Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Жастар саясаты жөнiндегi кеңестiң көшпелi отырысы өттi

Сәуір 14 / 2018

 

Кеше Шымкент қаласында ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі пленарлық отырысы өтті. ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова төрағалық еткен кеңестің жұмысына Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, еліміздегі жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар саясаты саласындағы сарапшылар қатысты.

 

– Бүгін біз жастарға қатысты екі маңызды мәселені қараймыз. Біріншісі – қазіргі қазақ жастарының құндылық пайымдары және олардың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы қалыптасуының негізгі аспектілері туралы. Екінші мәселе – жастар арасындағы мәдени демалыс уақытында көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру жайы. Жиынымыз ашық диалог форматында өтеді. Оңтүстік Қазақстан облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Бұдан бөлек, бұл өңірде тарихи ескерткіштер мен киелі географиялық нысандар да мол. Көрме барысында осыған куә болдық. Облыс бойынша 104 нысан бар екен. Сондықтан бүгінгі отырысымызда жастар арасында дәстүрлі құндылықтардың құнсыздану себебін анықтап, оларды шешудің жолдарын іздестіруіміз керек, – деді Мемлекеттік хатшы өзінің алғысөзінде.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасады. Ол елімізде жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін, тұлғалық қалыптасуы мен келешегі үшін барлық жағдай жасалып отырғанын атап өтті. «Десе де әлем күн сайын өзгеру үстінде. Жаңа дәуір, жаңа технологиялар, құндылықтармен қоса жаңа сынақтар да алдымызда тосып тұр. Одан сүрінбей өту үшін жастар қауымы рухани жаңғыруға, тың өзгерістерге бейім болуы керек. Ол өзгерістердің темірқазығы – Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы» деді министр.

Ал, облыс әкімі Ж.Түймебаев бүгінде қазақстандық жастар бейбіт өмірде, әлемнің кез келген мемлекетімен терезесі тең дәрежеде өмір сүріп жатқанын атап өтті.

«Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен Үндеулерінде жастарға айрықша көңіл бөліп келеді. Биылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жастарымызға серпін беріп қана қоймай, студент-жастардың кедергісіз білім алуына, сондай-ақ жатақхана мәселесі және болашақта өз кәсібімен айналысуға, баспаналы болуды да қарастырып өтті. Ал, біздегі жоғары оқу орындарында 7200-ден астам студент-жас тұратын 26 жатақхана бар. Соңғы екі жылда облыста екі мемлекеттік жоғары оқу орнында 1000 орынды жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Ал, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында студент-жастарымызға арналған тағы да екі жатақхананың құрылыс жұмыстарын бастау көзделіп отыр» деді өңір басшысы.

Облыс әкімі Шымкент қаласы аумағында ең үлкен «Қазақ жаңа инновациялық университет» салу жоспарланып отырғанын да атап өтті. Аталған білім ордасына 150 гектар жер бөлінген. Он мыңға жуық студент білім алатын инновациялық университетте барлық салалар қамтылып, студенттерге жатақхана, тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар салу қарастырылған.

Жиында екінші мәселе бойынша Мәдениет және спорт министрі мен «Жас Отан» жастар қанатының, «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағалары баяндама жасады.

Б.ДӘРІҚОЖА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ