Мұхтархан ауылына ат басын бұрса...

Сәуір 14 / 2018

 

Қазақ боксының жарық жұлдыздарының бірі Мұхтархан Ділдәбековті білмейтіндер кемде-кем. Даңқты спортшының жүлделері мен атақтарын тізіп отырсақ, бір мақалаға жүк болады. Сидней Олимпиадасы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған оғланмен күллі қазақ мақтанады. Жерлесіміз Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауыл округі, Абай елді мекенінде дүниеге келген.

 

Мұхтархан – «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Мақтаарал ауданының құрметті азаматы. Бүгінде Шымкент қаласында бокстан облыстық спорт мектебінің директоры.

Кезінде даңқты боксшыға ерлігіне лайық құрмет көрсетілді. Ағайын-туыстары да, облыс әкімі де, мықты демеушілер де жеңіл автокөліктерді сыйға тартты. Үкімет қомақты сыйақы берді.

Бүгінгі айтпағымыз, елге танымал сайыпқырандарымыз туып-өскен ауылдарына қамқорлық жасап, перзенттік парызын өтеп жүр ме? Елден естуімізше, Мұхтархан Ділдәбеков туған күніне орай жыл сайын үлкен көкпар береді. Көкпардағы салымдарына тігілетін жүлде қоры да қомақты көрінеді. Ұлттық спортқа қолдау көрсету де игі іс қой. Дегенмен, күрзі жұдырықты оғланымыз жыл сайын көкпарға жұмсайтын қаржысының бір бөлігін демеушілікке бөлсе қалай болады? Сөзін жерге тастамайтын жекжаттары мен дос-жарандарын, ауылдастары мен аудан басшыларын жұмылдырып, өзі білім алған Жамбыл атындағы орта мектептің жанынан спорт кешенін, футбол алаңдарын салып берсе ғанибет емес пе?!

Әрине, көкпар қазақтың ұлттық спортының бір түрі ғой. Бірақ, ол біраз уақыттан кейін елдің есінен шығып кетеді. Ал, спорт нысаны жұртқа қызмет етеді. Ендеше, неге Мақтаарал ауданында спорт кешенін ашып, онда Мұхтархан Ділдәбеков атындағы жарыстарды өткізбеске?! Неге ауылдағы жасөспірімдердің бойына Мұхтарханның ерлігін сіңірмейміз? Үлкен спорттан кеткелі бері даңқты жерлесімізді қазіргі мектеп оқушылары көп тани бермеуі де мүмкін ғой. Өйткені, батырымыз қазір Шымкентте тұрады. Ділдәбеков атындағы бокс турнирі де Шымкентте өткізіліп жүр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп ел перзенттерін туған жерді түлетуге шақырды. Демек, бұл мәселеде көп болып кеңесетін мәселелер аз емес. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Мұхтарханымызды Мақтаарал төрінде құрметтеп, игі істерге жұмылдырып, оның бастамаларына қолдау көрсету керек сияқты. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Құралбек СЫДЫҚОВ, зейнеткер-ұстаз. Мақтаарал ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ