Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Наурыз Қазығұрттан басталады

Наурыз 20 / 2018

 

Биыл Наурыз мерекесін тойлау 21 наурызда Қазығұрт тауының бөктерінен бастау алады. Бұл жайында ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан мәлімдеді.

 

А.Темірханның айтуынша, Атбұлақ ауылындағы Қазығұрт тауының бөктерінде кемеге ұқсатып жасалған сахнада мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Тау бөктеріне қырық шақты киіз үй тігіліп, өнерпаздар ән мен биден шашу шашады. Қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар мен ұлттық тағамдар көрмесі өтеді. Талапкерлер ұлттық спорттық ойындардың түр-түріне қатысып, бақ сынайды. Халқымыздың салт-дәстүрін арқау еткен қойылымдар мен көріністер қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Сондай-ақ, 19-21 наурыз аралығында аудандар мен қалаларда «Жыл арқауы, жыл басы – Наурыз», «Қош келдің, әз Наурыз!», «100 кітап» атты мерекелік іс-шаралар, сурет көрмелері, жас ақындар айтысы, шеберлік сыныптары өтеді.

Шымкент қаласындағы Қошқарата өзенінің бастауында «Қошқарата сейілі» фестивалі ұйымдастырылса, шымкенттіктер мен қала қонақтары зообақтың ашылу салтанатына қатыса алады. 22 наурыз күні Наурыз алаңында «Наурыз көктем – Шымқала!» негізгі мерекелік шарасы өтеді. Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелік концерт отшашумен аяқталады. Осы күні ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. 23 наурызда Ұлыстың ұлы күніне орай кітап фестивалі мен «Наурыз» ақындар айтысы өтеді.

Жалпы, облыстық деңгейде ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараларға 100-ге жуық, ал, Шымкент қаласында өтетін мереке-думандарға 30-дан астам көркем-өнерпаздар ұжымы қатысады.

Ү.РЗУАНҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ