Жасөспірімдер Махамбет аталарынан бата алды

Сәуір 14 / 2018

 

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Махамбет Сапарбаев атындағы жасөспірімдер арасындағы халықаралық жарыс мәреге жетті. Сайыстың ашылу салтанатында Махамбет ақсақал жас ізбасарларына сәттілік тілеп, «үлкен спорттағы қадамдарың жеңіспен өрілсін!» деп ақ батасын берді.

Дүбірлі сынды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Оңтүстік Қазақстан облысының футболдан олимпиада резервін даярлайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі аса жоғары деңгейде ұйымдастырды. Сонымен, бірнеше күнге созылған сайысқа еліміздің бірқатар облыстары мен көршілес елдерден жалпы саны 18 команда қатысты. Нәтижесінде бірінші орынды Қырғызстаннан келген «Дордой» командасының жасөспірімдері еншіледі. Екінші орынды ОҚО ОРДБЖСМ-нің өрендері жеңіп алса, қола жүлде Ақтөбеден келген командаға бұйырды. Жүлдегерлерге кубок, медаль және бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Жарыстың бас ұйымдастырушысы, футболдан ОҚО ОРДБЖСМ-нің директоры Ермек Дәрменов өңірде жас таланттардың іріктеліп жатқанын жеткізді. Бүгінде аталған спорт мектебінің түлектері «Ордабасы», «Қыран», «Мақтаарал» және өзге де кәсіби клубтарға қабылданған. Ал, биылдан бастап облыстық футбол мектебі екінші лигаға өз командасын қосып отыр. Танымал футболшы әрі бүгінде бапкерлікті қолға алған Олег Сабиров баптайтын команда Қазақстан біріншілігінде жанкүйерлерді қуантуға бел байлап отыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ