Экономика 0 пікір 1168 лайк

Қораптың қағазын дайындайтын жалғыз кәсiпорын

Сәуір 10 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Оңтүстік» индустриалды аймағында былтыр күзде ашылған «Бумпром» ЖШС-нің шығаратын өнімі – орама қағаз. Одан түрлі қораптар, қағаз қаптар дайындалады. Отыз адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорында жылына 4 мың тонна орама қағаз шығарылады. Жобаның жалпы құны 200 млн. теңгені құрайды. БАҚ өкілдеріне арнап ұйымдастырылған баспасөз турында журналистер осы өндіріс орнының жұмысымен танысты.

 

Мұнда өнім Қытай елінен 400 мың АҚШ долларына сатып әкелінген қондырғыда өндіріледі. Өндіріске қажетті шикізат – ескі, жарамайтын қағаздар, яғни макулатура. Ескі қағаздардың әрбір келісін кәсіпорын 40 теңгеден сатып алады. Зауыттан шыққан орама қағаздан өзіміздегі және Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы гофра цехтар қорап жасайды. Елімізде өндірілетін қағаз қораптардың шикізатын жалғыз кәсіпорын «Бумпром» ЖШС ғана дайындайды. Компания ішкі нарықты ғана емес, сонымен бірге, Қырғызстан елінің де нарығының бір бөлігін жауып отыр. Яғни өндірілген өнімнің 80 пайызы Қазақстанның өзінде сатылса, қалған 20 пайызы айыр қалпақты ағайындарға экспортталады.

Бұл кәсіпорынның маңыздылығы орама қағазға деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етеді, осылайша шетелдік өнімге деген мұқтаждықты азайтады. Кәсіпорын басшысының орынбасары С.Ташназаров компанияның алдағы жоспарларымен бөлісті. Келешекте мұнда қосымша жаңа қондырғылар қойылып, қара қағаз және өзге де тұрмысқа, құрылысқа қажетті бұйымдар шығарылмақ.

Дегенмен, компания шикізат мәселесінде біраз қиындықтарға тап болуда. Ол – макулатураның Өзбекстанға өткізілуіне қатысты проблема. «Көрші елмен шекара ашылғалы бері өзбек ағайындар бізден ескі қағаздарды қымбат бағаға сатып ала бастады. Макулатураның әр келісіне көршілес елдің кәсіпкерлері 70 теңге беріп отыр. Ал, біз одан қымбаттау етейін десек, кеткен шығындарымызды жаба алмай қалатын түріміз бар. Бұл жерде халықты кінәлай алмайсыз. Адам әрдайым өзіне тиімді жағын қалайды. Алайда, бұл мәселені заңдық тұрғыдан қарастырған жөн. Сондықтан әкімшілік тарапынан көмек сұраймыз. Өзбекстанға макулатураны өткізуге тыйым салатын жолдарды тезірек қарастыруымыз керек. Аймақтық кәсіпкерлер палатасына алаңдаушылығымызды білдірдік. Енді тек биліктен әрекет күтіп отырмыз» дейді С.Ташназаров.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Оңтүстік» индустриалды аймағында 85 кәсіпорын орналасқан. Олардың 51-і қазіргі уақытта нақты өнім шығарып жатыр. Биыл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны тағы үшеумен толықпақ. Индустриалды аймақтың кәсіпкерлерге ұсынатын жеңілдігі: біріншіден, жер телімі жалға өте арзан бағада берілсе, екіншіден, мемлекет тарапынан қажетті коммуникациялық-инфрақұрылымдық жүйелер кәсіпорын ғимаратына дейін тегін жүргізіледі. Сонымен бірге, коммуналдық төлемдер де анағұрлым төмен.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ