Руханият 0 пікір 0 лайк

Тарихқа терең үңiлсек...

Сәуір 10 / 2018

 

Еліміздің өткен тарихымен тығыз байланысты мұрағаттағы әрбір құжат құнды әрі қызықты. Бүгінде жастарымыздың тарихқа деген қызығушылығы артып, архив қызметін жиі пайдаланып жүргені бізді қуантады.

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві Ташкент қаласындағы Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне, Омбы облыстық мемлекеттік архивіне, Орынбор архивтеріне, сонымен қатар Өзбекстанның А.Науаи атындағы Ұлттық кітапханасына, Өзбекстан Республикасының Ғылым Академиясының іргелі кітапханасы және Беруни атындағы Шығыстану институты кітапханаларына іссапарлармен барып, тың деректер тауып, мұрағат қорын толықтыруда. Соның нәтижесінде 2017 жылы біздің ұжым құжаттар мен жинақтарды біріктіріп, «Түркістан өлкесіндегі оқу-ағарту ісі» және «Сырдария округіндегі тәркілеу науқанына қатысты құжаттар жинағы» атты кітаптар басып шығарды. Жинақ алуан түрлі материалдар негізінде топтастырылды. Бұл кітаптың басты мақсаты – төте араб әліпбиінде сақталған материалдарды жалпы оқырманға және қазақ халқының тарихына қызығушылық танытатын зерттеушілерге қолжетімді етіп ұсына отырып, өңіріміздің тарихын келешек ұрпаққа жан-жақты насихаттау.

«Түркістан өлкесіндегі оқу-ағарту ісі» жөніндегі жинақта Түркістан және далалық генерал-губернаторлықтарына қараған өлкелердегі халық ағарту қызметіне қатысты құжаттары, патшалық Ресейдің қазақ даласындағы қалалар мен ауылдарда оқу орындарын ашу жөніндегі бұйрықтары, статистикалық мәліметтердің түпнұсқалық көшірмелері берілген. Сондай-ақ, «Кеңестік кезіндегі оқу-ағарту ісі» (1917-1929 жж.) бөлімінде оқу-ағарту саласындағы Алаш қайраткерлерінің қызметтері, қоғамға қосқан үлестері туралы айтылады. Ал, «Сырдария округіндегі тәркілеу науқанына қатысты құжаттар жинағында» елде жүргізілген кәмпеске науқаны, 30-шы жылдардағы жүргізілген саяси науқанның бет-бейнесі қамтылған.

Тарихи мәні зор, келешек ұрпаққа аманат арқалатқан осынау кітаптардың ұлт руханиятына қосар үлесі мол болмақ.

Айдын ИСАТАЕВА, облыстық мемлекеттік архивтің басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ