Елтайдағы «Салбурын»

Наурыз 20 / 2018

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін жер-жерде ұлттық мұраларды жаңғыртуға деген ықылас бұрынғыдан да арта түсті. Осы орайда облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының маусымдық мерекелерді ел арасына кеңінен насихаттауда. «Мизам – береке бастауы» , «Сақталушы еді сыбаға...» секілді іс- шаралар облыстың аудан-қалаларында аса қызықты өтті.

 

Ел ішінен жылқы ұстап, бәйгеге түскен, құс салып, тазы жүгірткен, сөйтіп атамұраны бүгінгі күнге жеткізген жандарды іздестірудеміз. Ақпан айында орталық қызметкерлері Түлкібас ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп «Салбурын мереке ғой саятшыға...» атты этнотанымдық шара ұйымдастырды. Іс-шараның ашылуына Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, орталық директоры Жәнібек Тағаев пен саятшы Мұхтар Атахан қатысты.

Бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жайында әңгімелер айтылып, тәжірибе жүзінде көрсетілді. Оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуенов пен саятшы Мұхтар Атахан өз кәсіптерінің қыр-сыры туралы мағлұмат берді.

Салбурынның мәні мынада екен. «Аң аулау маусымы кезінде аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегеді. Жақсы ат, қыран бүркіт, түзу мылтық – бәрі бірдей сайланады. Аңкөс аңшылар, бапкер құсбегілер, білгір саңлақ саятшылар, құралайды көзге атқан мергендер, елгезек атшы-қосшылар бас қосады. Кешкілік қос басына жиналады. Аңдар сойылып, табақ-табақ қара қуырдақ, ет тартылады. Аңшылар бір-бірімен құсбегілік тәжірибелерімен бөліседі. Ілгеріден келе жатқан мұндай саятшылықты қазақ «салбурын» деп атаған» дейді арнайы әдебиеттерде.

Салбурында алған аңды тең бөліп алады. Ал, ауылға келгенде «аңшыдан сыралғы, батырдан олжаны» дәмету салты бар. Аңға тура барып түскенін көрген сәтте құсбегі «Иә, сәт!», «Бере гөр, Тәңірім» деп ырымдап дауыстайды.

Саят кезінде қансоқтаны мөлшерлеп бермесе тойып жеген бүркіттің жемсауы майланады да, аңға ұшпай қояды. Ең жақсысы ұстаған түлкінің тілін жылыдай кесіп берсе, құс дәнігіп, түлкі ұстағыш болады. Жемсауы майланып кеткен бүркітке бөртпе беріп, ішін майдан арылтады. Саятта бір-екі кесек тоят (ет) кесіп берсе, құстың көңілі көтеріліп, тағы да аң ілуге шабыттанады. Қыран бүркіт қолға үйретіліп, оны саятқа алып шыққанда алғаш алған аңын: «Үйіріңмен үш тоғыз!» деп айтып, жерге үш рет ұрады да, жасы үлкен қағушының қанжығасына байлайды. Құсбегі қанжығаға аң байлағанда: «Қанжыға майлансын!» деп айтуы керек. Қанжығасына аң байлаған адам құсбегіге алғыс айтып, бата беріп, жолын жасаған. Ал, егер ұстаған аңды қанжығаға байлап үлгірмесе «көлденең өткен көк атты» аңшы олжасын қалап сұраса, сол жерде қолқасын орындауға міндетті.

Қыран бүркіт алғаш аң алғанда құсбегі бүркіті алған аңынан тойдыра жегізіп, өлген аңның қанын саусақпен іліп алып, құстың тұмсығына жағады. «Көзің көргіш, қырағы болсын!» деп айтып, көзіне де жағады. «Талмас қанат, ұшқыр қыран бол!» деп, қанат-құйрық қауырсындарына да қан жағылады. Бұл – «қандау» рәсімі. Елтай ауылында өткен «Салбурын» мерекесінде осындай барынша көне салттарды түгел қамтыдық дей аламыз. Бұл шараның құндылығы да осында болды.

Мырзабай ОМАРОВ, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ