Елбасы В.Путинді сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Наурыз 20 / 2018

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге Ресей Федерациясының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Владимир Путинді Ресей Федерациясының Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудағы айқын жеңіс Владимир Путиннің өз елін дамытуға және оның ұлттық мүдделерін ілгерілету ісіне қосқан зор үлесін Ресей халқының тағы да жоғары бағалағанының дәлелі болып саналатынын атап өтті.

«Қазақстан екі ел халықтарының мүддесі үшін Ресеймен екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да байланыстарды кеңейту ісін жалғастыруды көздеп отыр.

Мен сенім мен өзара түсіністікке негізделген достығымызды қадірлеймін әрі оны жоғары бағалаймын. Біздің бірлескен жұмысымыз алдағы уақытта да көпқырлы ынтымақтастығымыздың барлық мәселелері бойынша Астана мен Мәскеудің табысты диалогының берік негізі болып қала беретініне сенімдімін» делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге зор денсаулық, амандық және жауапты мемлекеттік қызметте жаңа жетістіктер, ал, достас Ресей халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ