«Шәмшiнiң даусы шаңырағыма сiңіп қалған»

Сәуір 10 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Ән жанрының майталманы туралы ел ішінде аңызға бергісіз әңгімелер жетерлік. Ұлы композитордың көзін көрген, онымен кездесіп, дастарқандас болған кісілер арамызда әлі де аз емес. Солардың бірі – Икрам Төлеев.

 

– Өзім жастайымнан өнерге жақын өстім, әдебиетке әуестендім, ғылымға қызықтым. Содан болар өнер адамдары бас қосады дегенді құлағым шалса, сол жерден табылатынмын, – деп бастады кейіпкеріміз әңгімесін. – Қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов, орыстың атақты ақыны Евгений Евтушенко, академик Камал Ормантаев, профессор Төрегелді Шарманов сияқты атақты кісілермен кездесіп, пікірлестім. Соның ішінде Шәмші ағамызбен кездесуіміз маған ерекше әсер қалдырды. Ол кісімен алғаш рет өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары журналист Дәулет Исабековтің үйінде таныстым. Әндерін күн сайын радиодан еститін ағаның болмысын тәкаппар, паң деп ойлайтынмын. Көргенде қарапайымдылығына қайран қалдым. Әсіресе, бауырына тартып тұратын ағалық пейіліне тәнті болдым. Дастарқан басында өткен-кеткенді әңгімелеп отырдық. Бір кезде ағамыз «кел, інім, екеуміз ән салайық» дегені. Анау-мынау емес, Қалдаяқов қолқа салып тұрғанда тартынып қалғаным жарамас. Ол кісі көзді жұмып алды да, пианинода ойнай жөнелді. Екеуміз «Әкеме», «Ақ бантик» әндерін орындадық...

Ол кезде Шымкент қаласындағы бұрынғы №6 ауруханада дәрігермін. Шәмші аға сол ауруханада жүрек қызметін жақсарту мақсатында ем қабылдап жатқан. Бір күні кезекшіліктен шықтым да, ағаға сәлем бере кірдім. Дерті дендемесе де ауырған адамның қайбір көңіл-қошы болсын?! Ағамды аурухана төсегінде көргеніме көңіл құлазып қалды. «Бір сәт табиғат аясында тыныстап, қала аралап қайтсақ қайтеді?» деп едім, сөзге келместен келісе кетті. Екеуміз жүріп келе жатырмыз. Ауруханадан біраз жер алыстап кетіппіз. Әңгіме тиегі ағытылды. Қарашаның суығын елер емеспіз. Бір уақытта «ауа салқындау екен, көлігімде қалың шапаным бар еді» деді. Көлікке отырғасын біздің үйге қарай тарттық.

Келсек келіншегім жұмыста екен. 12-13 жасар қызым есік алдында секеңдеп ойнап жүр. Ағамыз төрге малдас құрып жайғасты да қабырғаға сүйеулі тұрған мандолинаға көзі түсті. «Қолыма ұстамағаныма да отыз жылдан астам уақыт өтіпті-ау» деген ағамыз мандолинаның құлағын бұрап отырды да, әдемі бір әуенді бастап кеп жіберді. Әнді ұйып тыңдап отырмын. Бойымды балқытқан әсем әуен үзілмесе екен деймін... «Бұл қандай әуен?» деген дауысқа селк ете қалдым. Музыкадан аздап болса да хабарым бар екенін біледі ғой. «Шетелдік әндерге келіңкірейді екен» дедім сенімсіздеу. Аға жауабыма риза болып, арқамнан қақты. Сол кездерде поляк композиторы «Огинскийдің полонезін» сүйіп тыңдаушы едім. Шәмші ағадан соны ойнап беруін өтіндім. Мандолинаның құлағын тағы бір бұрады да, дыбыстарын келтіріп, композитор Михаил Огинскийдің «Прощание с Родиной» немесе ел ішінде «Полонез» аталып кеткен композициясын орындай жөнелді. Пах, шіркін! Талант деп осыны айт! Далада ойнап жүрген қызым «радионың даусын қатты қойыңызшы» деп жүгіріп келіп, өз көзіне сенбеген күйі босағада тұрып қалыпты. Осылай отырғанымызда ауруханаға баратын уақыт та болып қалды. Шолпан жұмыстан келе сала ас әзірлеуге асықты. Ет қайнатуға уақыт тығыз, бір табақ қуырылған картопты алдына тарттық. Қонақты дұрыс күте алмадым деп қысылып жүрген келіншегіме ағамыз ақ батасын берді. Өзімен ала келген М.Әуезовтің «Абай жолы» романының бірінші томын сыйға тартып, қолтаңба қалдырды. Бұл 1990 жылдың 29 қарашасы болатын, – дейді Икрам аға өткен күнді еске алып.

Уақытқа шектеу бар ма?! «Бүгін ағама қарай жол тартамын» деп жүріп арада екі жыл уақыт өтіп кетеді. «Шәмші Қалдаяқов өмірден өтіпті» деген суық хабарды естігенде Икрам аға есеңгіреп қалыпты. Демалыста екені есінен шығып, ауруханаға жүгіреді. Мінбеден қаралы хабарды көпке естіртеді. «Қазақ өнеріне жаны ашитын, нағыз ұлтжанды азаматтар көздеріне жас алып, Шәмші туралы сыр шертістік» дейді күрсініп.

«Қазақ вальсінің королі» қолтаңба қалдырған кітапты Икрам ағаның отбасы бойтұмарындай қастерлейді. Ал, өзі «Шәмшінің даусы шаңырағыма сіңіп қалған» дегенді қайталаудан жалықпайды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ