Заң-заман 0 пікір 1131 лайк

Балмұздақ сатушылардың үстiнен қылмыстық iс қозғалды

Сәуір 03 / 2018

 

Иә, бұл мәселеге байланысты алыпқашпа әңгіме көп. Олардың саны 40-қа жетті десе, кейбір дерек бойынша алпыстан асып кеткен. Айта кетейік, уланғандардың барлығы балмұздақты қала орталығындағы бұрынғы «Южный» қонақүйінің қарсысында орналасқан құйылмалы балмұздақ сататын дүңгіршектен сатып алған. Алайда, көп уақыт өтпей олар өздерін нашар сезініп, іштері өтіп, қызулары көтеріліпті. Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, екі күнде емдеу мекемесіне түскендер саны 39-ға жеткен. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі мүлдем басқа мәліметтер келтіріп, мәлімдеме жасады.

 

ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Берік Шәріптің айтуына қарағанда, 29 наурыздан бастап 30-ына дейін 61 науқас шағымданған. Алдын ала диагноз бойынша, ол: жедел тамақ инфекциясы, ішек инфекциясы және тамақ токсикоинфекциясы. Жалпы, 61 адамның 20-сы үйге амбулаториялық ем алуға жіберілген. Ал, 41 науқас стационарлық ем алуда. Олардың 20-сы – бала. Министрліктің мәлімдеуінше, балмұздақ үйде жасалынған. Сөйтіп, санитарлық ережелер өрескел бұзылған. Қазір, осы жәйт бойынша арнайы құрылған комиссия тексеріс жүргізіп жатыр.

Осы оқиғадан кейін СЭС мамандары құйылмалы балмұздақ сататын дүңгіршекті жанындағы өзге сауда орындарымен қосып жапқан. Ал, балмұздақ сатушылардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мұнымен әл-Фараби ПБ-нің тергеушілері айналысуда…

«Оңтүстік»-ақпарат.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ