Көкпаршылары жүректi, балуандары бiлектi

Наурыз 20 / 2018

 

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі республика бойынша 2017 жылдың «Жылдың үздік спорт ұйымы» атанып, арнайы марапатталды. Марапатты Астана қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тапсырды. Сол жиынға облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев пен аталған спорт мектебінің директоры Ғани Ахметбаев қатысып қайтты. Бұл – ұлттық спорт түрлерін ұлықтап отырған өңірге берілген әділ баға.

 

Былтыр облысымыздың 5 көкпаршысы Астана қаласында өткен көкпардан І әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында салым салып, әлем чемпиондары атанды. Атап айтсақ, ЭКСПО – 2017 мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған додада Бақтыбай Шырынқұлов, Темірхан Айтбаев, Нұржігіт Мырзабаев, Асланбек Сайдулла және Абылайхан Нышанбеков сынды арыстандай азаматтар жасындай жарқырады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 11 команда арасынан топ жарған өрендеріміз ат үстінде өжет елдің ұрпақтары екенін дәлелдеді. Жалпы, өңіріміздің көкпаршылары ересектер арасында 6 рет ел чемпионы атанса, жастар арасында 6 рет топ жарған. Азия чемпионы атанып, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында 2 рет бас жүлдені еншілеген.

Өткен жылы тоғызқұмалақшылар да тамаша нәтижеге қол жеткізді. Қыркүйек айында Астана қаласында өткен әлем чемпионатында Әсел Дәлиева 2 алтын, 1 күміс медаль еншілесе, Лина Каримова алтын жүлдеге ие болды. Карина «Ақ бидай» ойындарында да топ жарды. Ерлер арасында Серік Ақтаев шапшаң ойнаудан қарсылас шақ келтірмеді. Тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Салтанат Сапарбекова да талай байрақты бәсекелерде облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Өңіріміздің тоғызқұмалақ шеберлері әйелдер арасында өткен ҚР командалық чемпионатында бірінші орынға ие болды.

Бүгінде әлемдік деңгейде қарыштап дамып келе жатқан қазақ күресінен де мақтанарлық көрсеткіштер бар. Былтыр Астана қаласында өткен әлем чемпионатында Әділжан Ыстыбаев жеңімпаз атанса, жамбы атудан Айтбек Сарыбай «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында бірінші орынды олжалады. Құралайды көзге атқан тастүлек ұл 2017 жылдың ең үздік мергені атанып, «Алтын тұғыр» сыйлығымен марапатталды. ЭКСПО – 2017 көрмесі аясындағы халықаралық турнирде күміс медальды жеңіп алды. Сондай-ақ, жамбы атудан жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде Ералхан Айкөз чемпиондық тұғырға көтерілді.

Нағыз білектілердің білектісі тайталасқа түсетін аударыспақ спортынан Оңтүстік Қазақстан облысының жігіттері жарап тұр. Арыстандай айбатты Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров Азияның 3 дүркін чемпиондары атанып қана қоймай, «Алтын тұғыр» және «Алтын белбеу» сыйлықтарын да қанжығаға байлады. Түймебек Жұмалиев Азияның жеңімпазы болса, жас спортшы Сапархан Полат та елімізде қарсылас шыдатпай жүр.

Теңге ілуден «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында Ғалымжан Ізжанов чемпион болса, Мағжан Сапарбек жасөспірімдер және ересектер арасында Қазақстан чемпионатында қоржынға алтын жүлде салды. Құсбегіліктен Төлемырза Паң «Тұйғын» атты бүркітімен ел біріншілігінде жастар арасында жеңімпаз болды.

Міне, осы жарқын жеңістер ескеріліп, Оңтүстік Қазақстан облысының ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі республикада үздік атанып отыр. Спорт мектебінің директоры Ғани Ахметбаевтың айтуынша, ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы болмысымыз бен асқақ айбынымызды сақтап қаламыз.

– Жаһандану заманында ұлт болып қалу үшін салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды, ұлттық спорт түрлерін дамытқан жөн. Бұл бағытта елімізде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірімізде ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық жоғары. Спорт мектебі 2007 жылы ашылған. Мұнда көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, саят, бәйге, конкур, желіп шабу және асық ату секілді спорт түрлерінен үйірмелер бар. Бүгінде 7 саңлағымыз халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, 41-і ҚР спорт шебері нормативін орындады. Ұлттық құрама сапында 35 өреніміз өнер көрсетіп жүр. Былтыр мектеп спортшылары әлем чемпионаттарында 10 алтын, 1 күміс олжаласа, Азия чемпионатында 1 қола еншіледі. Қазақстан чемпионаттарында 49 алтын, 6 күміс, 23 қола медаль қоржынға түсті, – дейді Ғ.Ахметбаев.

Жыл сайын Наурыз мерекесіне орай орталық атшабарда ат спортынан сайыстар өтеді. Сол бәсекелерде ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебінің өрендері шеберліктерін көрсетеді. Биыл да осы үрдіс жалғасын тауып, 22 наурызда Шымкенттегі орталық атшабар тұлпарлар тұяғының дүбіріне бөленбек. Ұлыңыз рухты азамат болып өссін десеңіз, оны атқа мінгізіңіз. Ат үстіндегі қазақты ешбір қиындық мұқата алмайды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ