Экономика 0 пікір 0 лайк

Шелектегі шиеден басталған бизнес

Сәуір 16 / 2018

 

  • Бизнестегі бикештер

                   Назгүл НАЗАРБЕКОВА,

«Оңтүстік Қазақстан».

 

 

                «Жасым елуде. Бес балам бар. Төртеуі әлі мектепке барады». Әңгімесін осылай бастаған белгілі кәсіпкер Алма Арқабаева бүгінгі әйелдердің «қолым тимейді», «уақытым жоқ» дейтін уәждерін сылтау деп есептейді. «Бір тәуліктегі  24 сағатты тиімді пайдаланып, соны өзіңе жұмсауың қажет. Әрине, оны алдыңа қойған мақсатқа жетуге пайдалануға тиіссің. Ал, мақсат сені жетістікке жетелейді. Мен де бүгінгі жетістікке алға қойған мақсатым арқылы қол жеткіздім»,- дейді ол.

 Алма Нұралықызы мен жұбайы Болат Жамбылұлы бүгінде «Асыл АрманҚазақстан» компаниясын құрушылар ретінде елімізге, тіпті шетелге танымал болған десек, қателесе қоймаспыз. Отандық экологиялық таза шикізаттарды өндіретін компания басшылығы өнімді жылжымалы бағытта сату әдісін елімізде алғаш болып қолға алған. Жұмысын жертөледе бастаған ерлі-зайыптылар қазір бизнестің биігінде. Біз компания президенті Алма Арқабаеваның бала бағумен қатар бизнестегі даму баспалдағын, кәсіпкерлікке қалай келгенін оқырманмен бөлісуін  сұраған едік.

Қарапайым отбасында өмірге келген ол ес білгелі сатушы болуды армандаған екен. «Бала күнімде балмұздақ сатуды ойлай беретінмін. Мүмкін тәттіні ұнатқаннан шығар. 8-сыныпта оқып жүргенімде інім екеуміз есіктің алдында өсіп тұрған шиені шелекке толтырып алып, автобуспен «Көл» базарына әкелуші едік. Бір шелек шиені  8 сомға сатып, жатын бөлмемізге люстра сатып алғанымыз, әкем жұмыстан келген соң құрып бергені көз алдымнан кетпейді. Қазақтың той-жиыны таусылмайды ғой, мемлекеттің жұмысында істейтін әке-шешемнің жалақылары артық-ауыс жаратуға жетпейтін. Кішкентайымнан барға қанағат етіп өскендіктен болар, үлкейгенде бай боламын дегенді жиі айтатынмын. Сонда әкем: «Қызым-ау, біздің маңдайымызға байлық жазылмаған. Ата-бабамызда болмаған байлыққа сен қалай қол жеткізбексің?» дейтін күліп. Осындай сөздерден соң адамдарда сенім жоғалады екен-ау деп ойлаймын кейде. Бірақ, мен алған бетімнен қайтқан жоқпын»,--дейді Алма Нұралықызы өткен күндерін еске алып.

Кейіпкеріміз 16 жасқа толғанда анасы өз шешесінен естелікке қалған сырғасын бойжеткеннің құлағына тағады. Өкінішке орай, абайсызда сырғаның жұбын жоғалтып алған жас қыз қалайда анасының мерейтойына алтын сырға сатып әперемін деп іштей уәде береді. Жатса да, тұрса да осыны ойлап ақша табудың жолын іздеген ол мамандық таңдағанда да саудагер болуды армандайды. Алайда, Шымкенттегі халық шаруашылығы институтына түсе алмаған соң оны ата-анасы Тараздағы техникалық институтқа жібереді. Бірақ ол емтихан сұрақтарына жауап бергісі келмейді. Себебі, бұл оқу орнында оқуды қаламайды. Сондағы бар ойы Мәскеудегі тұтынушылық кооперациясы институтына түсу еді. Үйіне келген кездегі анасының ұрысқаны, әкесінің қапа болғаны бәрі-бәрі есінде. Алайда, алған бетінен қайтпаған қайсар қыз бір жыл Шымкентте жұмыс істеп, келер жылы Мәскеуге жол тартады. Өзі армандаған жоғары оқу орнына барғанда бір орынға 25 адам таласады. Бір сабақтан төмен баға алып қалғанына көңілі толмай ректорға арыз жазып, емтихан жауаптарын комиссияға қайта қаратып, ақырында оқуға түседі. Сол кездегі қуанышты, бақытты сәтті «тілмен айтып жеткізу мүмкін емес», дейді ол.

Алма Нұралықызы екінші курста оқып жүріп, демалысында Шымкентке  келсе, мұнда да Алматыдағы «желтоқсан оқиғасына» байланысты наразылық шарасы өтіп жатыр екен. Қай жерде болмасын белсенді жүретін ол, үйінде үндемей отыра алмайды. «Бұл өзі бөлек әңгіме. Мен туралы «Шымкенттік 8 қыздың желтоқсандағы ерлігі» атты мақала  бір кездері «Оңтүстік Қазақстан» газетіне де жарияланған», дейді ол қабағы түсіп. Соның салдарынан оқудан да, комсомолдан да қуылады. Бірақ, алған бетінен қайтпайтын қыз бір жылдан соң тағы да Мәскеуге барып, техникалық институттың ректорына кіріп, оқуын 3-курстан жалғастырады. Мұнда институттың асханасын жалға алып, таңғы 6-дан 8-ге дейін буфет ашады. Түске дейін сабағын оқып келіп, тағы бір сағат сауда жасайды. Кейін кешке келіп, түнгі онға дейін асханада сауда жүргізеді. Пысық қыз осылайша ақша табудың, оны жаратудың әдіс-тәсілін жас күнінде-ақ меңгеріпті. Одан кейін тігін машинкасын сатып алып, студенттерден тапсырыс та қабылдаған кездері болыпты. Ақыға диплом жұмысын жазады. Алғашқы күннен-ақ анасына сырға сатып алу үшін тапқан ақшасын жинай бастайды. Кейін оны каникулда ауылға қайтқан дос құрбысынан беріп жібереді.

          Осылайша ата-анасына салмақ салмай өз арбасын өзі сүйреген бойжеткен ауылға келген соң училищеге жұмысқа тұрады. Жалақысы жолақысынан артылмайтын бұл жұмыс оған ұнай қоймады. Тұрмысқа шыққан соң көп ұзамай ол жұмысты тастайды.  Жолдасы да сауданы ұнататын жан екен. Екеуінің ойы бір жерден шығып, қалай да жетістікке жетуді, шетел аралауды, бай болуды қиялдайды.

          Алма Нұралықызы сәбилі болып үйінде отырғанда «Мэри кей» фирмасының өкілін кезіктіріп, оның жұмысына қызығушылық танытады. «Ол кезде мұны желілік сауда түрі екенін білген жоқпын. Бірақ мені өзіне жұмысқа тартқан қыздың әдемілігі, адамдармен қарым-қатынасы керемет әсер қалдырды. Осы жұмысқа беріле кірістім. Жолдасым ол кезде жылжымайтын мүлік бойынша жұмыс істейтін. «Мэри кей» фирмасына жолдасым екеуміз де кірдік. Тауарды саттық, жарнама жасадық, адамдарды тарттық. Еліміздің бірнеше қаласында болдық. Кейін дәл осы фирмаға ұқсас француздың «Vision» компаниясында жұмыс істедік. Осы жерде табан аудармай 8 жыл тер төктік. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, шетелге де шықтық. Біраз жыл Ресейде тұрып келдік. Кейін елге келген соң неге біз француздардың бизнесін жүргізуіміз керек? Өзіміз неге ондай фирма ашпаймыз деп, білек сыбана іске  кірістік»,--дейді кейіпкеріміз.

          Өмірге осылайша «АсылАрманҚазақстан» компаниясы келеді. Иә, алғашында ақша болмай қиналады. Айына 20 пайызбен де қарыз алған күндері болыпты. Бұл кезде 10 жылдан кейін екінші перзенттері өмірге келгеніне бар-жоғы 40-ақ күн болған-ды. Жұмыс пен үйдің ортасында жүріп, бизнесті бастаған жас жұбайлар 100 мың теңге айналымға алғаш рет бір жылда қол жеткізеді. Міне, осы кездегі жас жұбайлардың қуанышында шек болмайды. Бақыттан бастары айналған олардың бизнесі осы кезден бастап жандана бастайды. «Мен бұл кездері айналамда не болып жатқанын білмейтін едім. Күні-түні жұмыс істейміз. Арасында өмірге перзент әкеліп те үлгеретінмін. Бірақ, мойындау керек, ұл-қыздарыма көңіл бөле алмай қалатын кездерім көп болатын. Сондықтан бала күтуші жалдадық. Балаларымыз біз жұмыстан келгенде ұйықтап қалатын. Жұмыстың арасында уақыт тауып келіп емізіп кететінмін. Менің еңбегімнің басым бөлігі оқу, оқу, тағы да оқу болды. Білімімді жетілдірумен жүрдім», дейді ол.

          Осылайша көп еңбектеніп білімін толықтыру арқылы бизнесін әрі қарай  жетілдіруді ойлайды. Сөйтіп, жиған-терген білімін, тәжірбиесін халыққа үйретіп,  тренинг сабақтар өткізуді, бизнес мектебін ашуды жоспарлайды. Жұртты бизнеске баулуды қолға алады. Бүгінде халыққа бал және омарташылық өнімдерінен, емдік шөптерден, өсімдік және эфир майларынан, табиғи минералдардан және құрылымдалған судан жасалған эксклюзивті жаңа жүйелі фитопрепараттар ұсынып қана қоймай, тренинг сабақтар да өткізіп тұрады.

Алма Арқабаева Қазақстанда желілік бизнесті ашқан алғашқы әйел ретінде дүниежүзіндегі 20 адамның тізіміне еніп отыр. Бизнестің бұл түрін әбден зерттеп, шыңына шыққан бизнестегі бикештің алар асуы әлі алда екені сөзсіз.

 

 

 

 

               

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ