Орталық Азия елдерi басшыларының байланысы жандана түстi

Наурыз 17 / 2018

 

«Орталық Азия елдері басшыларының байланысы жандана түсті. Бұл туралы Ақордада өтіп жатқан Орталық Азия елдері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Толықтай алғанда әлемдік тәжірибе өңірлік кооперацияның халыққа қызмет ететіндігін көрсетеді. Бұған қоса, соңғы уақытта елдеріміздің арасындағы саяси ынтымақтастықта айтарлықтай прогреске қол жеткізілгендігі қуантады. Біз сыртқы саясат ведомстволары басшыларының арасында бесжақты диалогқа қол қоя алдық. Бұл консультациялар диалогқа, күш біріктіруге ортақ ұмтылыстың бар екендігін көрсетті» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық еткен кезде Нью-Йоркте Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлерінің жиынға қатысқанын жоғары бағалады.

«Бұл өте жақсы қолдау болды және біз әр уақытта да бір-бірімізді қолдап, осылай жасауымыз қажет» деді ҚР Президенті.

Елбасы Орталық Азия елдерінің басшылары арасындағы байланыстар да жандана түскендігін баса айтты.

«Өткен жылдың наурызынан бір жылдың ішінде өңірдің барлық президенттері бір-бірімен кездесті. Өзбекстан көршілеріне қатысты ауқымды жұмыстарды атқарғанын баса атап өткім келеді. Шавкат Мирзиёев қысқа ғана уақыттың ішінде соңғы 20 жылда жинақталған проблемалардың тоңын жібітті. Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбековтің те үлесін атап өтпесем болмас. Ол келісімен күрмеулі мәселелер мен проблемаларды шешу үшін көршілерімен байланыстарды жандандырды» деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның ағымдағы жылдың маусымында Душанбеде су ресурстарын тұрақты дамытуға қатысты халықаралық деңгейде конференция өткізу ниетін жоғары бағалады. «Ағымдағы жылы Аралды құтқару халықаралық қорының құрылғанына 20 жыл толады. Бұл тұрғыда Түркіменстан президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедовтің осы жылдың тамыз айында Арал қорының құрылтайшы мемлекеттер басшыларының мерейтойлық саммитін өткізу жоспарын қолдаймыз» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, кеңеске Қырғызстан Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан Меджлис төрайымы Акджа Нурбердыева ханым қатысты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ