Экономика 0 пікір 0 лайк

Сан сынақты еңсерген Сариева

Сәуір 14 / 2018

 

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Әркез мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғап, шыр-пыр боп жүретін Кәрима Сариеваның өзі де 2013 жылдан бері І топтағы мүгедек. Ауыр инсульт алған. Ішкі ағзаларына екі рет күрделі ота жасатты. Алайда, жай-күйім осындай екен деп еңсесі түсіп, қол қусырып қарап отырған Кәрима апай жоқ. Антикафе ашсам деп талаптанып жүр. Тігін цехын, массаж жасау кабинетін, түшпара асханасын ашып, тұрғындарға қызмет көрсетіп, бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тартсам деген мақсаты бар.

 

Өткен жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 1,5 миллион теңге грант ұтып алып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Арман» сауықтыру орталығын ашты. Сол күні төбесі көкке жеткендей қуанды. Табысқа кенелем деп емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың жаттығып, денсаулығын нығайтуына септігі тиетініне қуанды. Оларға тегін қызмет көрсетіледі. Әрі мұнда үш адам жұмыспен қамтылып отыр. Орталықта мүмкіндігі шектеулі жандар веложаттығу, механикалық жолақ, күшпен, серіппелі, пресс-жаттығу, зілтемір, басқа да құралдармен денелерін шынықтыра алады.

Тағдырға шара жоқ. Кәрима апай күйеуі қайтыс болған соң жылап, езіле бергеннен ештеңе өзгермейтінін түсініп, балаларын қатарынан кем қылмай жетілдіруге тас-түйін бекінді. Ұлдары ер жетіп, қыздары бой жетіп, өз теңдерін тауып, ананың көңілі жайланғандай болды. Бірақ, тағдырдың ауыр сынағы мұнымен бітпепті. Үйленіп, екі немере сыйлап, шаңырағын шаттыққа толтырып жүрген сүйікті ұлы 2013 жылы кісі қолынан қаза тапты. Бір жыл бұрын анасынан айрылғанда алғашқы инсультты алып, өз-өзіне енді келе бастаған Кәрима апайға бауыр еті баласын жоғалту ауыр соққы болды. Бұл жолы үш күн өлім мен өмірдің ортасында ес-түссіз жатты.

«Алғаш есімді жиып, көзімді ашқанда марқұм баламның ұлы мен қызын көріп, әдепкіде егіле жылағанмен, артынша өз-өзімді жинап, солар үшін өмір сүруім керек, солардың келешегі үшін жұмыс істеймін деген ой мені жігерлендірді. Намыстанып, аяғымнан тұрдым. Менің мүсәпір болуға қақым жоқ екенін түсіндім. Ашқан орталығымды немеремнің атымен «Арман» деп атағаным сол.

Енді антикафе ашсам талай салиқалы басқосулардың, мәнді-мазмұнды демалыстардың өтуіне мұрындық болар едім» дейді Кәрима апай.

Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеру үшін арнайы курстарды оқып, сертификаттарға ие болды. Өз еңбегінің арқасында жергілікті биліктің талай марапатына ие болды. Жігерлі әрекеттері еленіп, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жоғын жоқтап, құқығын талап етіп жүрген осындай қайсар әйелге сәттілік серік болсын дейміз.

Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ