Бiр күн де кешiгуге болмайды

Сәуір 12 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Облыс әкімінің төрағалығымен Сарыағаш ауданы Бірлік ауылдық округінде үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының басталуына орай семинар-кеңес өтті. Онда облыс әкімі Ж.Түймебаев фитосанитариялық шараның экономикалық-саяси мәнге ие екендігіне тоқталып, 25 күн ішінде зиянкестерді толық жойып біту керектігін мәлімдеді.

 

– Бүгінгі таңда 11 ауданда штаб құрылып отыр. Химиялық препараттар жеткілікті. Өңдеу жұмыстары жоспар бойынша атқарылады. Шегірткелер әр 45 күнде 1 жасқа толады. Тез көбейіп кетеді. Егістікке, жайылымға зияны орасан зор. Сондықтан зиянкестерге қарсы күресті бір күнге де кешіктірмеуіміз керек. Әсіресе, шегірткелердің өзге аймақтарға, тіпті көршілес республикаға өтіп кетуіне жол бермеуіміз қажет. Сол үшін аумақтық инспекция, аудан басшыларының зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу шарасын ұқыпты ұйымдастырып, алынған мәліметтерді күнделікті облыстық штабқа беріп отыруын тапсырамын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өңір басшысы жиын барысында фитосанитариялық тазалау жұмыстарына арналған техникалармен танысып шықты. Былтыр жүргізілген күрес шараларына қарамастан, шегірткелер қайта көбейіп, біраз аумақты бүлдіріп үлгерген. Биыл да осындай жағдайға тап болмаймыз ба деген облыс әкімінің алаңдаушылығына ОҚО аумақтық инспекциясының басшысы Н.Қашқынов жағдай бақылауда екендігін, былтырғыға қарағанда биылғы өңдеу жұмыстары 1,3 есеге азайғанын жеткізді. Өйткені, өткен жылғы химиялық күрес сәл де болса өз нәтижесін берсе, екіншіден, әр 8-9 жылда бас көтеріп отыратын Марокко шегірткесінің көбею қарқыны биылдан бастап төмендей бастайды екен. Аумақтық инспекция басшысының айтуынша, шегірткелердің былтыр тез көбейіп кеткендігінің себебі, ауа райы құрғақ болып, шөп ерте сарғайған. Соның салдарынан зиянкестер қорек іздеп, басқа аумақтарды жаулауға көшкен.

Н.Қашқыновтың мәлімдеуінше, биыл химиялық өңдеу жұмыстары 350 мың гектар алқапта жүргізілмек. Оның 60 пайызы жер үсті агрегаттарымен, қалғаны авиациямен өңделеді. Ал, Марокко шегірткесіне қарсы күрес шарасына 91 жер үсті бүріккіштері жұмылдырылмақ. Олар 184,4 мың гектар жерді залалсыздандыруы тиіс. Сондай-ақ, 6 дана АН-2 ұшағының көмегімен 137,6 мың гектар аумақта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Зиянкестермен күрес шарасын тиімді және сапалы жүргізу мақсатында және жағдайды бақылауда ұстап отыру үшін аудандар бойынша 50 инспектор мен 19 автокөлік бөлінбек. 350 мың гектарды химиялық өңдеуден өткізбес бұрын 1121 мың гектар алқап зерттелді. Бұл мақсатқа орай «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» тарапынан 128 анықтаушы және 83 қызметтік автокөлік жұмылдырылды. Бұған қосымша 3 айға уақытша жұмысқа 278 адам тартылып, 406 анықтаушы зерттеу жұмыстарына қатыстырылмақ. Бүгінде аудан, қалаларда 11 штаб құрылып, 43 су тасығыш техника мен пестицидтерді ерітуге қажетті 91 су көзі және пестицидтерді уақытша сақтайтын 12 қойма белгіленіп қойды. Сондай-ақ, 15 аэродром мен 37500 белгі-қазықтар дайындалды.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Бірлік ауыл округіндегі қайта жөнделген «Ақылбексай» су қоймасын іске қосты. Еуропа елдерінде 15-20 гектар жерге егілген жүзім алқаптарының жанынан шағын шарап зауыттарын аша беретінін айтқан өңір басшысы бізге де суармалы жер көлемін арттырып, жүзімдік алқаптарын көбейтіп, шарап зауыттарының санын өсіру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктеп, Сарыағаш ауданын дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленіп жатқанын, жуырда таныстырылатынын жеткізді.

«ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ОҚО филиалы бойынша директорының орынбасары Т.Молдағалиевтің айтуынша, «Ақылбексай» тоғанының сыйымдылығы 25 млн. текше метрге тең. 520 гектарды алып жатқан су қоймасы Бірлік ауылдық округіне қарасты 1600 гектар егістік алқабының суландыруын жақсартуға және суармалы егістік көлемін қосымша 2 мың гектарға ұлғайтуға арналған. Тоғанға су вегетациялық маусым аяқталған соң күзден көктемге дейін жиналады. 2014 жылы басталған құрылыс жұмыстарына 615 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл – облыста сыйымдылығы жөнінен Бөген, Қосқорғаннан кейінгі үшінші орын алатын шағын су қоймаларының бірі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ