптеп жүрген Қазығұрт тауына ту тігуден бастады. Акция «Киелі Қазығұрт» деп аталып, оған ауданымыздың әкімі Телғараев Төлеген Тұртайұлы, аудандық мәслихат депутаттары мен аппараты қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Былтыр ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жоғарыда аталған мақаласында ұсынылған «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» және онлайн дауыс беру арқылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» анықталған еді. ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы Қазақстандағы қасиетті жерлердің тізімін 6 санат бойынша жасап, оған еліміздегі қасиетті саналатын 100 нысанның аты енгізілген болатын. Осы алты санаттың «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» тізіміне Қазығұрт тауы, «Діни және ғибадат орындары» санаты бойынша «Ысмайыл ата» сәулет кешені кірген болса, онлайн дауыс беру нәтижесінде анықталған «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарының құрамына ауданымыздың тумасы, жеке кәсіпкер Ертаев Сырым Махамбетұлы қосылды. 

 Тарихта жер бетін басқан топан судың болғандығын көптеген зерттеулерден кейін ғалымдар да мойындап отыр. Бірақ бұл табиғат апаты бір мезгілде емес, әр жерде және әр уақытта болған дейді. Оған түрлі тарихи, археологиялық зерттеу нәтижелерін дәлел ретінде келтіріп жүр.

Алапат топан су басқан табиғи апат жөнінде иудаизм, христиан діндерінің қасиетті кітабы библияда айтылған мәтін топан суға байланысты аңыздар мен мифтердің пайда болуына себеп болды. Аңыздар, мифтер әр халықтың өз құтқарушысы болғандығын арабтарда әл-Жуди, кавказда Арарат, палестинада Синай, қазақтарда Қазығұрт тауы аталады. Нұх пайғамбар кемесінің қай таудың басына тоқтағаны жөніндегі пікірталастар әрине әлі де жалғаса берсе керек.

Бүкіл адамзат баласы үшін терең тәрбиелік мәні бар, өзінің актуалдылығын ешқашан жоғалтпайтын осы аңыз, біздер, қазығұрттықтар мен қазақстандықтар үшін ерекше мақтан ететін жайт. Неге деген сұраққа белгілі журналист, кино сыншысы, филология ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ауданымыздың тумасы Сауытбек Әбдірахмановтың төмендегі пікірі нақты жауап болады ғой деп ойлаймын. Ол кісі былай дейді: «Мәселе ежелгі бабаларымыз санасының әлемді жапқан топан су туралы классикалық мифке үн қосқан сұлулығында, саралығында, дүниенің жаратылысына қызыққан, соны өзінше түсіндірген дүниетанымдық тұрғыдағы даралығында.

Топан суға адамзаттың сол апаттан кейінгі тағдырына қатысты мифтің әлемдегі санаулы ғана халықтың бар екендігін, сол санаулы ғана халықтың бірі біздің қазақ екендігі айрықша айтар мақтанышымыз. Мұның бәрінде де әлі ашып үлгермеген терең-терең сырлар жатыр деп білеміз».

 «Ысмайыл ата»

«Діни және ғибадат орындары» санаты бойынша Қазақстанның 32 орыны енгізілді. Тұрбат ауылында орналасқан «Ысмайыл ата» архитектуралық кешені де осы санаттың қатарынан табылыпты.

«Ысмайыл ата» архитектуралық кешені сонау Х-ХІ ғасырларда ғұмыр кешкен исламдық сопылық ағымының көрнекті өкілі, шейх – Исмайыл атаға арнап салынған екен. Кесененің алғашқы іргетасы ХІ ғасырда қаланыпты. Кейіннен ХІV-XV ғасырлардағы Тимуридтер династиясының заманында кесене қайта тұрғызылып, архитектуралық кешенге айналған. Бұл кешен: Ысмайыл ата кесенесі, Жебірейіл ата кесенесі, Қошқар ата кесенесі секілді бірнеше кесенелерден және ортағасырлық мешіттен, сопы дәруіштердің шілдеханасынан, қақпадан тұрады.

Бір кездері кешеннің аумағы қоршаулы болған. Қазіргі таңда бұл қоршаудан архитектуралық ескерткіш болып табылатын қақпасы ғана қалған. Айналасында бүгінде зираттар басып, мешіттің алдында гүлзар, жеміс ағаштары мен жүзім өсірілген.

Архитектуралық кешен 1976 жылы мемлекеттің қамқорлығына алынып, тарихи-мәдени ескерткіштер тізіліміне енгізілген.  Кейіннен 2003 жылы кешенге реставрациялық жұмыстар жасалып, біршама жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Әлі де ашылмаған терең сырлар мен жұмбақтарды шешуге, туған жер бағдарламасы аясында өтетін ауқымды өлкетану жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамыз. Туған жер тарихын білу, киелі жерлерін қастерлеу, насихаттау жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулудың төте жолы болса керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында «Туған жерге деген сүйіспеншілік, Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деген болатын.

 

 Өрісбай КӨПЕЕВ, 

Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ