Құрметті кенші

Сәуір 14 / 2018

 

Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Кентау қаласының қалыптасуына өзіндік үлес қосқан құрметті кеншінің бірі әрі бірегейі – Сақ Мәуленқұлов. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КОКП-ның ХХIV, ХХVI съездерінің делегаты, Еңбек Қызыл Ту, «Октябрь Революциясы» ордендерінің және егемен елдің «Отан» орденінің иегері, Кентау қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы ерен еңбегімен ел құрметіне бөленді.

Сақ Мәуленқұлов 1926 жылы Хантағы елді мекенінде дүниеге келген. 16 жасында Хантағы кен фабрикасына электр монтері болып жұмысқа орналасты. Бұл Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан 1942 жыл еді. Бозбала шағында тылда жүріп тынымсыз еңбек етті. Соғыс даласына қажетті, жауға қарсы атылатын оқ дайындау ісіне атсалысты.

Бұл кезде фабрикадағы жұмысшылар арасында қазақ балалары санаулы-ақ болатын. Ал, басшылық құрамда тіпті жоқ та еді. Қазақ балаларының да қабілетінің жоғары екендігін көрсеткісі келген кенші оқуға түсіп, арнайы маман болуды армандайды. Бұл мақсатқа 1944 жылы қол жеткізіп, Шымкенттегі тау-кен техникумына оқуға түседі. Оны 4 жыл оқып, бітірген соң Мырғалымсай кенішіне ауысым шебері болып қызметке орналасады. Кен өндіру ісінде қарқынды еңбек еткен кенші кейіннен Алматы қаласындағы тау-кен металлургия институтына оқуға түсіп, инженер мамандығын алып шығады. Содан туған топыраққа қайта оралып, бұрынғы қызметін мастер, маркшейдер болып жалғастырады. Ал, 1970 жылы Ащысай руднигіне бас инженер болып тағайындалды. Ол кезде комбинатта Логинов есімді азамат басшы болатын. Рудникте жұмысшы көп, жұмыстың қызып тұрған кезінде Логинов қатты науқастанып, қайтыс болады. Содан басшылық комбинат директорлығына Сақ Мәуленқұловты лайық деп тауыпты.

Сол сәтке дейін жеті ұлт өкілі басқарған комбинатқа қазақ баласы директор болған соң кадрлық жағдайға да қатты көңіл бөлінген. Қазақ балаларының жоғары білім алып, қызметке орналасуына да жағдай жасалған. Комбинатқа жүктелген жоспарлар мерзімінен бұрын орындалып, жоғары жақтың жиі-жиі мақтаулары мен алғыстарына бөленіп отырған. 40-тан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында бір атаның балаларындай тату-тәтті еңбек еткен.

Дәл осы жылдары Кентауда көптеген игі істер жүзеге асты. Құрылыс қарқынды жүріп, әлеуметтік нысандар комбинат есебінен бой көтерді. Қаладан тыс аймақтарда да кеншілердің демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында шипажайлар салынды. Осылайша білікті маман, кәсіби кенші, білгір басшы «Ащысайтүстіметалл» комбинатын 18 жыл бойы басқарып, абыройлы қызмет атқарды.

Сақ Мәуленқұлұлының ел үшін жасаған еңбектерін тек кентаулықтар ғана емес, көршілес Қызылорда облысының халқы да жоғары бағалайды. Бұл туралы зейнеткер, Шалқия қорғасын-мырыш кенішінің ардагері Сабырқан Тоқымов құрметті кеншімен қызметтес болған жылдарын былайша еске алады:

«Ол кезде Шалқия кен басқармасын Сақ Мәуленқұлов мырза басқаратын. Біздің кәсіпорын одақтық бағыныста болғандықтан, тікелей КСРО Металлургия министрлігінің құзырына кіретін. Алғашқы директивалық жоспарларда Шалқия қорғасын-мырыш кенішінің 1980 жылы басталған құрылысы 1991 жылдың аяғына таман толық бітіп, жылына қуаттық жобасы 3,0 млн. тонна кен өндіретін алып кешен болып іске қосылуы тиіс еді. Бірақ іс жүзінде себепті және себепсіз жағдайларға байланысты кешен толық іске қосылмауына орай, болашағы жоқ кеніштердің тізіміне еніп кеткен. Бұл жайсыз хабар Сәкеңе шұғыл түрде жетеді. Кеніштің мүшкіл жағдайын естіген соң Шымкенттен Мәскеуге ұшақпен ұшып барып, жиырма төрт сағаттың ішінде бар күш-жігерін жұмсап, кенішті болашағы бар кәсіпорындардың тізіміне ендірді».

Өмірінің соңғы жылдары Сақ Мәуленқұл- ұлы ұрпаққа ұлағатты өнеге көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттаумен айналысты. «Көп жас» атты еңбек жазып, қалың оқырманға ұсынды. Одан бөлек, үш бірдей кітаптың авторы атанды. Ол жинақтарға кеншінің өмір жолы мен өлеңдері, басқа да еңбектері топтастырылған.

Кентаулықтар туған жерін түлеткен ерен тұлғаның жерлесі екендіктерін мақтанышпен айтады.

Кентау қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ