Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Санаға сәулет түсірген

Сәуір 14 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Былтыр дәл осы уақытта Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы арқылы ел тұрғындарын рухани жаңаруға үндеп, көп жылдан бері көкейде жүрген мақсат-мұратымызды айқындап берді. 70 жыл бойы, одан қала берді тәуелсіздіктің елең-алаңында жоғалтыңқырап алған ұлттық құндылықтарымызды қайта оралтуға деген мұндай қадам – талайымыздың санамызға сәуле түсірген дүние болды.

Елбасы өз еңбегінде рухани жаңғырумызға аса қажет алты басымдықты атап өтті. Олар: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы. Осы басымдықтардың ішкі өзегі іспетті «Латын қарпіне көшу», «100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Туған жер» жобаларының қай-қайсысы болсын еліміздің жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігінің жаңа бастауы. Алайда, Елбасымыз айтқандай, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білуге тіреледі. Ал, ұлттық кодымызды сақтау кешелі-бүгін туындаған мәселе емес. Бұл Елбасының ата-бабадан қалған мирасты жолды жалғап, сын сағатында ұлтына қайта ұсынып отырған киелі дүниесі деуге болады.

Күні кеше «100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемнің гуманитарлық бағыттағы ең озық деген 18 туындысы қазақ тіліне аударылып, еліміздің барлық кітапханаларына жол тартты. Таныстырылымға арнайы келген Елбасы бұл игі бастаманың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Мақаладағы басым бағыттардың бірі – Қазақстанның киелі жерлер жобасы дер едік. Бұл ең алдымен рухани құндылықтарымызды жаңғыртумен қатар елдегі туризм кластерін дамытуға зор әсерін тигізбек. Сарапшы ғалымдар бүгінге дейін еліміздегі осындай 100 киелі орынды анықтап, қасиет тұнған тарихи-мәдени мұраларымызды бір жүйеге келтірді. Ал, Қазақстан халқының дауыс беруімен анықталған 100 жаңа есім ел дамуына зор үлес қосқан тұлғалардан іріктеліп алынды.

Біздіңше, рухани жаңғыру белгілі бір межемен шектелмей, үздіксіз жүзеге асып жатуы тиіс. Себебі, қазіргі ғылым мен технология аса жылдам қарқынмен дамып бара жатқан заманда ұлт ретінде рухымызды көтеріп, жаңарып, өркендеп отырмасқа лажымыз жоқ. Бір сәт мүлгіп кетсек, өркениет көшінен қалып кетеріміз анық. Сол үшін рухани жаңғыру да ұлт ретінде жаңғырып, экономикалық даму үрдісімен қатар жүруі керек. Ал, жаңғыру ісі бесжылдықтармен, онжылдықтармен өлшенбейтін дүние. Осы орайда жан-жағымызды ұлтшыл, елшіл, отаншыл жандар қаумалаған қоғам құра алсақ, онда рухани жаңғырғанымызды еліміздің әрбір азаматы өзі-ақ жан-тәнімен сезінер еді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ