Заң-заман 0 пікір 0 лайк

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАҢЫЗ, КӘСІПКЕР!

Наурыз 30 / 2018

Ғабит САПАРБЕКОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».

   Жуырда Ресейдің Кемерово облысындағы ойын-сауық және сауда үйіндегі өрт 64 адамның өмірін жалмады. Жан түршігерлік оқиғадан  кейін Қазақстанда да өрт қауіпсіздігі мәселелері талқылана бастады.  Осыған байланысты Шымкент қаласы әкімдігінде де жиын өткізілді. Оған қаладағы ірі сауда орындары мен ойын-сауық отауларының басшылары қатысты.

   Жиында ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Бақытжан Запаров бірқатар кемшіліктерді жария етті. Оның айтуынша, облыста өрт қауіпсіздігіне толық сай емес сауда орындары бар.

 

— Жалпы ауданы 1500 шаршы метр және одан жоғары сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылып, жыл сайын тексеріледі. Облыста осындай 106 нысан есепке алынған. Соңғы 2 жылда 80 нысан тексерілді. Нәтижесінде 5 ірі ойын-сауық және сауда орталықтарының 4-еуі тексеріліп, оның біреуі ғана өрт қауіпсіздігіне сай болған. Қалған 3 орталықтан өрт қауіпсіздігіне қатысты 20 кемшілік анықталып, 177 мың теңге айыппұл салынды. 51 сауда орталықтарының 38-і тексеріліп, оның 8-інде ғана өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтағаны анықталды. Қалған 30 нысаннан 114 кемшілік анықталып, 1 млн. 221 мың теңге айыппұл салынды. Тексеруден өткен 38 базардың 2-еуі талапқа сай болып шықты. Қалған 36 нысаннан өрт қауіпсіздігіне қатысты 179 кемшілік табылып, 31 субъектіге 1 млн. 97 мың теңге әкімшілік шара қолданылды. Сәуір мен мамыр айларында жоспарлы тексерулер жүргізіледі. Өрттің алдын алу бағытында профилактикалық шаралар мен жаттығулар үнемі өткізіліп жатыр , - деді ол.

   Жалпы, 2013-2017 жылдары сауда және ойын-сауық орталықтары мен базарларды қосқанда 14 өрт тіркеліп, 1 млрд. 826 млн. 775 мың теңге шығын келген. Бір адам қайтыс болған. Өрттің екеуі сауда үйлерінде орын алса, 12 оқиға базарларда тіркеліпті.

Ал, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Мадияр Жақсыбаев кейбір ірі сауда орындарының басшылары өрт қауіпсіздігін сақтау жөніндегі департаменттің ұсыныстарына немқұрайлы қарайтынын  жеткізді.

— Біздің департамент жергілікті әкімдіктермен бірігіп, өрт қауіпсіздігін сақтау жөніндегі бейнероликтер әзірледі. Олар қала көшелеріндегі электронды бильбордтар арқылы көрсетіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, кинотеатрларда әрбір фильмнің алдында шағын жарнамалар мен анонстар беріледі. Осы сәтте өрт қауіпсіздігі туралы бейнероликті көрсетіп жіберуге болады ғой. Бұл ұсынысты кәсіпкерлерге айттық. Құлақ түретін емес. Кинотеатрлар ғана емес, ірі сауда орындары мен базарларда қоюға болатын аудио және бейнероликтеріміз бар. Алыңыздар. Тұрғындарды өрттен сақтандырыңыздар. Кемероводағы оқиғадан кейін облыстағы жоғары тәуекелді барлық сауда орындарын тексеру қажет деп ойлаймын. Оған кәсіпкерлер түсіністікпен қарап, бізге қолдау көрсетсе. өртке қарсы оқу-жаттығу жиындарын өткізуге дайынбыз, - деді ол.

    Жиынды жүргізіп отырған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов өрт қауіпсіздігі мәселесі басты назарда тұруы керектігін қадап айтты.

— Сіздер өздеріңізге тиесілі нысандарда келушілердің қауіпсіздігін сақтауға міндеттісіздер. Өртке қарсы дайындықты күшейткен жөн. Егер әкімдік немесе төтенше жағдайлар департаменті тарапынан көмек қажет болса айтыңыздар. Дәл қазір ұсыныстарыңызды тындауға әзірміз, - деген қала әкімінің орынбасары бірнеше кәсіпкерді орнынан тұрғызып, «өртке қарсы қауіпсіздік сақталған ба?» деп сұрақты төтесінен қойды.

  Жиында «Mega Planet» орталығының өкілі дабыл жүйесін алмастыру бойынша жұмыстар жоспарланғанын, қауіпсіздік шаралары сақталғанын айтты.  «Shymkent Plaza» орталығының өкілі өртке қарсы оқу-жаттығу жүргізілетінін, нысанның іші толық бақылауда әрі 180 камера бар екенін айтса, «Фиркан» сауда үйінің басшысы апатты жағдайдағы есіктер үнемі ашық тұратынын жеткізді. «Қырғы базардың» өкілі базарда 286 камера орнатылғанын, барлық қақпалар ашық тұрғанын мәлімдеді. Төтенше жағдайлар департаментінің басшылары әсіресе, сенанстар кезінде кинотеатрлардың есігі үнемі ашық тұрсын деген талаптарын жеткізді.

   Бірақ, осы жиынға қатысқан кейбір кәсіпкерлердің жүзінен мәселеге алаңдағаны байқалмады. Әдеттегі көп жиналыстардың біріне келгендей тезірек кетуге тырысқандары көрініп тұрды. «Тексеріп жатыр ғой, несін айта береміз?» деп күбірлескендерін де естідік. Дегенмен, апаттың салдарымен күрескеннен гөрі алдын алған маңыздырақ екенін қаперде ұстаған жөн-ау.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ