Гагаринмен сұхбаттасқан қазақ

Сәуір 12 / 2018

 

Біз сөз еткелі отырған Қален Тоқмұхамедов – Байқоңыр ғарыш айлағының тұңғыш қадасын қағушылардың бірі. Сонау сұрапыл соғыс жылдары еріктілер қатарында майданға өзі сұранып кетеді. Ол уақытта Қален ата 19 жаста екен.

 

Қален атаның әкесі Құсайын 1895 жылы Сызған ауылына қарасты Алмалы деген ауылда туған екен. Қален білім алуға, ізденіп оқуға құмар болып өседі. Кейін 1941 жылы орта мектепті бітіріп, 1942 жылы қаңтарда өзі сұранып қатарластарынан қалмай майданға аттанады. 1941-1945 жылдары Батыс, Орталық, І және ІІ Белоруссия майдандарында қатардағы жауынгер, рота командирінің саяси жетекшісі, атқыштар полкінің комсоргі, батальон командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарады. 1945 жылы қаңтар айында Қален Құсайынұлын Смоленскідегі әскери-саяси училищеге оқуға жібереді. Оны 1946 жылы бітіріп келген соң Владивосток қаласындағы Тынық мұхит флоты инженерлік бөліміне саяси жетекшілікке жібереді. Ол жақта отбасылық жағдайы өте ауыр болады.

1951 жылы Ленинград қаласындағы М.И.Калинин атындағы жоғары әскери-педагогикалық институтқа оқуға түседі. Институт бітіріп келген соң Қызылорда облысы Төретам стансасына саяси бөлім лекторы болып қызметке орналасады. Осы жылдан бастап «Байқоңыр» ғарыш айлағының іргетасын қалап, аянбай тер төгіп, сайын даланың кеудесінде жаны барды қаталатқан шөлін, азынаған желін, бұрқасын боранын, дүлей дауылын көреді. 1978 жылға дейін абыройлы қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығады. «Қызыл Ту», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, 13 медальмен марапатталады.

«Академик Королев», «Академик Келдыш», «КСРО-ның ұшқыш-космонавты Ю.Гагарин», «Байқоңырдың ардагері», «Байқоңыр ғарыш айлағының негізін қалаушы», «Байқоңырдың құрметті негізін қалаушы» сияқты көптеген марапаттардың иегері атанады.

Қален атамыздың 2018 жылы «Үш қиян» баспасынан «Майдандағы 1001 тәулік» атты орыс тілінде басылған естелік кітабы шықты. Кітапта атамыз атақты ғарышкер Юрий Гагаринмен жүздескенін айтады.

1967 жылдың қазан айында космодром құрылысшыларына Қазан революциясының 50 жылдығы мерекесіне орай КСРО Жоғарғы Кеңесі, КСРО Министрлер Кеңесі мен КОКП Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туы табыс етілетін болып, сол салтанатты жиынға Юрий Гагарин келеді.

Кездесу кезінде ұжым жетекшісі Илья Гуров Гагаринге Қаленді таныстырып, екеуі емен-жарқын әңгімелеседі.

– «Міне, Юрий Алексеевич, танысыңыз, қазақ халқының ұлы, партия ұйымының хатшысы, осы өңірдің перзенті, сіз ғарышқа ұшқан жердің тумасы, – деп таныстырады Гуров.

– Танысқаныма қуаныштымын! Сіздің халқыңыз өте қонақжай, еңбексүйгіш, ақпейілді ел! Әлемдегі алғаш ғарыш әлемінің алтын ұясына айналған өңір! Өзіңіз Қазақстанның қай өңірінен боласыз? – деді.

– Оңтүстік Қазақстаннанмын.

– Тура өз туған жеріңізде екенсіз ғой!

– Иә солай,

– Қайда оқыдыңыз, біліміңіз қандай?

– Ленинградта оқыдым. Әскери жоғары оқу орны. Иә, солай біршама әңгімелестік» деп еске алады өз естелік кітабында.

1957 жылы 4 қазанда алғаш жердің жасанды серігі ұшырылып, артынша жерден тіршілік иесі ретінде ғарышқа «Лайка», «Белка», «Стрелка» сияқты иттер жіберілді. Биыл ит жылы екенін ескерсек, оған да 60 жыл уақыт болған екен. Қален атамыздың Байқоңырдағы қызмет еткен жылдары ішінде, нақтырақ 17 жыл ішінде 44 космонавт ұшқан екен, оның ішінде 3-еуі үш мәрте, 15-і екі мәрте ұшыпты.

Ұлты қазақ, туған жері Созақ деп көрсетілгендіктен, Қален ағамызға қысастықтар да аз болмаған көрінеді. Оған полковник шені де кешіктіріліп беріліпті. Ал, Хренов деген бір әріптесі Қален атамыздың 17 жыл ішінде алған атақ дәрежесін 4-ақ жылда алған...

Бейбіт өмірде академик Королев, Г.Титов, В.Шаталов, А.Леонов, А.Николаев, Т.Попович, В.Жәнібеков, В.Зудов, В.Рождественский сияқты космонавтармен кездесіп әңгімелеседі. Жарасымды отбасылық ғұмырында жұбайы Мағрипа Ескендірқызы екеуі Қасым, Қадір, Райхан атты үш перзент тәрбиелейді. Қасым мен Қадыр әскери салада қызмет етті. Бірі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде, екіншісі әскери қызметте. Қален атамыздың екі ұлымен бірге әскери қызметтегі өтілдері 100 жыл екен!

Біз білетін Қален Тоқмұхамедовтің қысқаша өмір жолы осылай өрбіпті. Ол қазақ ұлтының абыройын асқақ, Созақ елінің мәртебесін биік етті.

Ер есімі ел есінде сақталып, мектептер мен көшелерге есімі берілді. Алматыда да өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Ендігі кезекте сүйген жарының есімін өмір бойы қастерлеп келе жатқан Ескендірдей тұлпардың тұяғы Мағрипа апамызға мықты денсаулық тілейік. Бүгінде 100 жасқа қарай қадам басқан апамыздың еріне деген құрметі, еліне деген ыстық махаббаты, Отанына деген адал жүрегі кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі болатыны анық.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ. Созақ ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ