Шынболат РАЙХАНОВ, армрестлингтен әлем чемпионы: «Біз жанбасақ лапылдап»

Сәуір 12 / 2018

 

– Шынболат, әлем бүгінде Шардараны әуелі балығы, одан кейін өзің секілді қол күрес шеберлері арқылы таниды. Сол білекті жігіттердің көш басында өзің тұрасың. Спортқа келген сәтіңді, чемпион болу жолында еткен еңбектеріңді аз-кем әңгімелеп берсең.

– Ең алғаш спорт мектебінің табалдырығын 14 жасымда аттадым. Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Арман Қарсыбаев, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шеберлері Сейфулла Нұрхалықов, Нұржан Төреқұлов, Берік Тағабаев секілді ағаларыма еліктеп, солардың жолын қусам деген ниет болды. Адам бір мақсатқа жету үшін ең алдымен сол іске шын ынтамен кірісуі керек деп ойлаймын. Балалықты да, ойын-күлкіні де – бәрін-бәрін қалдырып, спортқа ден қойдым. Әрине, алғашқы кездерде қиналғаным рас. Бірақ, ондай сәттерде «осыған дағдылануым керек» деген оймен алға жылжи бердім. Рас, кейде спорттан қолды бір-ақ сілтеп кеткің келеді, бірақ, төзімділікті талап ететін саладан кетуге намыс жібермеді. Өзімді қайрадым. Ең бірінші рет әлем чемпионы тұғырына көтерілгенімде төгілген тердің текке кетпегенін түсіндім.

– Кез келген адам жоғары жетістікке қол жеткізіп, елдің назары өзіне ауғанда сол атақ-даңқты көтере алмай қалады. Әсіресе, жастар жағының «жұлдыз» ауруына ұшырап қалатыны жасырын емес. Әлемдегі барлық қарсыластарыңды жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілген кездерде қандай сезімде боласың?

– Ол әркімнің өскен ортасына, араласатын адамдарына байланысты. Қазір әлеуметтік желілер адамдардың тез танылуына әсер етеді. Оқырмандардың қолпаштауы кейде «жұлдыз» ауруына шалдықтыруы мүмкін. Ал, өзіме келер болсам, мен қарапайым отбасында тәрбиелендім, достарым да өзім секілді ауылдың қара домалақтары. Ұстаздарымыз бізді ең әуелі спорттан бұрын ізгілікке, кішіпейілділікке баулыды. Бір-бірімізге қарсылас емес, жанашыр болуға үйретті. Біз қол күресі арқылы өзімізді танытуды емес, ең алдымен шетелдерге мемлекетімізді танытуды, қол күресін дамытуды мақсат тұтамыз. Мәселен, чемпионаттарда өзге елден қарсыласымыздың кемшін тұстарын байқасақ, дереу ескертіп, білгенімізді үйретуге тырысамыз. Ресей, Оңтүстік Корея, Франция, Өзбекстан мемлекеттерінен жас спортшылар Шардараға арнайы келіп, бізден сабақ алады. Білектінің бәрі чемпион болуы мүмкін, бірақ, Алла абыройды өзіңнің асыл қасиеттеріңе қарап беретінін ұмытпаған жөн.

– Қарапайым қалпыңды сақтап қалу үшін не істеу керек деп ойлайсың?

– «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетіп, өзімізге жүктелген міндетті орындап, әр іске аса жауапкершілікпен қарасақ, нағыз адами болмысымыз қалыптасады дер едім.

– Қазақ «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дейді. Спорттағы жетістігіңе тәнті қыздар көп шығар. Ғашықтық хат жолдап, қоңырау соғатындар бар ма?

– Біреудің өзіңе, біреудің сөзіңе қызығатыны рас. Иә, жақын араласып, дос болғысы келетіндер көп. Бұрындары беймезгіл қоңырау соғатындар да бар еді. Аяулы жарымды жолықтырғаннан кейін оның бәрі қалды. Отбасын құрған соң оның жауапкершілігі болады. Ер азамат адалдықтың, сыйластықтың үлгісін көрсете білуі тиіс.

– Сен аз уақыт бұрын отау құрдың. Келіншегіңмен қалай таныстың? Гүлайым қандай қасиетімен жүрегіңді жаулап алды?

– Жан жарымды ағайындардың бірінің тойында көрдім. Ақылына көркі сай, жүзінен иманы төгіліп тұрған бойжеткенді бір көргеннен ұнаттым. Көп ұзамай қазақтың жөн-жоралғысымен үйімізге алып келдік.

– Спорт залына барудың орнына түнгі клубты, арзан ойын-күлкіні жөн санайтын қатарластарың жоқ емес. Ондай замандастарыңа не айтар едің?

– Біреуге ақыл айтып, жөнге салудан аулақпын. Тек белгілі ақынның «Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ?!» деген өлең жолдарымен сөзімді түйіндегім келеді.

Сұхбаттасқан Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ