Ол бүгінгі молдаларға ұқсамайтын

Сәуір 10 / 2018

 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде биылдан шыға бастаған «Менің әкем» деген айдар «газет оқудың заманы өтіп барады» деген ұғымның бір-ақ күнде тас-талқанын шығарды. Жұрттың көкейіндегі мәселені тауып беріп отырса, газет әлі де оқылады екен. Осы айдармен жарияланған Ханбибі Есенқарақызы мен Мархабат Байғұттың, Уәлибек Әбдірайымовтың мақалаларын оқыған соң «енді кім әкесі туралы жазады екен?» деп «Оңтүстік Қазақстанды» іздейтін болдым. Өзіме де «әкем туралы мен неге жазбаймын?!» деген ой келді. Қалай болғанда да әркімнің әкесі өзіне асқар тау емес пе?! Жас елуден асып, алпысқа тақағанда қолға қалам ұстап отырған жағдайымыздың себебі осы-ақ.

 

Қазір молда болудың бұрынғыдай қиындығы жоқ қой, менің әкем Ысқақ Абылайұлы кешегі кеңес өкіметі заманында-ақ есімі Түлкібас, Сайрам төңірегіне жақсы таныс молда болған адам. Молда болғанда да қандай молда болды десеңізші, Тәшкен, Бұқара медреселерін тауысқан өте ілімдар молда еді. Жылан шаққан, шаян шаққан, қарақұрт тиген адамды да, малды да бір-ақ оқып, аяққа тұрғызатын. Әкемнің ол қасиетін көргендер мен білетіндердің әлі көздері тірілері Сайрам, Түлкібаста жетіп, артылады.

Жарықтық, өте қасиетті кісі еді. Перзентті кеш сүйгендіктен бе әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір бізге өмірі айқайлап ұрысқан, жекірген кісі емес. Тек балалықпен кебісін киіп кетсек немесе өзі отыратын көрпешеге отырсақ түнде шошып оянатын. «Менің заттарымды пайдаланбасаңдаршы, қинап қойдыңдар ғой» деп кейитін. Біздің бір тірлігіміз ұнаса жүзі нұрланып сала беретін. «Дұрыс болды, дұрыс болды» дей беретін ондайда. Ұнамайтын тірлік істеп қалсақ «қайдам, шырағым...» деп қысқа қайыратын. Біреуге қатты ренжімеуге тырысатын. Әлдеқандай себептермен қатты ренжи қалған жағдайда да ұрыс-керіске бармайтын. «Құдайға салдым» деп қоя салатын.

Шай ішетін болса, өмірі шелекте тұрған суды алдырмайтын. Суды не бұлақтан, не құдықтан алдыртатын. Тамақтың тұзының кем болғанын дұрыс көруші еді. «Қалаған адам өзі тұз салып алады» деп отырушы еді.

Әкемнің әңгімесін естіп, уағызын тыңдауға Сайрам, Түлкібасты айтасыз, берісі Шымкенттен, әрісі Тәшкеннен адамдар ағылып келіп жататын. Танымайтын адамдардың құдайы қонақ болып келіп жатуы біздің үй үшін дағдылы жағдай еді.

«Ол бүгінгі молдаларға ұқсамайтын...» деп қалдым ғой, неге ұқсамайтынының себебін айтайын. Әкем жарықтықтың әңгімелері, уағыздары тек шариғаттан, Құран-хадистерден ғана тұрмайтын. Біз «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ләйлі-Мәжнүн», «Мұңлық-Зарлық» жырларымен мектепке дейін-ақ таныс едік. Мұның барлығын ең бірінші рет әкеміздің аузынан естігенбіз. Жалғыз батырлар жыры емес, әкем Күдері қожа мен Ұлбикенің айтысын да жатқа білетін. «Молдеке, көріп пе едің мұндай қарды, Астында қар, үстінде мұзы барды» дегенді үнемі ыңылдап айтып жүретін. Майлықожа мен Нартай ақындардың, Молда Мұсаның термелерімен де түгелге жуық таныс еді. Кенесары ханның қырғызды шапқанына байланысты туған жырды да жатқа айтатын.

Атса мылтық өтер ме,

Асылдан соққан перенге,

Жоғарыдан су ағар,

Жосынын тауып төменге, –

деп басталатын өлең жолдары күні бүгінге дейін құлағымда.

Бізге «Қыз Жібекті» жырлап берген соң, бала емеспіз бе, «ата, (әкемізді ата деуші едік) Қыз Жібектің ақтығын неге «Наурыздың ақша қарындай» дейді, наурызда қандай қар?» деп сұраймыз. «Балам, наурыздың қары ерекше ақ болады» деп үлкен адамдарға жауап бергендей жауап беретін. «Ата, ақ білектің шырайы неге айбалтаның сабындай?» деп тағы сұраймыз. Бұл сұрағымызға «айбалтаның сабы жіңішке болады» деген жауап аламыз. Жырдың әлдебір жеріне келген соң «бұлардың бәрі өмірде болған адамдар, енді осы марқұмдарға арнап бір Құран оқып қояйық» деп Базарбай мен Сырлыбайдың, Төлеген мен Қыз Жібектің рухтарына арнап Құран оқушы еді, жарықтық.

Жап-жақсы аңшы еді. Тіпті, Аңшылар одағына мүше де еді, билеті әлі сақтаулы. Аңды аулағанда шариғат жолын ұстанатын, халал-харамға қатты мән беретін. Мылтығын оқтағанда «бисмилла, Аллаһу акбар» деп оқтайтын. Себебін «атқан аңыңның жаны шығып кетсе де адал болады, жаны шықпаса бауыздап аласың» деп түсіндіретін. Қажетінен артық аң-құсты атпайтын.

Кенже ұлы мені 1961 жылы жасы алпысқа тақағанда көрген әкетайым Қоян жылы (1903 ж.) Сайрам селосында дүниеге келген. Негізі, ата жұрттары Бәйдібек ауданы, Қостұрадағы Теректі, Түлкібас ауданы, Қайыршақтыдағы Қарағашты ауылдары болғанын әңгімелеп отыратын.

Әкені жақсы көру бізге өз әкемізден ауысқан қасиет болуы керек. Әкем әкесі Абылай туралы «жарықтық, менің әкем дүниедегі ең ақылды да мейірбан, әңгімешіл, шаруасына мығым, келісті де келбетті, дәулеті өзіне жетерлік, төрт түлігі сай адам еді» деп сүйсіне естелік айтып отыратын. Соның әсері ме, біз де әкемізді өте жақсы көруші едік.

Әкеміз көбінде әкесінің әкесі Жандарбектің, яғни атасының бауырында өсіпті. Абылай атамыз бен Айымжан анамыздан Ысқақ, Сейілбек, Алтынбек, Ағабек, Күләндә, Гүлжаһан, Айкүл деген ұл-қыздар өрбіген. Абылай атамыздың туған інісі – Парман, оңтүстік өңіріне белгілі шабандоз болған. Әрине, ескінің көзін көрген бірлі-жарым адамдар ол кісінің мықтылығын, батырлығын әлі де жыр қылып айтады. Жандарбек бабамыз, Абылай мен Парман аталарымыз Қайыршақтыда тұрған кезде сол елде Құттыбай деген болыс болған екен. Бір күні Абылай атамызды Құттыбай болыс шақырып алып, «төрт ұлың да жігіт болып қалыпты, өзіңнің малыңның басы бар, менің малдарымды да қосып, балаларыңа бақтырайық, ақысын төлеймін» депті. Сонда Абылай атамыз:

– Болыс көке, менің балаларым сіздің малыңыз түгілі, өзінің де малын бақпайды, балаларымды Құдай қаласа, оқытамын, – деген екен.

«Тәшкенде медресе оқып жүргенде ақысын төлеп, бір байдың үйінде тұрдым. Әкем пәтерақыдан бөлек менің ас-суымды дайындап, кір-қоңымды жуатын сол жердің бір адамын қоса жалдады. Әлгі қызметшім маған «Сіз» деп сөйлейтін. – Молда Ысқақ, бүгін қандай тамақ ішесіз? – деп сұраушы еді, мен қалағанымды айтамын» деуші еді әкем. Кейін біз дүниеге келіп, кішкентай кезімізде шешеміз қыздарының үйіне қыдырып кетсе, әкеміз жарықтық «қарындарың ашты ма, құры шай не болады, мен сендерге «мәдрәсә сорпа» деген болады, соны істеп берейін, ол өте дәмді болады» деп өзі әп-сәтте ас әзірлеп беретін. Сол кезде 67-68-де кәдімгі сақалы бар шал болатын, оқуда жүргендегі ішкен тамағы болса керек.

«Медреседе оқып жүргенімде әкем «шырағым, Ысқақтай, ағайын арасында жиналып боза ішу, құмар ойнау көбейіңкіреп барады. Мен бір жақсы жер көрдім, тоғыз жолдың торабы, қыры киік, ойы балық, өзі күре жолдың бойы екен, Машат деген жердің жәннаты, Пәленше деген болыстың жері екен. Соны екі бәйгенің айғыры мен 100 саулық қойға саудасын да шығардым. Алла бұйыртса, сол жаққа көшейік» деді. Содан Абылай мен Парман ағайынды екеуі Машат өзенінің бойынан, шамада, қазіргі тілмен айтқанда, 15 гектардай жерді алып, көшіп келді. Кейін колхоздастыру кезінде өкімет малын да, жерін де кәмпескілеп, 50 үйге жер болды» деп айтып отыратын.

Шынында, Машат өңірі Абылай атамыз айтқандай қыры толған аң, Машат өзені толған балық болған екен. Әкеміз Ысқақ оқуын бітірген соң осы Машат өңірінде 60 жылдан астам имам болды.

Қазір ойласақ, ол кісі дін сауаты кемелінде болған, хадис, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеттерін жатқа білген адам екен ғой. Әкем хадистен әңгіме қозғағанда, Құран Кәрімнен үзінді айтқан кезде міндетті түрде арабшасын айтып, кейін тәржімалап, тәпсірмен айтушы еді. Ескіше шағатай тілінде оқыған мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді де жиі пайдаланатын. Өз мамандығын, дінді, шариғатты, ескі дәстүрді, ауыз әдебиеті, батырлар жыры сияқты атадан мұра болған жәдігерлерді өте жақсы көретін. Әкесі Абылай атамызды жиі-жиі еске алып, «айналайын, әкем, мені оқытқан. «Балам, осы оқуды оқысаң, екі дүниенің де шырағы боласың» деуші еді. Жәкем өзі оқымаған адам еді, бірақ оқыған, көзі ашық, ұста, іскерлермен араласып, оларды өзіне жақын тұтып жүргенді жақсы көретін» дейтін. Әкем жасы тоқсаннан асып, көзі көрмей қалғанның өзінде, аузынан тәубасы, шүкірі түспейтін. Жанарының сөнгенінде «бір пейілімнен болды ма екен, Алланың қалауы солай болған шығар» дейтін.

Әкем «сендер менің қандай әке-шешем бар еді, соларды көрмедіңдер-ау» деп арман қылатын. Екінші арманы – кенже ұлы менің алған жарым мен ұл-қыздарымның, яғни немерелерінің дидарын зағиптықтан көре алмады. «Көре алмадым-ау» деп соны арман қылушы еді.

Әкесінің әкесі Жандарбек бабамыздың көзін көрген, олардың ыстық ықыласына, шексіз мейіріміне бөленген әкетайым 1993 жылы 3 қазанда 91 жасқа қараған шағында бұл дүниеден шын дүниеге аттанды.

«Өзім оқыған оқуыма қоссам қостым, бірақ, бір әрпін де ұмытқан жоқпын» дейтін жарықтық.

Елдің құрметіне, ыстық ықыласына бөленген әкеме, оның әруағына бас иіп, тәу ететін көзін көргендер елде әлі жетерлік.

Ұлы Алланың хақ жолын ұстанған, ислам дініне шын берілген, адамзаттың құндылықтары мен ұлттық дәстүрді берік ұстанған әкешім ешкімді ренжітпей, мінезі көркем, жұмсақ, әулиедей болып есімізде қалды. Жаны жәннатта болсын, Алла жарылқасын!

Мұзрафша-Жаһангір АБЫЛАЕВ, ОҚО мүгедектерге арналған кешенді мамандандырылған спорт мектебінің директоры.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ