Экономика 0 пікір 0 лайк

Мұратәлі ұста

Наурыз 20 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Мұратәлі Көшкінбаев – ағаш ұстасы. Ағаш ұстасы болғанда, есік-терезе жасамайды, негізінен ұлттық бұйымдар мен музыкалық аспаптар жасайды. Бәйдібек ауданында туып-өскен ол бүгінде Шымкент қаласында тұрады.

 

Ұстаның шеберханасы өз үйінің ауласында орналасқан. Бар жұмысын сол жерде істейді. Шеберханасының ішіне енгенде бір байқағанымыз үнемі «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосы қосулы тұрады екен. Кәсібінен бөлек қорасында мал ұстап, күркетауық асырайды.

Мұратәлі аға ағаштан түйін түюді еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастапты. 1993 жылы Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжіне оқуға түсуге бел буады. Бала кездегі арманы оны «Безендіру» мамандығына оқуға түсуге, суретші болуға жетелейді. Алайда, қаладағы туыс ағасы оны жаңадан ашылған «Ағашты көркемдеп өңдеу» мамандығына құжат тапсыруға үгіттейді. 1997 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдап, қолына дипломын алады.

– Ол жылдары халықтың жағдайы қазіргідей емес еді. Мұндай өнерді түсінбейді. Базарда «ала сөмкені» арқалап, өзім жасаған бұйымдарымды сатып жүрдім. Бұл өнерім «қарнымды ашырғанмен, қадірімді қашырған жоқ». Кейін келе елдің, халықтың жағдайы оңалып, жұрттар осындай бұйымдарды іздей бастады. Өткеніне, тарихына, әдет-ғұрпына іздеу салды. Содан бері шығармашылығым жаңа белеске көтерілді, – дейді Мұратәлі Көшкінбаев.

Айтуынша, бұл ерекше өнер атасынан дарыпты. Атасы Ақбастау ауылына белгілі ағаш ұстасы болған екен. Соның қасында көмектесе жүріп, осы кәсіпті меңгерген. Кейіннен кәсіби білім алып, өнерін ұштаған.

– Оқуға түскен алғашқы жылдары мардымды ештеңе үйрене қоймадық. Бізден жоғары курста оқитын жігіттер қобыз жасайтын. Және онысын бізге көрсетпейді. Көрсетер болса біз үйреніп алып, оларды «нанынан» айырамыз ғой. Ол жылдары 1 қобыздың бағасы 10-15 мың теңгенің арасында еді. Ол ақшаға бір көлік сатып алуға болатын. Олар бізден жасырынып, жатақхананың төртінші қабатына шығып кетіп, терезелерін газетпен жауып алады. Сонда ағаш ойып, қобыз жасап шығарады. Төменгі курстар, біз қайтеміз?! Екі-үш бала бірігіп, арқан алып, жатақхананың шатырына шығамыз. Бір адам беліне арқанды байлап, терезенің ашық қалған тұсынан сығалайды. Қолымыз талып, шыдамай бара жатсақ жоғарыға белгі береміз. Олар жіппен тартып алады да, екінші жігіт төмен түсіп, сығалауды жалғастырады. Содан бәрі біткен соң көрген-түйгенімізді ортаға салып, қобыз жасап шығарамыз, – деп еске алады студент шағын кейіпкеріміз.

Ол қазіргі жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайға, қолдауға қызығады. «Шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?» деген сұраққа қарсы еместігін жеткізді.

Ұстаның айтуынша, бүгінде ең сұранысқа ие бұйым – ағаш астаулар. Одан кейін қымыз құятын саба, кесе, ожаулар өтімді екен. Тапсырыстан бөлек шығармашылық жұмыстармен де айналысады. Бізді «Жанайқай» деп аталатын композициясымен таныстырды. Философиялық толғаныстан туған туынды төрт жағынан қоршалған. Оны автор төрткүл әлем деп түсіндірді. Төрт қоршаудың ішінде Жерді бейнелейтін дөңгелек шар бар. Ортасында адамзаттың бет-әлпеті, одан сәл төменіректе Құдайға құлшылық етіп отырған адамның іс-әрекеті бейнеленген.

Айтпақшы, ұстаға алыс-жақын облыстардан да тапсырыс берушілер көп. Тіпті, мәскеулік кәсіпкер әйел бірнеше астау алып кетіпті. Астаулары Мәскеуде қазақы нақышта жасақталған дәмхана үшін керек болыпты.

Ұста бүгінде мұндай бұйымдарға халықтың көзқарасы ерекше екенін айтады. Жуырда бір әйел келіп, жұртта жоқ сандық істеп беруін өтініпті. Қазір ұста сол сандықты істеу үстінде. Жұмыс ойдағыдай аяқталып, сандық сәтті шықса, бұл оның ең қымбат бұйымы болмақ.

Мұратәлі ұста бүгінге дейін бірнеше көрмелерге, байқауларға қатысып, жүлделі орындарға да ие болған. Ұлттық өнерді дәріптеп, халықтың бай мұрасын сақтауға үлес қосып жүрген осындай азаматтарымыз көп болсын деп тілейміз. Бір қызығы, ұлттық өнерді насихаттап, салт-дәстүріміздің сақталуына үлес қосып жүрген азаматқа баспана Шымкенттегі «Дәстүр» көшесінен бұйырыпты...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ