Шымкентте тұңғыш рет

Сәуір 14 / 2018

 

Шымкенттегі Бадам су қоймасында тұңғыш рет желкенді спорттан Қазақстан кубогы жолындағы бәсеке өтті. Жарысқа еліміздің бірнеше облысы мен көршілес Өзбекстаннан жалпы саны 60-тан астам спортшы қатысты. Олар бір аптаға созылған додада 9 медаль жиынтығын сарапқа салды.

 

Нәтижесінде командалық есепте бірінші орынды 442 ұпаймен Алматы облысының өрендері жеңіп алса, екінші орын 261 ұпай еншілеген Қапшағай спортшыларына бұйырды. Үшінші орынды 233 ұпаймен ОҚО құрамасы еншіледі. Жалпы, облысымыздың спортшылары 2 күміс пен 3 қола медальға иелік етті. Желкенді спорт өңірде енді қолға алынғанын ескерсек, бұл жап-жақсы көрсеткіш.

Қазақстан кубогі жолындағы бәсекені облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, ОҚО ескек есу және желкенді спорт қауымдастығы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Оңтүстік Қазақстан облыстық су спорты түрлері мектебінің директоры Денис Жарменовтің айтуынша, желкенді спорттың келешегі кемел.

– Біз өз базамызда желкенді спорттан бірінші рет республикалық сайысты өткізіп отырмыз. Оған еліміздің ең мықты спортшылары қатысты. Өзбекстаннан да келді. Қонақтар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бұған қуаныштымыз. ОҚО ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы ретінде менің мақсатым – Шымкентті су спортының орталығына айналдыру. Мықты ескекшілер мен желкен спортының үздіктерін даярлау, – дейді ол.

Ғ.ҚАДЫРБЕКҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ