Руханият 0 пікір 0 лайк

Қасыммен қоштасу

Сәуір 14 / 2018

 

(Бауырым туралы толғаныс)

 

Қайран өмір-ай десеңші?! Жақыныңнан айырылып, ағайын-туысың бір күннің ішінде қайғыға батса, оған не шара?..

Туған бауырым Қасым дүниеден өтіп, жан жүрегіміз қоса жұлынып кеткендей сезіндім. Бауырдан айырылу қандай қиын еді... Ізбасар інім кезек күтпей-ақ келместің кемесіне мінді... Жұмыр басты пендеге құрығын салмай қоймас ажал дегенің жан баласын таңдамайды да, талғамайды да екен. Ол пенденің дарынына да, қарымына да қарамайды. Өмір соқпағы тұйықталған сәтте тірілерді қайғының қара бұлтымен тұмшалап әкете береді. Енді, міне, аузын ашса жүрегі көрінетін, үлкенге іні, кішіге аға бола білген, кісілігі де, кішілігі де ерекше, дара ақжүректі ініден айырылып, қамығып қалған жайымыз бар...

«Өлмектің артынан өлмек жоқ» дейміз, амал нешік?! Бауырымды Жер-ананың қойнына табыстап, дұға бағыштадық...

Асыл затымды жоғалтқандай, дел-сал күйден арыла алмай Астанаға жолға шықтым. Артта ауылым, қыр басында төмпешік болып бауырым қалып барады... Көлікте келе жатып әнші Нұрлан Өнербаевтың көңіл толқынын дөп басқан қоңыр даусы елең еткізді. Құйқылжыта төгілген сыршыл ән менің айта алмай, ішімде тұншыққан ойларыммен үндестік тауып жатқандай...

 

Алыста аяулы қалды ауылым,

Аңсаумен күтеді ол да ұлын...

Қалдық-ау қапыда қоштаса алмай,

Мен сені сағындым,

жан бауы-ы-ры-ым...

 

Қасым бауырымның бойындағы ізгі қасиеттері, жарқын жүзі мәңгі естелікке айналып, бүгін, міне, жанымда жаңғырғандай... Қол бұлғап кеткен балалық шағымыз бұлдыр-бұлдыр елестеп, еріксіз көз алдыма орала береді...

Иә, Қасым екеуміз құлын-тайдай тебісіп, қатарласып тете өстік. Бір қызығы, екеуміздің мінезіміз екі түрлі еді. Ол батыл, өжет әрі ашық-жарқын да, мен ата-әженің баласы болған соң ба, ұялшақтау, тұйықтау едім. Ол сырттағы көрген-білген оқиғаларын дабырлап, еш бүкпесіз айтып келсе, мен, керісінше, басым жарылса да, үнсіз қалатынмын.

Бәрі күні кешегідей көз алдымда... Атам жол жүріп, қыдырып келсе, әдетіміз, базарлық күтеміз... Атам екеумізді бөліп-жармай, бір сыйлық әкелетін. Егіздің сыңарындай жүрсін дегені болар. Шынында егіз қозыдай едік-ау...

Ауылда Әбдәлім, Момын, Абай, Аппас, Әбжәли, Камал, Ләтіп, Дәду атты балалармен бірге қырға шығып қозы жаятынбыз, асық ойнайтынбыз. Қасым қозының қай үйдікі екенін бірден танитын. Інімнің малсақтығын байқаған атам «осы зоотехник болатын шығар» дейтін.

5-сыныпта Самарқанға саяхаттағанымда үйдегілердің бәріне сыйлық алдым. Оюмен өрнектелген, ағаштан жасалған қоңыр қаламды Қасым қолынан тастамай «мұндай қалам менде ғана бар» деп мақтанатын. Қаламды жоғалтып алғанында уайымдап, «қаламың барда жақсы екен, жоғалтқаның жаман екен» деп еді. Ақжарқын да ақжүрек інімнің бір адамның жақсылығын көрсе, соны бағалап, айтып жүретіні көңілімді көкке көтеретін.

Мен 3-сыныпты, Қасым 1-сыныпты бітіргенде «Орленок» пионер лагерінде Әлима әпкеміз, Әбдісалам, Пернехан, Әбділәзиз ағаларымызбен демалдық. Олар да мектеп оқушылары еді. Сол жолы інім екеуміз алғаш рет теннис ойнағанымызда кішкентайлығына қарамастан мені ұтып кетті. Оның туған күні де сол лагерьдегі күндерге дөп келді. Асханада туған күн иелеріне тәттілер таратыпты. Түс қайта торттың бір бөлшегі мен шоколадты маған алып келіп тұр! Інімнің бауырмалдығына шексіз риза болдым.

Әулетіміз республикаға белгілі мұғалімдер отбасы атанды. Сұлтан ата салған, әкеміз Әбдіқайым жалғастырған сара жолды әулеттің дені ұстанды. Техникаға құмар інім Шымкенттегі автомеханикалық техникумды бітірген соң Шұбардағы училищеде еңбек етті. «Бөржар», «Ордабасы» кеңшарларында диспетчер, гараж меңгерушісі, инженер қызметтерін абыроймен атқарды. Соңғы жылдары Ұялыжар ауылындағы «Мыңбала» балалар бақшасының шаруашылық меңгерушісі болды. Соңғы күндері «семинар өткіземіз» деп дайындық барысымен жарғақ құлағы жастыққа тимей жанталасып жүріпті. Семинар табысты өтіп, облыстық деңгейде жоғары бағаланыпты. Әттең, оған өзі қатыса алмады...

Адамдармен тез тіл табысатындықтан аудандық, облыстық мәслихатқа депутаттыққа сайлауға түсетіндер алдымен Қасымды іздейтін. Жұбайы Зәбира екеуі Дана, Нұрсұлтан, Айсара секілді үш перзент тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, сегіз немере сүйді.

Бақилыққа кетерінің алдында хабарласып, алғыс айтып, «ризамын, жасаған жақсылықтарыңды ұмытпаймын» деген еді. О дүниеге аттанар күні атамның досы, жылқышы Қойбақтың ұлы, сыныптасы Мұхтардың үйінде балалық шағын еске алып, «өмір деген тез өтіп кетеді екен» деп қайталай беріпті.

Иә, өлшеулі ғұмыр талбесікте сәби іңгәсімен тербеліп, елбесікте азамат болып ержетіп, мәңгілік Жер-бесігіне Адам қалпында кетті... Қимастық сезім қинағанымен, аз ғана өмірдің дәм-тұзының бітеріне ешкім араша бола алмайды екен...

Жатқан жерің жайлы да жарық болсын, бақұл бол, бауырым.

Әкім ЫСҚАҚ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ