Экономика 0 пікір 0 лайк

Наурызға жаңа өнім

Наурыз 17 / 2018

 

«Ордабасы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күркетауық етінен өндіретін «Дәмді ет» фирмалық тауарлары бүгінде шетелдің кез келген өнімімен бәсекелесе алады.

 

Күркетауық етінен 40-қа жуық өнім өндіретін бұл кәсіпорын жуырда қыз-келіншектер мерекесіне орай фирмалық тауардың жаңа түрін сатылымға шығарды.

– Күркетауықтың сан еті, жамбас, қанаты мен шынтақ және иық бөліктерінен тұратын 4 түрлі жаңа өнім сатылымға шықты. Яғни, бұл жартылай дайын өнім жұмысбасты қыз-келіншектерге өте қолайлы. Тұзы мен дәмдеуіштері қосылған аталған өнімдер 180 градустық температурада 45 минутта дайын болады. Арнайы пакетке оралған бұл өнімнің 2-3 жерінен тесіп пешке салса болғаны, – дейді «Ордабасы құс» ЖШС сою бөлімінің басшысы Бахтияр Жұмаханов.

Сондай-ақ, компания қызметкерлері Наурыз мерекесіне орай асылған етке (бесбармақ) арналған жиынтық дайындау үстінде. «Оңтүстік», «Ордабасы», «Приморские» деп аталатын үш түрлі жиынтықтың бірінде күркетауықтың сан еті мен жамбасы және қазы болса, екіншісіне шұжық та араластырылады. Енді бірі сүрленген еттерден дайындалады. Бұл өнім түрі таяу күндері сатылымға шығады. Бөлім басшысы соңғы кездері мұндағы өнім атауларының барлығы да қазақыланғанын, әсіресе, осындағы елді мекен атауларына басымдық беріліп жатқанын айтады. Олардың қатарында «Қайнар», «Бадам», «Саяхат» деген атаулар да бар. Кәсіпорын тұтынушыларға өнімді шикізат күйінше емес, барынша сапалы етіп, терең өңдеуге күш салып отыр.

Н.САЙЛАУҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ