Экономика 0 пікір 1200 лайк

КҮРІШТІҢ ҚАУЫЗЫНАН ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ӨНДІРУДІ ОЙЛАП ТАПТЫ

Сәуір 16 / 2018

         Ілияс Мұрат - М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің 4-курс студенті. 20 жасар жігіт баламалы энергия көзін ойлап тапты. ОҚО кәсіпкерлер палатасы мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің және «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған инновациялық зерттеу байқауына күріштің қауызын ыдырату арқылы электр энергиясын өндіруге болатыны туралы жобасын ұсынып, 1 млн. теңге грантты ұтып алды.

          «Қуат алудың бірінші кезекте тиімді және арзан түсетін дәстүрлі емес энергия көзін тапқан мемлекет әлемдік аренада өзіндік орнын қалыптастыра алады. Себебі, бүгінгі таңда мұнай қорлары мен таза ауызсулар азайып барады. Еліміздің  дамып, алдыңғы қатарлы мемлекет болуына қандай да бір үлесімді қоссам дейтін ой мені көптен бері мазалайтын» дейді Ілияс бізбен әңгімесінде.

          Ілиясқа күріштің қауызынан электр энергиясын өндіретін биологиялық батереялар туралы идеяны энергетика саласының маманы болып жұмыс істейтін әкесі Асхат Батырханов айтыпты. Әкесі ұлына мұны теория жүзінде түсіндіріп берген. Ал, алғыр бала оны М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің кәсіптік білім беру базасында Тұрсынхан Махановтың жетекшілігімен биологиялық батереяларды зерттеу арқылы алғаш рет тәжірбиеге енгізіп, жарықдиотты шамды жақты. Күріштің қауызынан алынған 6 Вольт кернеу 70 миллиампер ток берген.  Жалпы, 500 грамм күріштің қауызы 1,8 кВт электр энергиясын береді екен.

 «Кез келген нәрседен, мәселен, қағаз, тіпті найзағайдан бірнеше киловатт энергия  алуға болады. Бірақ, олардың тиімділігі аз. Яғни, соншалықты көп энергияны бір мезгілде жинай алатын бізде аккумулятор жоқ. Ал күріштің қауызы өте баяу ыдырайды. Егер арнайы катализаторды қосу арқылы ыдырау мерзімін одан да төмендетсек, 3-4 ай бойы жұмыс істей беретін аккумулятор жасаймыз. Облысымызда әлі де жарықсыз отырған шалғай ауылдар бар. Сол елді мекендерге ұзын-сонар сымдар тартпай-ақ, өте арзан бағада шам жағып бере аламыз. Осы ретте көшені жарықтандыруға қолданылып жүрген күн батареяларының нарықтағы бағасы әлдеқайда жоғары екенін айтқым келеді. Себебі, біз оны өндіруші мемлекет емеспсіз. Егер де біз биологиялық батареяларды елімізде өндіріске енгізсек, күн батареяларынан 18 есе төмен бағаны ұсынады екенбіз. Яғни, бұл биологиялық батареяға қажетті материалдың барлығы да өзімізде бар» дейді жас өнертапқыш.

          Ілияс Асхатұлы әзірге көше шамдарын жағуға толық мүмкіндігі бар 6 вольттық шамның қуатын катализатор арқылы күшейтіп, ұялы телефон мен ноутбукты қуаттауды қолға алмақ. Сондай-ақ, келешекте болатын «Ақылды қала» жобасында айтылған әрбір аялдамадағы қуаттағыш үшін арнайы сым тартып, қыруар қаржы жұмсаудың қажеті жоқтығын айтады.  Демек, мұнда өнертапқыш ойлап тапқан биологиялық батереяның тиімділігі жоғары болмақ.

                «Бұл жобаның барынша тиімділігін айта кеткім келеді. Себебі, күріштің қауызы дегеніміз -- қалдық.  Және де оның құрамында 20 пайыз кремний болғандықтан ұзақ уақыт бойы шірімейді. Жердің астына көмсең де тыңайтқышқа таптырмайды. Негізінен шаруалар күріш егілген жерді егіске қолайлы деп жатады. Қазір күріштің қауызын көптеген жерде кәдеге асыра алмай отырғандықтан жағып жіберуге мәжбүр. Демек, одан электр энергиясын өндіруге болатындықтан оның бойында экологиялық зиянды қалдықтардың бары анық. Сондықтан біз күріштің қауызын электр энергиясына пайдалану арқылы бірнеше мәселені шеше аламыз. Біріншіден, экологиялық тазалықты сақтасақ, екіншіден, қажетсіз қоқысты өндіру арқылы одан пайда табамыз. Ыдырап біткен қауызды тыңайтқыш ретінде кәдеге асырамыз. Мұның инновациялылығы да осында» деді ол.

          Бұл студенттің бір ғана жетістігі емес. Жалпы ол ғылымға жастайынан әуес болыпты. Мектепті үздік бітірген ол ядролық физикаға бейімделген. Орта мектепте-ақ талай байқаулардан, шахматтан жүлделі орындарды иеленген Ілияс бірінші курсында-ақ әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша конференцияларға қатысып, жеңімпаз атанған. Одан соң республикалық деңгейде өткен ғылыми жобалар байқауында топ жарып, ҚР Білім және ғылым министрі  Е. Сағадиевтің қолынан бірінші дәрежелі дипллом алған. Республикалық байқауда ұтып алған 1 млн. теңгеге әрқайсысы 38 мың теңге тұратын 20 жарықдиодты шам орнатқан. Енді жуырда ұтып алған 1 млн. теңгесіне қол жеткізсе, өзі оқып жатқан университет айналасына дәл осындай шамдар орнатпақ.

          Ілиясқа жобасын жүзеге асыру үшін бірқатар ұсыныстар да түсіп жатыр екен. Алайда, кейбір инвесторлардың талабы оның көңілінен шықпай отыр. Жобаның ауқымын кеңейту үшін оған демеуші керек. «Америка Құрама Штаттарындағы бір компаниямен келісімшартқа отырдым. Биыл оқуымды бітіріп, диплом алған соң 12 апта бойы сол жақта акцелерациядан өтіп, күріштің қауызын ыдырату арқылы электр энергиясын алу жолдарын жетілдірмекпін. Одан соң елге келіп ядролық физика немесе ақпараттық технология бойынша магистратурада, кейін PhD докторлыққа дейін көтерілемін деген үміттемін. Елімнің дамуы үшін еңбек ете беремін. «ЭКСПО» көрмесі өтіп жатқанда бұл жобаның теориясы ғана жазылып жатқан.Үлгере алмадық» дейді өнертапқыш жігіт. Бүгінде ол тапқан жаңалығына патент те алып қойған.

          Ілияс Мұрат бұдан бөлек әселден косметикалық маска жасауды қолға алып, оқытудың жаңа технологиясы жобасын ұсынбақ.

Назгүл НАЗАРБЕКОВА,

«Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ