Экономика 0 пікір 0 лайк

Банктен комиссия төлемдерiн қайтарып ала аласыз...

Наурыз 17 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Жасыратын несі бар, біз несие ресімдегенде банктен ақша алғанша асығып, ондағы келісімшарт мәтініне жете көз жүгірте бермейміз. Бума-бума қағазды алдымызға әкеліп қойғанда тезірек теңгеге қол жеткізуді ғана ойлап, әр бетіне шиырып тұрып қол қойып береміз. Несие аларда келісімшартпен танысып, менеджердің оны тәптіштеп түсіндіруін, егер талаптарына келіспесек, басқа банкке жүгінуді ойлайтындар аз, өте аз...

 

Жуырда шымкенттік Е.О. есімді азамат Әл-Фараби аудандық сотына шағымданады. Ол өзінің арызында «Казкоммерцбанктен» несиеге 6 млн. 800 мың теңге алғанын, кейін банкке оның ай сайынғы тиісті төлемақысынан бөлек 6800 теңгені «несиеге қызмет көрсеткені үшін комиссияға» төлеп отырғанын айтады. Одан соң банктің бұл комиссия түрін заңсыз алғанын, осы уақытқа дейін төлеген 579 613 теңгені өндіріп беруін сұрайды. Сот талапкердің арызын қанағаттандырып, аталған соманы өндіруге шешім шығарды.

Бұдан байқағанымыз, жеке тұлғаның екінші деңгейлі банктен несие алғанда комиссия үшін төлемақы жасауы заңсыз болып шықты. Осыдан кейін мұны неге банк менеджерлері жасырып келген деген сауал туындайды. Расында да, бүгінде банктен несие алған жеке тұлғалар пайыздық өтемақыдан бөлек «комиссия үшін» деп те банкке қыруар қаржыны заңсыз құйып отыр екен. Сөйтіп, талай жан банкке алданып қалған. Бірақ олар да қу. Банкпен келісімшартқа өзіңіз қол қойғансыз деген уәжді алға тартады. Иә, қол қойған...

Бірақ, оны қайта өндіріп алуға әлі де кеш емес екен. Бұл туралы біз тиісті мамандардан сұрап білдік.

Мұндай деректердің көп екенін облыстық соттың судьясы Тамара Смайылова да растайды. «Бұл мәселе 2014 жылдың 17 шілдесінде ҚР Ұлттық банкі тарапынан екінші деңгейлі банктерге жолданған хаттан басталған. Онда «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметтері туралы» Заңының 30-бабының 1-тармағына сүйеніп, екінші деңгейлі банктердің қарызға шот жүргізгені үшін алынатын комиссияның заңсыз және оны тоқтату керектігі айтылған. Комиссиялар-ды қарыз алушыға кері қайтару бойынша шаралар қабылдау да қарастырылған. Біз тиісті заңдарды ескере отырып, бүгінде несие алушының төлем кестесінде көрсетілген «қарыз шотының қызметі үшін» және «қарызға қызмет көрсеткені үшін комиссия» төлемдерін заңсыз деп тауып отырмыз. Сөйтіп, мұндай төлем жасағандар банктен өз ақшаларын сот арқылы қайтарып алып жатыр» дейді облыстық соттың судьясы.

Ал, ҚР Ұлттық банкі республикалық мемлекеттік мекемесінің ОҚО бойынша филиалының бас маманы Гүлжан Маханова мұндай келеңсіздіктердің барлығы да халықтың қаржылық сауатының төмендігінен туындап отырғанын айтады. Яғни, азаматтар банкке жүгінгенде өздерінің құқықтарын толық білуі, келісімшартпен танысуы тиіс еді.

«ҚР Ұлттық банкі 2016 жылдың 1 шілдесінде банктер тарапынан жеке тұлғаларға берілетін қарыз кезінде жылдық сыйақы мөлшерін есептеу барысында банктің қызметі үшін төленетін комиссиялар мен өзге де төлемдерінің тізбесін бекіткен. Яғни, екінші деңгейлі банктер аталған уақыттан бері қарай ҚР Ұлттық банкі бекіткен тізбе бойынша ғана жеке тұлғалармен келісімшарт түзуге міндетті. Осы уақыттан бері қарай аталған тізбеден бөлек комиссия түрін ұсынған екінші деңгейлі банктердің әрекетіне шағым түссе, шара қолданылады. Ал, одан бұрынғысына шағым түсірушілер сотқа жүгінуге құқылы» дейді Гүлжан Асанқызы.

Біз тұрғындарға түсінікті болу үшін төменде ҚР Ұлттық банкі бекіткен тиісті комиссия тізімін ұсынбақпыз. Олар:

1. Қарыз, микрокредит алуға өтініш пен құжаттарды қарау үшін;

2. Қарыз, микрокредит ұйымдастыру үшін;

3. Қарыз, микрокредит беру үшін;

4. Қарызға қызмет көрсетуге байланысты ағымдағы шоттарды ашу және жүргізу үшін;

5. Берілген қарыздың, микрокредиттің талаптарын өзгерту үшін комиссиялар; (өтеу кестесін, қарыздың, микрокредиттің валютасын, сыйақы мөлшерлемесін, қарызды, микрокредитті өтеу әдістерін);

6. Қарыз алушының, кепілгердің бастамасы бойынша талаптардың өзгеруі.

Демек, сіздің несие төлемақысы кестеңізде банк тарапынан комиссия түрі осылай жазылғанда ғана заңды болмақ. Егер басқалай аталса, ол заңсыз болып есептеледі.

Ендеше өзіміз жиі бетпе-бет келіп жүрген «қарыз шотының қызметі үшін» және «қарызға қызмет көрсеткені үшін комиссия» деп аталатын төлем түрлері заңсыз екеніне көзіміз жетті. Сіз де үйіңіздегі банкпен келісімшартыңызды, төлемақы кестесіне бір үңіліп қойғаныңыз абзал. Егер біз айтып өткен комиссия түрлеріне ақы төлеп отырсаңыз, берген ақшаңызды сот арқылы өндіріп алуға мүмкіндігіңіз бар.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ