Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Сағыздан басталған сыбыс расталған жоқ

Сәуір 11 / 2018

   Бүгін әлеуметтік желіде Шымкенттегі Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында оқушылар сағыздан уланып, ауруханаға түсті деген ақпарат тараған болатын. Ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу мақсатында бір топ БАҚ өкілі мен ата-аналар аталған мектепке барып, мән-жайға қанықты.

 

   Түсінгеніміздей, осы мектептің маңында белгісіз біреулер 4-сынып оқушыларына тақпақ айтқызып, тегін сағыз таратқан. Бірақ, дәл осы сағыздан кейін ешбір оқушы уланып немесе ауырып ауруханаға түспеген. Бәрі сабақтарын оқып жүр. Оны білім ұясына арнайы келген ата-аналар мен мектеп директоры және ұстаздар растады. Оқушылар да ауырмағандарын айтты.  Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева балалар үшін алаңдаған азаматтарға алғысын айта келе дәлелденбеген ақпаратты таратуға болмайтынын да ескертті.

 — Балалар жаппай ауырды деген ақпарат жалған. Өздеріңіз көргендей, оқушылар сабағын оқып жатыр. Ешкім ауруханаға түспеген. Жоқ жерден байбалам салу, жалған ақпарат тарату заң алдында жауапкершілікке тарттыруы мүмкін. Бірақ, «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, білім ұяларының бәрінде қадағалау күшейтіледі. Оқушылардың қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз, - деді.

   Әл-Фараби аудандық прокуратурасының кәмелеттік жасқа толмаған балалар ісі жөніндегі жауапты өкілі де ақпараттың расталмағанын жеткізді. Осы жиында ата-аналармен де, оқушылармен де сөйлестік. Бәрі бұл деректі жоққа шығарып, жел сөзге алданбау керектігін айтты.

«Оңтүстік» - ақпарат.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ