Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Шегiрткеден келер қауiп жоқ

Наурыз 20 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Аймақтық коммуникациялар қызметінде ОҚО аумақтық инспекциясының басшысы Н.Кашкенов брифинг өткізді. Онда шегірткеге қарсы биылғы күрес шаралары және аталмыш мекеменің жалпы жұмысы туралы айтылды.

 

Инспекция басшысының мәлімдеуінше, үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шараларын биыл 350 мың гектардан астам алқапқа жүргізу жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге аз. Дәріленетін жалпы аумақтың 340 мың гектардан астамы Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңделетін аймаққа жатады. Жоспар бойынша 202 184 гектарды жер үсті агрегаттарымен, 141 857 гектар аумақты авиациямен, 6 мың гектардан астам алқапты аспалы бүріккіштермен өңдеу көзделуде.

Марокко шегірткесіне қарсы алқаптарда жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының сапалы атқарылуын бақылауда ұстап отыру үшін және зиянкестермен күрес шараларын тиянақты ұйымдастыруға ОҚО аумақтық инспекциясы тарапынан аудандарда 19 жұмыс тобы құрылып, қосымша 48 инспектор мен 19 автокөлік бөлінбек.

Сонымен бірге, Марокко шегірткесіне қарсы алқаптарды дәрілеу шарасы барысында 1 миллион гектардан астам аумақта анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осы мақсатқа орай «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ ОҚО филиалынан 118 маман мен анықтаушы, 78 автокөлік бөлінбек. Ал, жергілікті аудан әкімдіктері тарапынан осынау науқанға байланысты 277 анықтаушы жұмылдырылып, 50 жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, өңірімізде облыс әкімінің 2018 жылғы 6 ақпандағы өкімімен аса қауіпті зиянды организмдермен күресті ұйымдастыратын және осыған орай жұмыстарды үйлестіріп, жүргізіп отыратын арнайы штаб құрылды. Штаб бүгінгі таңда өзіне қатысты міндеттерді атқаруға кірісіп кетті.

– Зиянкес шегірткелер сәуірдің 3-5 аралығында жердің үстіңгі қабатынан топырақтың бетіне шығып, біртіндеп өсе бастайды. Шегіртке 40-45 күнде қанаттанады. Міне, осы уақыт ішінде олардың көзін жойып үлгеру керек. Сондықтан да биылғы химиялық өңдеу жұмыстары сәуірдің 12-не басталып, бұл шара 25 күнге дейін жалғасады. Жалпы, Марокко шегірткесі әрбір 8-9 жылда көбейіп отырады. Келесі жылдан бастап бұл зиянкестердің көбею белсенділігі төмендей бастайды, – деді инспекция басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ