Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Жауапкершілік жүгі ауыр

Наурыз 17 / 2018

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында алды­­мызға нақты міндеттер қойылды. Соның бірі – барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын көтеру. Зор өкілеттілікке ие болған шенділер енді мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби дең­гейімен ерек­шеленуі тиіс.

 

Қазіргі таңда қызметінің қыр-сырын жетік меңгеріп, ілкімді істерімен, адамдық болмысымен әріптестер арасында құрметке бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Түрлі қылмыстарды ашып, қызмет көрсету аумағында тәртіп пен тыныштықтың сақталуына Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының тыңдаушыларының да қосқан үлесі зор.

Оқу кезеңінде тыңдаушылар құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді, арнайы тактиканы, атыс даярлығын, жауынгерлік күрес тәсілдерін оқып үйренеді. Бүгінде оқу орталығы мен облыстық ішкі істер департаментінің арнайы даярлық басқармасының қызметкерлері тыңдаушыларға қылмыскерлерді ұстау, күдіктілерді тінту, арнайы қорғаныс құралдарымен жұмыс істеу, атыс жаттығуларын жетілдіру бойынша тиімді сабақтар өтуде. Мұндай сабақтар болашақ офицерлердің алдағы қызметінде қылмысты аша білуіне, ел қорғанысын нығайтуына және бастысы, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен септігін тигізбек.

Елбасымыз әр Жолдауларында қауіпсіздік мәселесіне жиі тоқ­талады. Осыған байланысты болашақ полиция қызметкерлеріне дәрістер өткізіліп, олардың бойына ұлттық рух пен отаншылдық қасиеттерді қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, әрбір адам отбасында алған тәрбиесі, көрген үлгісіне сай өмір сүреді. Біздің түлектер батыр Бауыржан Момышұлының атын иемденген оқу орталығында алған білімдерін тәжірибемен ұштастырып, біліктілі­гі­мен көзге түсуге тырысады. Сондықтан сапалы білім, өнегелі тәр­бие беруде педагогтарға үлкен жауапкершілік жүктелген. Мұндай жауап­кершілікті оқу орталығының ұстаздар ұжымы абыроймен атқаруда.

Ж.КӨБЕЕВ, Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының аға оқытушысы, полиция майоры.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ